Республикалық маңызы бар жолдарда 350-ден астам камера орнатылды

Жарияланды
2024 жылға дейін 1000-нан астам камера орнатылады деп көзделген

Республикалық маңызы бар жолдарда 350-ден астам камера орнатылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспаөз қызметі хабарлады. 

Еліміздің тас жолдарында бейнебақылау камераларын орнату жалғасуда. Бұл ақылы жолдарда ақы өндіру жүйесін орнату бойынша инвестициялық жобаның аясында қарастырылған. 

Бүгінге дейін инвестормен 374 камера орнатылған. Олар әзірге тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. Ақы өндіру жүйесі іске қосылғанда, бағдарламалық-аппараттық кешен автокөліктің нөмірін, класын, қозғалыс жылдамдығы мен бағытын автоматты түрде анықтайтын болады. Егер автокөлікте RFID таңбасы орнатылса, темір тұлпарды анықтаудың сенімділігі анағұрлым артатынын айтып өткен жөн. Мәселен, біреу жалған нөмірлермен жүріп өтсе немесе нөмірлік белгі нашар күйде болған жағдайда, жүйе дұрыс анықтай алмауы мүмкін. Мұндай күмәнді жағдайларда RFID таңбасы көлік иелерін жүріс үшін заңсыз төлем өндіруден сақтайды.  

Бейнетіркеудің басты міндеттерінің бірі – жолдардағы жылдамдық режимін бұзу, белгіленбеген жерде тоқтау және қарсы бағыттағы қозғалыс жолағымен жүру сияқты жол жүру ережелерінің бұзылуын тіркейді.

2024 жылға дейін республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолда инвестициялық жоба аясында 1000-нан астам камера орнатылады деп көзделген. Олардың қатарында тіркеу камералары, сондай-ақ кадрлеу және шолу камералары болмақ. 

Сондай-ақ оқыңыз