Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайызға дейін төмендетті
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 9%-ға дейін төмендету туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, пайыздық дәлізді +/- 1,5 п.т. дейін тарылтты. Бұл туралы регулятордың хабарламасында жазылған.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі биылғы мамыр-маусымдағы болжамдық раунд шеңберінде кұтілген нәтижеге сай болмай, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында проинфляциялық тәуекелдердің әлсіреуіне және экономикалық белсенділіктің барынша қысқаруына негізделген. Карантинді қатаңдату бойынша қабылданған шаралар қосымша дезинфляциялық әсерін тигізеді.
«Бұл ретте, базалық инфляция (trimmed mean) және 2020 жылдың маусым айындағы медиандық инфляция барынша қалыпты динамиканы байқатып тұр, сәйкесінше 6,1%-ды және 4,4% деңгейінде қалыптасты. Жыл басынан бастап біртіндеп үдегенін (2019 жылғы желтоқсанда – тиісінше 5,2% және 4,3%) атап өткен жөн, дегенмен, базалық инфляция көрсеткіштері оның монетарлық құрауышының барынша қалыпты өсуі туралы белгі бере отырып, жалпы инфляциядан баяу өседі»,- делінген хабарламада.
Биыл инфляциялық процестерге фискалды және квазифискалдық қарқынның әсері, карантин жағдайында жеткізу тізбегінің бұзылуы себепті ұсыныстың төмендеуі, сонымен қатар теңге айырбастау бағамының әлсіреуі аясында импорттық тауар бағасының өсуі әсер етіп тұр.
Сонымен қатар қаржы реттеушінің мәліметі бойынша, долларландырудың өсу тәуекелі айтарлықтай төмендеген, бұл өз кезегінде мөлшерлемені төмендету үшін әлеуетін арттырған. Теңге активтерін қорғау бойынша қолға алынған жедел шаралар нәтижесінде, 6 айдың қорытыншысы бойынша, депозиттерді долларландыру 43,1%-дан 40,0%-ға дейін төмендеп,бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне де ықпал етеді.
«Қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануы және экономиканың жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделуі мөлшерлеме дәлізін тарылтуға негіз болған. Бұл шешім ақша нарығының мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеге жақындатуға мүмкіндік береді, ақша нарығындағы мөлшерлемелердің құбылмалылығын төмендетуді қамтамасыз етіп, нарыққа қатысушыларда барынша тұрақты болжам қалыптастыруға ықпал етеді»,- дейді Ұлттық банк.
Айта кетейік, Ұлттық банк маусым мен сәуір айларында базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып, әлемдік экономикадағы жағдай тұрақтанып, кейбір қаржы және тауар нарыңы жанданып келеді деп атап өткен еді. Қытай экономикасынының жайлап қалпына келе бастауы және кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-та карантиндік шараларды жеңілдету аясында мұнай түтыну ақырындап қалпына келе бастаған еді.
Сондай-ақ, қаржы реттеуші 6 маусымда ақша-кредит саясаты саласындағы одан арғы шешім әлемдік шикізат тауарлары нарықтарындағы ахуалдың дамуына, елдегі экономикалық белсенділіктің қайта өсе бастауына, сондай-ақ инфляцияның нақты серпінінің болжамды траекториядан ауытқу дәрежесіне негізделеді деп мәлімдеді.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2020 жылдың 7 қыркүйегінде, сағат 15:00-де жарияланады.