Research

Теңге бағамына не әсер етеді?

Kursiv Research ұлттық валюта курсына қандай факторлар әсер ететінін анықтап көрді

Ұлттық банк сарапшылары теңге бағамына мұнай бағасы, төлем теңгерімі мен сауда серіктестері сияқты факторлар әсер етуі мүмкін деп тұжырымдайды. Kursiv Research теңге бағамының Қазақстанның сауда серіктес елдеріндегі жағдай және олардың валюта бағамымен қалай байланысты екенін анықтап көрді.  

Бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы нарығы өкілдерінің пікірталастарын жиі байқауға болады, және бұл сөз жарысы ұлттық валютаны еркін айналымға жіберудің дұрыс-бұрысын анықтаумен ғана шектеліп отырған жоқ. 

Қазақстанда 2015 жылдың тамызынан бері инфляциялық шектеу режимі қабылданып, валюта бағамының бұған дейін Ұлттық банк белгілейтін шекті дәлізі алынып тасталды. Инфляциялық таргеттеу (шектеу) дегеніміз – ортамерзімді кезеңде  инфляцияның нысаналы көрсеткішін белгілеуге және соған қол жеткізуге бағытталған ақша-несие саясаты режимі. 2019 жылы бұл көрсеткіш 4-6% деңгейінде қалыптасты.

Қазіргі кезде теңге бағамы ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың ықпалымен қалыптасады. Ұлттық Банк реттеуші ретінде теңге бағамының қалыптасуына араласпайды, бірақ қаржы жүйесіне қауіп төнген жағдайда, валюталық интервенция жүргізу арқылы оның күрт құбылуына жол бермеу құқығын өзіне қалдырады.

Қаржылық реттеуші өкілдерінің пікірінше, мұндай режимнің артықшылығы – отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау арқылы нақты айырбас бағамына қол жеткізу, ағымдағы шот бойынша бейтеңгерімнің алдын алу және халықаралық резервтердің, соның ішінде алтын-валюталық қордың төмендеуіне жол бермеу. 

Теңгені еркін айналымға жіберудің басты кемшілігіне оның мұнай нарығы мен басқа да сыртқы факторларға тым тәуелділігін жатқызады. 

Ұлттық валюта бағамына қандай факторлар әсер етеді?

Теңге бағамына тікелей әсер ететін негізгі факторларды сыртқы және ішкі деп бөледі. 

Ұлттық банк сыртқы факторлар қатарына әлемдік нарықтағы мұнай бағасын, негізгі сауда серіктестеріндегі валюта бағамының динамикасы (ең алдымен Рессей рублі),  әлемдік пайыздық мөлшерлеме және жаһандық геосаяси жағдайды жатқызады.   

Қаржы реттеушінің ақпараты бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы 2018 жылдың 9 айында, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 39 пайызға қымбаттап, 1 барреліне 52 доллардан 72,3-ке көтерілген. 

Ал ішкі факторлар қатарына Ұлттық банк инфляция өзгерісін, негізгі мөлшерлеме деңгейін, экспортер компаниялардан түсетін салықтық төлемдер мен қазына қаржысының игерілуін және т.б. жатқызады. 

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев БАҚ-қа берген сұхбаттарында ұзақмерзімді кезеңде теңгенің айырбас бағамы елдің төлем теңгерімімен айқындалатынын, ол өз кезегінде жоғарыда аталған факторлардың, соның ішінде серіктес елдердегі жағдайдың әсерін қамтитынын жиі айтады. 

2018 жылдың 9 айында ағымдағы шот операцияларының тапшылығы 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 10 есе төмендеп, 4,6 млрд доллардан 0,5 млрд долларға азайғанын атап өту керек. Бұл ретте 2018 жылдың ІІІ тоқсанында ағымдағы операциялар шоты 0,2 млрд доллар профицит  көлемінде қалыптасты деп хабарлайды Ұлттық банк.  

Экономист Айдархан Құсайынов теңге бағамы белгілі бір факторға, тіпті долларға да байланып тұрған жоқ деп есептейді. Ұлттық валюта бағамын нарық айқындайды, бірақ нарықтың өзі тауар ағынын есепке алғанымен, оның қалай, неге негізделетіні белгісіз. Бұл ретте, көпшіліктің оның себебін табуға ұмтылуы да дұрыс емес дейді сарапшы. 

Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуынша, Қазақстанның көршілері – Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда, әлемдік экономикамен ықпалдастығы тереңдеп кеткен. «Бұл сыртқы факторлардың әсері  елеулі болады деген сөз: Ресейге салынған санкциялар болсын, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес болсын. Жалпы алғанда, теңге бағамына әсер ететін сыртқы факторлар өте көп: бұл мұнай мен шикізат бағасы, әлемдегі экономикалық және қаржылық жағдай, соның ішінде елдің сауда әріптестеріндегі ахуал, – деп түйіндейді Д.Сәтбаев.  

Қазақстанның негізгі сауда серіктестері 

ҚР Статистика және Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, 2018 жылдың 9 айында Қазақстанның жалпы сауда айналымы $68,2 млрд құрап, 2017 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, 21,8 пайызға немесе 12,2 млрд долларға өскен. Жалпы тауар айналымының 65,2 пайызын экспорт құраса, импорттың үлесіне 34,8 пайызы тиген. 

Ал 2013 жылдың 9 айындағы тауар айналымы жоғары болып, 98,1 млрд долларды құраған. Айта кетейік, сол жылдың қыркүйегінде теңге бағамы 1 АҚШ долларына 153,62 теңге болса, 2018 жылы ол 363,07-ге жеткен. Экспорт пен импорттың үлесі сәйкесінше, 64,3 және 35,7 пайызды құраған. 

Тауар айналымының көлемі бойынша Қазақстанның ең негізгі сауда серіктестері – Ресей, Еуропалық Одақ елдері (соның ішінде – Италия) және Қытай. 

Жоғарыда аталған елдерден бөлек, серіктестердің ондығына Нидерланды, Франция, Корей Республикасы, Швейцария, Өзбекстан, Германия және АҚШ кіреді. 

2018 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасындағы сауда айналымы 12,8 млрд долларды құрады, соның ішінде 3,8 млрд доллары – экспорт, ал 9 млрд – импорт. 

Ресейге экспортталатын тауарлардың ішінде жалпы сомасы 390,42 млн доллар – иленген темір, темір кені мен концентраты – 311,3 млн доллар, 74 млн долларға саудалаған электр қуатының үлесі жоғары.

Импорт құрылымында алғашқы орынды мұнай және мұнай өнімдерінің еншілегені қызық ($527,8 млн), екінші орында – жеңіл көлік ($217,1 млн),  тұрса, үшінші орында – мұнай газдары мен көмірсутек ($175,9 млн), одан кейін теміржол және трамвай вагондары ($171,4 млн) келеді.  

Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі  – Италия, екі ел арасындағы тауар айналым 9,8 млрд долларды құрайды, соның ішінде экспорт – 8,8 млрд долларды құраса, импорт – $1 млрд шамасында. Бұл елге тасымалданатын тауарлардың ішінде мұнай мен мұнай өнімдерінің үлесі жоғары – 8,7 млрд доллар, 58,6 млн доллардың астығы, құны 45,5 млн долларға тең ферроқорытпа сатылған. Ал импортталатын тауарлар қатарында электр машиналары мен құрылғыларының бөлшектері – $206,2 млн, құбыр желісіне арналған темір арқау ($133,6 млн) бар. 

Қытай Қазақстанмен сауда айналымда үшінші орынға жайғасып, экспорт пен импорт сәйкесінше, 4,2 және 4 млрд долларды құрады. Елден 973,5 млн доллардың тазартылған мысы, 647,9 млн доллар тұратын мұнай газдары мен көмірсутек сатылған. 

Ал Қытайдан телефондар ($447,85 млн), есептеуіш машиналар мен олардың бөлшектері ($184 млн), және бульдозер, грейдер, тегістегіш ($115,2 млн) тасымалданады.

Сауда серіктестері және теңге бағамы

Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің үштігіне: Ресей – рублімен, Италия – еуросымен, Қытай – юанымен кіретінін айттық. Олардың әрқайсысының өз ұлттық валютасы болғанымен, Қазақстанмен сауда айналымы АҚШ доллармен есептелінеді. 

