Алматы тұрғындарының өзін-өзі оқшаулау деңгейі 5 балдық көрсеткіш бойынша, 4,4 балды құрады,-деп хабарлады Алматы әкімдігінің телеграмм каналы.
Алматыда «Сергек» жүйесі мен оның берген мәліметтерін қолдана отырып, көшелердегі көлік кептелісінің қорытындысымен бірге алматылықтардың өзін-өзі оқшаулау деңгейі анықталуда.
2020 жылдың 11 наурызынан бастап Алматы жолдарындағы көліктер саны 80 пайызға дейін азайды. Ол «Сергек» жүйесіндегі карантинге дейінгі қалыпты жұмыс күні мен төтенше жағдай енгізіліп, карантин басталғандағы қалалық трафиктің деректерін салыстыру арқылы анықталған.
Тұрақтандырылған 5 деген баға – қалада мүлдем машина жоқ дегенді білдіреді. Қалыпты жұмыс күні балл 0,5-ке тең. 0 деген баға – көлік кептелісін білдіреді. Карантин кезінде қалалық қызметтік, полиция, жедел жәрдем, азық-түлік жеткізу және т.б. қызметтік көлік қозғалысын есепке алсақ, ең жоғары бал «4,8»- ге жетуі мүмкін. Кешенді шаралар мен алматылықтардың жауапкершілігінің арқасында қаладағы белсенділікті төмендетуге және азаматтардың өз-өзін оқшаулауын 4,4 баллға дейін арттыру мүмкін болды.
Өзін-өзі оқшаулау деңгейі – бұл «Сергек» және «Яндекс» қызметтерінің деректері бойынша есептелген көрсеткіш.