Қазақстанда 27 анықтаманың күші жойылады
Қазақстанда мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан талап етілетін анықтамаларды оңтайландыру жоспарлануда, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
«Ең тамаша мысал – биылғы 1-қарашадан мекен-жай анықтамасын алып тастау. Жыл сайын азаматтар 14 млн-нан астам осындай анықтама алатын. Оны алып тастау, шамамен, 3,3 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазір тағы 27 анықтаманың күшін жою бойынша жұмыс атқарылып жатыр», – деді ол үкімет отырысында.
Жұмағалиев мемлекеттік органдардың бірыңғай платформасын жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл шара екі млрд теңгеге дейінгі қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, республикада электрондық қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша 556 жол карталары жүзеге асырылуда. Электрондық нұсқаға көшіру қағаз түріндегі құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартуға мүмкіндік берді, жанама экономикалық пайда сегіз млрд теңгеден астам соманы құраған. Мемлекеттік электрондық қызметтер үлесі қазіргі 70,5%-дан 2019 жылдың соңындағы 80%-ға (723 мемқызметтің 580-і), 2020 жылы – 90%-ға дейін артады. Цифрландырылатын қызметтердің неғұрлым көп мөлшері білім және ғылым министрлігі мен қорғаныс министрлігінің үлесінде.
«Әріптестерімнен осы жұмысты жеделдетуді өтінемін. Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің неғұрлым қарапайым жолы мобильдік технология болып табылады, өйткені қазақстандықтардың 64% смартфон пайдаланады. Қазан айында мобильдік қосымшаның жаңа форматы іске қосылды», – деді Жұмағалиев.