Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру басталды
Осы көктемде 13 500-ден астам 18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметші ел Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. Қорғаныс ведомствосы әскерге шақыруды ағымдағы жылдың бірінші шілдесінде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылдың 5-ші ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты алдын алу шаралары қабылданды. Осы ретте әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келген кезде жинау пункттерінде ПТР-талдама алынады. Жаңа шақырылушыларға екпе жүргізу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.
Биыл әскерге шақыру барысында азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатын болады. Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді.
Барлық әскерге шақыру жұмыстары кеңес беру мүмкіндіктерін жеткізу арқылы барынша ашық түрде ұйымдастырылды. Осы мақсатта жергілікті әскери басқару органдары әлеуметтік желілерде пошта жәшіктері мен ресми аккаунттар құрды.
Әскери қызметке шақыру тәртібі жөнінде білу үшін Қорғаныс министрлігінің сall-орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89; 72 13 82 телефондары арқылы хабарласуға болады.