Былтыр ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақылы жол учаскелерінде жеңілдікпен жүруге түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына бастамашы болды. Құжат жеңілдік берілген адамдар тізімін ұлғайтуды діттейді. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Осылайша, республикалық маңызы бар жолдардағы ақылы учаскелермен жеңілдікпен жүретіндердің қатарына ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды қосу көзделуде. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылып жатыр.
Бүгінде ақылы жолға іргелес елдімекендерде тұратын пайдаланушылардың бір ауданның шегіне өту үшін 1000 теңгені құрайтын жылдық тарифты қолдануға мүмкіндігі бар.
Жолаушыларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар, ақылы жолға іргелес аудандардағы автобустар, жедел медициналық көмек қызметтері, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтері, патрульдік полиция мен әскери техникалар тарифтерден босатылған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ұзындығы 5,8 мың шақырым жолды ақылы ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл келесідей жол учаскелері: «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Орал – РФ шекарасы (Саратов)», «Орал – РФ шекарасы (Самара)», «РФ шекарасы (Оренбург) – Ақтөбе», «Щучинск – Петропавл», «Қостанай – РФ шекарасы (Троицк)», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Тараз – Қайнар», «Қапшағай – Талдықорған», «Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы», «Қарабұтақ – Қызылорда», «Ақтөбе – Орал», «Ақтау – Бейнеу», «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Павлодар – РФ шекарасы (Омбы)», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Павлодар – Семей – Қалбатау».