Мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 кандидат өтті

Жарияланды (жаңартылды )
Бүгін ҚХА мүшелері дауыс берді

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясында Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялады, деп хабарлады ҚХА баспасөз қызметі.

11 қаңтар күні Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған ҚХА мүшелері ҚХА Кеңесі Парламент мәжілісіне депутаттыққа ұсынған кандидаттарға дауыс берді.  Ассамблея тарапынан  тоғыз кандидат ұсынылған:

1. АБДРАХМАНОВ Сауытбек Абдрахманұлы – VІ шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты, ҚХА мүшесі.
2. АМИРХАНЯН Аветик Рубенович – Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.
3. БУЛАРОВ Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбе селолық округінің әкімі.
4. ДЕМЕНТЬЕВА Наталья Григорьевна – Көкшетау облыстық білім бөлімі «Техникалық лицей» КММ директоры.
5. ЛИ Юрий Виссарионович – «Қазақстан коллекторларының ұлттық палатасы» төрағасы, ҚХА кәсіпкерлер ассоциациясының мүшесі.
6. НАБИЕВ Вакиль Гусейнович – «Күрдтердің «Барбанг» ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚХА мүшесі.
7. ОСИН Шамиль Абзалетдинович – «Шығыс» фермерлік шаруашылығының жетекшісі, ҚХА мүшесі.
8. ТОХТАСУНОВ Владимир Имтахунович – «Жетісуоблгаз» ЖШС бас директоры.
9. ХАМЕДОВ Абилфас Муслимович – «Әзербайжандықтар ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.

«Бұл үлкен сайлау болды. Сайлауда «Нұр Отан» партиясы да жеңіске жетіп, халықтың сеніміне бөленді. Сондықтан алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Ал бүгін мінеки, біз Конституциямыз бойынша ҚХА атынан сайланатын 9 кандидатқа дауыс бердік»,- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  кандидаттарға дауыс беру барысында.

Дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны – 351 адам. Мәжіліс депутаты кандидаттар үшін берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абдрахманов – 298, Аветик Амирханян – 270, Ильяс Буларов – 274, Наталья Дементьева – 292, Юрий Ли – 282, Вакиль Набиев – 285, Шамиль Осин – 271, Владимир Тохтасунов – 277, Абилфас Хамедов 290 дауысқа ие болды.

Дауыс беру нәтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мәжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мәжіліс депутаттарын сайлау 2007 жылы Конституцияға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін басталды. Сол жылдан бері Парламенттің төменгі палатасындағы 98 депутатты партиялық тізім бойынша жалпы сайлауда  сайланса, қалған тоғызын  ҚХА кеңесінің мүшелері сайлайды.

Айта кетейік, партиялық тізім бойынша Парламент мәжілісі, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтті.

Ел бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 63,3%-ы сайлауға қатысқан. 10 қаңтар кұні  кешке дауыс санау басталды.

«Қоғамдық пікір» зерттеу институты жариялаған еxit poll нәтижесіне сәйкес, мәжіліс депутаттары сайлауында сайлаушылардың 71,97% даусын иеленген Nur Otan партиясы көш бастап тұр. Ал «Ақ жол» партиясы сайлау қорытындысы бойынша екінші орында, бұл партия сайлаушылардың 10,18% даусын алуы мүмкін. Қазақстанның Халық партиясы сайлаушылардың 9,03% даусын, «Ауыл»  – 5,75%, «Адал» партиясы  3,07% даусын жинады.

Сондай-ақ оқыңыз