Жаһандану және өзара бірігу заманында, әлемдегі барлық саяси және қаржылық оқиғалар қазақстандық теңге бағамының қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. Теңге бағамы белгілі бір дәрежеде негізгі серіктес елдердің валюта бағамына тәуелді.

Соңғы бес жылдағы Ресей рублі мен теңге арасындағы өзара байланысты талдасақ, рубль бағамының 2013-2018 жылдары долларға қатысты 103% -ға арзандап, ал теңге 136,3%-ға құнсызданғанын байқауға болады.

Валюталар арасындағы байланыстың жарқын мысалы ретінде, 2014 жылы Ресей рублінің басындағы жағдайды алсақ болады. 2014-2015 жылдары ресейлік рубльдің құны 1АҚШ долларына  39,39-дан 66,24 рубльге дейін төмендеді. 2014 жылдың 16 желтоқсаны Ресейде «Қара сейсенбі» деген атпен есте қалды. Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені бірден 5% -ға көтеріп, 17% -ға жеткізді. Бұның басты себебі – ел қазынасына кіретін кірістің басым бөлігін құрайтын  энергия ресурстары құнының төмендеуі, Украинадағы оқиғаларға байланысты Ресейге экономикалық санкцияларды енгізілуі. 

Рубльдің әлсіреуіне байланысты Ресей тауарлары өзге мемлекет азаматтарына қолжетімді бола түсті. Көрші елдердің, соның ішінде Қазақстан тұрғындары автокөлік, тұрмыстық техника, электроника, киім, жылжымайтын мүлікті жаппай сатып ала бастады. 

Ал 2014 жылдың ақпанында теңге 1 АҚШ долларына қатысты 155-тен 185-ке құнсызданып үлгерген еді. Қазақстан да, өзге елдер секілді экспорттық кіріске тәуелді, сондықтан Ресейдегі желтоқсандағы жағдай, теңге тағы да құнсыздануы мүмкін деген белгі еді. 2015 жылдың тамызында теңге тағы әлсіреп, ұлттық валюта бағамы 255-ке төмендеді. Сол жылдың қыркүйегінде 1 АҚШ долларының құны 270,4 теңге айналасында қалыптасты.   

Ал евро соңғы 5 жылда долларға қатысты 16,2 пайызға арзандаса, қытай юані – 12,2 пайызға құнсызданған. 

Теңгенің доллардан басқа валюталарға қатысты бағамы кросс-курс арқылы анықталады. Бұл не деген сөз? Мәселен, қытай юані бағамын анықтау үшін, CNY/KZT валюталық жұбын доллармен жұптастырып, екіге бөлу керек: CNY/USD (юань/доллар) және USD/KZT (доллар/теңге). Валюталар жұбының биржадағы мәні көбейтіліп, юань/теңге жұбы үшін кросс-курс анықталады. Бұл тәсіл әдетте валюталық сауда-саттық аз болғанда және өтімсіз баға белгіленімі қалыптасу тәуекелі жоғары кезде қолданылады. Демек, теңгенің долларға қатысты құнсыздануы ұзақмерзімді кезеңде кросс-курс арқылы басқа да валюта бағамына әсер етеді.

2018 жылдың басынан бері қытай юані мен теңге арасында әлдебір өзара байланыс пайда болған еді. Сарапшылар валюта нарығындағы бұл жағдайды ЕАЭО және ШЫҰ-ға кіретін елдер арасында тығыз нарық қалыптасуымен түсіндіреді. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, алдағы уақытта аймақтың ірі экономикаларының өзара тәуелділігі мен валюталарының өзара байланысы арта түспек.

Қазақстаның тағы бір сауда әріптесі – Италия туралы айтар болсақ, Еуроодақтың оған салатын санкциялары Қазақстанға да, теңге бағамына да әсер етуі мүмкін. Инвесторлар Италиядағы, сондай-ақ, ЕО құрамындағы басқа елдердергі жағдайдың қолайсыз қалыптасуынан қорқады, ол өз кезегінде валюталық одақтың тұрақты өмір сүретініне күмән тудырады. 

Жаһандық жағдайдың қиындауы, Қазақстан экспорттайтын тауар бағасының төмендеуі, соның ішінде мұнай мен металл да бар, ЖІӨ-нің даму қарқынына әсер етіп, Қазақстан экономикасының осал тұсын одан әрі ақсаңдатады. Теңгенің құнсыздануы нәтижесінде экспорттық кірістің азаюы ел қазынасы мен оның төлем қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. 

