Магистратура мен докторантураға тапсыру онлайнға ауысады

Жарияланды
ҰБТ жүйесі де цифрланбақ

Коронавирус бүйірден қысқан сәтте білім саласы алғашқылардың бірі болып онлайн форматқа көшірілді. Пандемияның жалғыз пайдасы сол – салалардың онлайн форматқа ауысуын әдеттегіден бірнеше есе жылдамдатты. Күн тәртібінен түспейтін, бірақ орындалуы баяулап тұрған цифрландыру үдерісін жеделдете түсті. Енді Магистратура мен докторантураға оқуға тапсыру процесі де онлайн жүйеге ауыстырылмақ. 

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әуелі жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыру мәселесіне тоқталды. 

«Түсіністік болмаған, қателер түзетілмеген кезде лицензиясынан айырып, сотқа жүгінуге тура келеді. Сот процестерінің басым бөлігінде соттар БҒМ ұстанымын дұрыс және заңды деп таниды» деді министр.

Қызметі тоқтатылған оқу орындарының 66 мың студенті басқа оқу орындарына ауыстырылған. Грантта оқығандар грантын сақтап қалса, «шаруашылық есептегі» кейбір студенттердің оқу ақысы төмендетілген. Бірде-бір студент грант бойынша да, несиелерді қайта есептеу бойынша да, өзінің білім беру траекториясын жалғастыру бойынша да оқудан тыс қалмапты. 

«Жоғары оқу орындарының жабылуы, әрине, панацея емес. Сонымен қатар, біз жауып, бас лицензияны қайтарып алудан басқа, белгілі бір білім беру бағдарламалары мен дайындау бағыттары бойынша жұмыс істейміз. Бейінді емес дайындық бағыттары бар, сәйкесінше, ЖОО-да осы дайындық бағыты бойынша сапалы білім беру үшін жеткілікті ресурстар, материалдық-техникалық база, оқытушылар жоқ. Мұндай жағдайларда біз бас лицензияны толық емес, белгілі бір дайындық бағыты бойынша ғана қайтарамыз. Қазіргі уақытта 37 жоғары оқу орнынан дайындық бағыттары бойынша 143-тен астам лицензия қайтарылды. Мысал ретінде мұғалімдердің дайындығын келтіруге болады. Егер бір жыл бұрын елімізде 86 жоғары оқу орнының педагогтары даярланса, бүгінгі таңда 60-тан сәл асады.  Бұл да маңызды. Бұл жоғары оқу орындарының барлығының дерлік базасы педагогтар дайындау үшін жеткілікті болған жоқ. IT-мамандарды даярлау туралы да айтуға болады. Медициналық бөлім бойынша бағыттар бар. Клиникалық бөлім, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліктілігі, педагогикалық кадрлар бойынша проблемалар бар. Аталған жоғары оқу орындарын бейіндеу үшін олар кадрлар дайындай алатын бағыттар бойынша жұмыстар жүргізудеміз» деп түсіндірді еліміздің бас педагогы.

Министр биыл мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыс ұйымдастырылып жатқанын айтты. 2021 жылы бакалавриатқа 51 500 грант, магистратураға 13,5 мың грант берілген. Министрдің айтуынша, бакалавриатқа түсушілер міндетті түрде ҰБТ тапсырып, сол сертификатпен тиісті базаға тіркеледі. Осылайша, конкурсқа қатысып, сол баллмен грант ұтып алуы мүмкін.

«Ал магистратураға келсек, ол да екі жылдан бері ҰБТ сияқты тестілеу форматында өткізіліп келеді. Әр университет өз билеттерін, тапсырмаларын дайындап, өздері тексеріп, шешім қабылдайды. Әртүрлі тәуекелдер болды, сондықтан магистратураға қабылдау тетігін, жалпы рәсімін өзгерттік. Алдыңғы жылы да, биыл да, магистратураға қабылдау электронды форматта нақты тестілеудің, орталықтандырылған тест нәтижесінде жүргізіледі. Олар өз құжаттарын тапсырып, жинаған баллдарына қарай грант ұтып алуы мүмкін» деді министр. 

Пандемияға байланысты соңғы курста оқитын студенттер мен магистранттардың диплом қорғауына да бірқатар өзгерістер енгізілген. 

«Қазіргі кезде студенттердің көбісі қашықтан, кейбірі жатақханада жатып оқып жатыр. Көптеген мұғалімдер де, оқытушылар да қашықтан оқыту форматында болғаннан кейін олардың дипломдарын, әрі магистрлардың диссертацияларын қорғау рәсімін электронды форматта өткізуге болады. Мөрдің, қолдың қойылуы сияқты міндетті талаптарды да алып тастадық. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» деді Аймағамбетов. 

Министр қазіргі уақытта PhD диссертацияларын да онлайн түрде қорғауға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Сонымен қатар пандемия кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу форматына өзгерістер енгізудің не үшін қажет болғанын да түсіндірді. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, соңғы екі жыл бойы дайындық жұмыстары жүргізілген және ата-аналар мен балалардың өздері де өзгерістерге дайын болды, бірақ түбегейлі ештеңе өзгермеген.

«Форматтың өзі өзгермейді, тек өткізу жолы ғана. Яғни, егер бұрын ҰБТ қағаз жүзінде болған, балалар келіп, қағаз сұрақнамалар, тест кітапшаларын алады, одан әрі дөңгелектерді бояп, көп уақыт жоғалтатын, академиялық адалдыққа қатысты сұрақтар туындайтын, ал биылдан бастап электронды ҰБТ-ға көшеміз. Оның артықшылықтары көп. Соның ішінде, бұл пандемия кезеңіне реакция. Себебі өткен жылдары 120 мыңнан астам түлек 7-10 күннің ішінде ҰБТ тапсыратын. Бұл дүрлікпе тудыратын, бір күнде ҰБТ тапсыруы тиіс балалар көп боалтын. Биыл ҰБТ 3 айға созылады, яғни 3 ай бойы шағын топтармен, өздеріне ыңғайлы уақытта, ҰБТ тапсырудың ыңғайлы пунктінде біздің балалар ҰБТ тапсырады» деп түсіндірді.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл ретте бірден бірнеше міндет шешіледі: 
•    Пандемия кезінде ҰБТ тапсыратын түлектер көп жиналмайды;
•    Эмоциялық шиеленіс азаяды; 
•    Академиялық адалдық мәселелері шешіледі; 
•    Уақыт үнемделеді; 

Бұл балалар үшін қолайлы.

«Наурыз айында ауқымды апробация өткіздік және биылғы түлектер осы орталықтарда ҰБТ-ны осы форматта тапсыруға тырысты. Өткен жылы магистратураға түскен 36 мың түлек электронды форматта түсу емтихандарын тапсырды. 2019 жылдан бастап педагогтарды тестілеу де осы форматта жүргізілді. Бүгінде 200 мыңнан астам педагог өздерінің біліктілік тестілерін электрондық форматта тапсырды. Жүйе жұмыс істейді, ол сыналды. Өткен жылы студенттер тапсырды, биыл мектеп түлектері және жазда магистратураға тұрақты негізде қабылдау тек электронды форматта болады деп жоспарлап отырмыз. Биыл докторантураға алғаш рет қабылдау осы форматта жүзеге асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және азайту үшін де жүргізілуде» деп нақтылады министр.
 

Сондай-ақ оқыңыз