Көлік салығын төлеп үлгердіңіз бе?
КӨЛІК САЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ТӨЛЕСЕ БОЛАДЫ?
Қазақстанда 2020 жыл үшін көлік салығын төлеу 2021 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға бірнеше рет ескерткен болатын.
Салық төлеу саласында да бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде. Соның бірі де бірегейі – «Е-Salyq-Azamat» мобилді қосымшасы. Қазақстандықтар осы қосымша арқылы төлем жасай алады.
Мобилді қосымшаға кіру үшін мобилді телефон нөмірі мобилді азаматтар базасындағы ЖСН-ыңызға тіркелген болуы керек.
Мемлекеттік кірістер комитеті департамент директоры Азамат Садықовтың айтуынша, мобилді қосымша азаматтарға алдағы салық сомасын оны төлеу мерзімі басталғанға дейін білуге және дайын реквизиттер бойынша бір мезгілде төлем жүргізу мүмкіндігі берілгенін айтады. Сонымен қатар алдағы төлемдерді тек комитет порталынан ғана емес, «egov.kz» порталында, Kaspi. kz, Homebank банктердің мобилді қосымшаларында да көруге болады. Бұл ретте, мұндай «әмияндағы» көлік құралдарына есептелген салық сомасы дербес шоттағы артық төлемді ескере отырып көрсетіледі.
Азамат Садықовтың айтуынша, қазіргі таңда бұл қосымшаны 400 мыңнан астам қазақстандық қолданады.
КӨЛІК ЖОҚ, САЛЫҚ ҚАРЫЗЫ БАР. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Елімізде мұндай жағдайлар да кездеседі. Былтыр мыңдаған қазақстандықтың атына көлігі жоқ болса да салық қарызы келген. Түзету үшін мемлекеттік кірістер комитетіне 9 мыңнан аса өтініш келіп түсіпті.
Азамат Садықовтың айтуынша, комитет жағдайды әкімшілік полициямен біріге отырып зерделеп шыққан. Нәтижесінде көп жағдайда мәселе көліктің сенімхат бойынша сатылуында немесе ұзақ уақыт бойы қайта рәсімделмеуіне байланысты осындай келеңсіз жағдай туындайтыны анықталған. Салық міндеттемелері кез келген жағдайда көлік құралының иесіне жүктеледі.
«Салық органдарының барлық есептеулері мен төленген сомалар салық төлеушінің дербес шотында көрсетіледі. Сонымен қатар, іс жүзінде азаматтар көлік құралын иеленудің соңғы жылы үшін салық төлейтін, бірақ алдыңғы кезең бойынша салықты өтемейтін жағдайлар жиі туындайды. Осылайша, салық берешегі өткен кезеңдер үшін болуы мүмкін. Салық толық төленбеген» деп жауап берді ведомство өкілі.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША КӨЛІК БАР?
2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша елімізде 3 864,9 мың жеңіл автомобиль тіркелген.
Тіркелген жеңіл автокөліктердің жалпы санында өндірістік жылы 10 жылдан асқан автомобильдер басым (64,4%). Шыққанына 3 жылдан аспаған көліктер саны барлық көліктің 12,1 пайызын құрайды екен. Шығарылғанына 3 жылдан 7 жылға дейінгі аралықтағылар – 14,6 пайыз болса, 7-10 жыл аралығындағылар – 7,1 пайыз.
Дегенмен көліктердің тіркелуі былтырмен салыстырғанда биыл біршама азайған. Былтыр ақпан айында елімізде 3907,5 мың көлік тіркелсе, биыл олардың саны – 3864,9 мың.
Қазақстанда көп таралған көліктер – қозғалтқыш көлемі 1500-2000 куб сантиметр болатын темір тұлпарлар. Ондай көліктердің саны – 1789,5 мың. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, қозғалтқыш көлемі 1500 болатын көліктердің салығы 5302 теңге, 2000 куб сантиметрлі көліктердің салығы – 12 251 теңге.
КӨЛІК САЛЫҒЫ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП
Салық қарыздарын қайдан көруге болады?
ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталының «Электрондық қызметтер» бөлімінде салық берешегінің болмауы (болуы) туралы ақпаратты көруге болады және E-SalyqAzamat мобильді қосымшасында (AppStore және PlayMarket жүктеу).
Өзім көлік салығын қалай есептей аламын?
Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында «Электрондық қызметтер» бөлімінде орналастырылған «Калькулятор» қызметін және E-SalyqAzamat қызметін пайдаланып көлік салығын есептей аласыз.
Менде қазір көлік жоқ және болған емес, бірақ көлік салығы есептеліпті, қайда баруым керек?
Көлікке салынатын салық уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне меншік құқығында көлік құралының жоқтығы туралы уәкілетті мемлекеттік органнан анықтама ұсыну қажет.
Көлік салығын төлеу үшін қандай реквизиттер қажет?
Көлік салығының реквизиттері: БСК коды – 104402, СТК коды -911; пайыздық мәліметтер: СТК коды – 912.
Жеке тұлғаға көлік салығын қайда төлеу қажет?
Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді.
Менде бірнеше жылдан бері бір көлік бар, бірақ салық мөлшері жыл сайын артып келеді, себебі неде?
Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне және көлік құралының қозғалтқышының сыйымдылығына байланысты, сәйкесінше жыл сайын АЕК өсуімен бірге салық сомасы өседі.
Егер мүгедектің жеке меншігінде қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше см-ге дейінгі автокөлігі болса, ол көлік салығынан босатыла ма?
Көлік құралдарына салықтан босату тек бір ғана көлік құралы үшін қарастырылған. Бұл ретте, олар қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөліктер бойынша көлік салығынан босатылмайды. Егер де қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және сол тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгемесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.
Неліктен ұрланған көлік үшін маған көлік салығы есептелген?
Көлік құралын ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғау фактісін растайтын ақпарат ұрланған көлікке салынған салықтан босатуға негіз болып табылады. Көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады, және қылмыстық іс тоқтатылған немесе кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі. Осылайша, егер уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалмаса, салық органының көлік салығын есептеуді тоқтатуға еш негізі жоқ.