Ресурстар

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болған пациент туралы мән-жайды айтты

Ол кісінің бірнеше созылмалы ауруы болған

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, пациент коронавирус салдарынан өршіген пневмониядан қайтыс болған.

«Бүгін интенсивті терапияның қолданылуына қарамастан ауруханада Ақмола облысының 64 жастағы тұрғыны, әйел адам қайтыс болды. Себеп – екі жақты пневмония, тыныс алуының қиындауы, қант диабеті кезіндегі сепсис, атеросклероз гипертониясы. Өкпенің қабынуына коронавирус себеп болған», – делінген ресми хабарламада. 

 Мекеменің мәліметі бойынша, науқас Ақмола облысында тұрған, Нұр-Сұлтан қаласында облыстық көпсалалы ауруханада жатқызылған.

«Бұл жағдай географиялық жағынан алғанда Нұр-Сұлтан қаласында  орын алғандықтан, тіркеу де осы жерде жүргізілді. Осыған қарай біз де медициналық статистиканы сәйкестендіріп, оны Ақмола облысына жатқызып отырмыз»,-ден нақтыланған хабарламада.

Қазіргі кезде вирус жұқтырған ауқастардың жалпы саны 120-ға жетті: Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 47 адам, Қарағанды қаласында – 4, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Жамбыл облысында -3 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, Ақмола облысында – 1 адам. Соның ішінде екі адам сауығып, ауруханадан шықты. 

Айта кетейік, кеше мемлекеттік комиссия 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап  Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешім шығарған.

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.