Б. Сағынтаев: Жастарды қолдауға және жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді

Жарияланды
Соныиен қатар, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаралды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жастар саясатын іске асыру, оның ішінде жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды.Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Ең өзекті мәселенің бірі жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 25 313 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына — 10 740, қоғамдық жұмыстарға — 7142, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша — 1503, әлеуметтік жұмыс орындарына — 361, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша — 4027 жас жұмысқа орналасты, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 858 жас кәсіпкерлік негіздерін оқыды, 448 жасқа гранттар берілді, 234 жас қысқа мерзімді курстарда білімдерін жетілдірді.

«Self-Made» әлеуметтік жоба аясында 50 ұлттық және жеке компаниялармен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен тағылымдамадан өту туралы меморандумдарға қол қойылды. Колледждердің 150 үздік түлегі тәжірибеден өтті.

Бұдан өзге, кәсіптік-техикалық білім беретін 43 мекеменің 5 мыңға жуық студенті қаланың 351 кәсіпорнында 38 мамандық бойынша дуальды оқумен қамтылды. Колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту және жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өткен жылдан бастап жастарды қолдау шаралары туралы қолжетімді ақпаратпен кеңірек қамту мақсатында барлық аудандарда «Алматы жастары» жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Оларда ХҚКО қағидаты бойынша жұмыспен қамту, тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша тегін кеңестер беріледі. Мұнда «Атамекен» ҰКП-ның, Халықты жұмыспен қамту орталығының және «Отбасы банкінің» қызметкерлері түрлі консультациялар береді. Ресурстық орталықтарға жүгінген 300-ден астам жас «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 8 мыңға жуық адам кеңес алды.

Осыған орай, Алматы әкімі Б. Сағынтаев жастарды қолдау мәселелеріне, әсіресе оларды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл дамудың жол картасын іске асыруға және қала жастарын қолдауға қатысатын барлық аудандар әкімдерінің және басқармалар басшыларының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Кеңес барысында жастардың демалысын дұрыс ұйымдастыру, қосымша білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мәселен, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жастардың және жас отбасылардың қолжетімді баспана мәселесін шешу үшін қалада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге жалға берілетін тұрғын үй беруді жалғасуда. 2019-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша 1400 пәтер бөлінді. Ағымдағы жылы тағы 1050 пәтер үлестіру жоспарлануда. Бұдан өзге, «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы бойынша 1 мың жас алматылықтар баспаналы болды. Биыл да осынша жастарға пәтер беру жоспарлануда.
 

Сондай-ақ оқыңыз