Ал Қазақстанның негізгі сауда әріптесі – Ресейге келер болсақ, рубльдің құнсыздануы қазақстандық экпорттаушылар, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін тағы бір мәселені туындатады. Көрші елдің арзан тауарлары Қазақстан нарығына келуі мүмкін, бұл отандық тауар өндірушілер үшін жағымсыз жайт. 

Десе де, көптеген сарапшылар Ұлттық банк өкілдерінің пікірімен келісе отырып, теңге бағамына әсер ететін факторлар арасынан серіктес елдердегі жағдай мен олардың валюта бағамын ерекше атап өтті. 

Айталық, «Альпари» ақпараттық-сараптамалық орталығы директорының орынбасары Наталья Мильтчакованың пікіріне сүйенсек, әрине, рубль курсы мен теңге бағамының арасында өзара байланыс бар, дегенмен, рубль құны теңге бағамын айқындайтын жалғыз және басты фактор деп тұжырымдау қате болар еді. Бірақ та, орта мерзімді уақыт аралығын алсақ (1-2 апта), ресейлік рубль мен теңге бағамы бірдей дерлік динамика көрсетеді: не бірге нығаяды, не бірге құнсызданады. Тек екі валютаның төмендеу немесе өрлеу қарқыны әртүрлі, рубль бағамы ерекше құбылып тұрса, теңге одан тұрақтылау. 

Бұндай тәуелділіктің себебі айқын: Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда саттық серіктесі. Егер Ресейдің басындағы қиындықтар, айталық, экономикалық санкциялар, оның экономикасына кері әсер етсе, міндетті түрде сауда серіктестері де зиян шегеді. Алайда теңге де, рубль де мұнай бағасына қатты тәуелді екенін естен шығармау керек, дегенмен рубль бағамына басқа да факторлар әсер етіп, бұрынғыдай мұнай бағасына қатты тәуелді емес деп тұжырымдайды сарапшы. 

«Альпари» агенттігінің деректері бойынша, 2018 жылы теңге өзге дамушы мемлекеттердің валюталарымен салыстырғанда, ең төменгі көрсеткіш көрсеткен жоқ. Бір жыл ішінде түрік лирасы, аргентин песосы мен криптовалютаға байлаған венесуэлиялық воливардың қалай «құлағанын» айтпаған күннің өзінде, Ресей рублі 18 пайызға құнсызданса, теңге 12 пайызға арзандаған. 

Ал «Финам» компаниялар тобының сарапшысы Алексей Коренев Ресей үшін ең басты факторлар – мұнай бағасы мен енгізілген санциялар, Орталық Банк ұстанған саясат деп пайымдайды. Әр кезеңде жоғарыда аталған көрсеткіштердің салмағы айтарлықтай өзгеріп отыруы мүмкін. Мәселен,  өткен жылы ресей рублінің қатты құнсыздануы  Ресейге салынған санкциялардың күшеюімен сәйкес келді. Сонымен қатар, былтыр көктем мен жазда мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттағанда, ол ұлттық валюта бағамының нығаюына негіз бола алмады, оған Ресей Банкінің  Қаржы министрлігі үшін бюджет шеңберінде нарықтағы валюталарды сатып алуы себеп, дейді сарапшы. 

Ал Қазақстанның ұлттық валюта бағамына әсер ететін факторлар да, олардың салмағы да өзгеше болғанымен, Ресейдікінен айырмашылығы аз деп атап өтті маман.

Ресей валютасының динамикасы теңге динамикасына да айтарлықтай әсер етеді. Кейбір кезеңдерде рубль мен теңге динамикасындағы айырмашылық,  осы санкциялардың теңге курсына еш ықпал етпеуінен да туындауы мүмкін.   

«Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының департамент директоры Ерлан Әбдікәрімов 2019 жылы теңге бағамының негізгі қозғаушы күші – былтырғыдай, рубль курсы болады деп тұжырымдайды. Ал рубль бағамына мұнай бағасы, Ресей Орталық банкінің ақша-несие саясаты және кейбір геосаяси жағдайлар әсер етеді деп пайымдайды сарапшы.