Аллергиясы бар адамдарға вакцина салдыруға бола ма?

Жарияланды
Вакцина туралы басқа да маңызды сұрақтардың жауабы

Елімізде халықты жаппай ерікті вакциналау жүргізіліп жатыр. Қазақстандықтар екі вакцинаны салдыра алады. Олар – ресейлік «Спутник V» және қазақстандық «QazVac» вакцинасы. Мамандардың айтуынша, вакцинаның екі компонентін де алған адам бір жарым айдан кейін сақтық шараларын сақтамай жүрсе, өзі ауырмаса да, басқаға инфекция жұқтыру ықтималдығы бәрібір сақталады. 

«Вакцина алған адам айналасындағылар үшін инфекция көзі болуы мүмкін, өйткені ол симптомсыз тасымалдаушы болып, COVID таратуы мүмкін. Екпе жұтқыншақта вирус жоғына кепіл бермейді, бірақ ауырмауға немесе аурудың жеңіл түрімен ауыруға септігін тигізеді» дейді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева. 

Мұндай құбылыстың ғылыми негіздемесін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл да жеткізді.

«Екі компонент салдырған науқас біраз уақыт SARS-CoV-2 вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін деген ғылыми дәлелдер бар. Вирустың белсенді айналымы жүріп жатқан кезде, инфекцияның таралуын болдырмас үшін екпе салдырғаннан кейін маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты ұсыныстар осыған негізделген. SARS-CoV-2 вирусының айналымы неғұрлым төмен болса, біз соғұрлым тез қалыпты өмірімізге ораламыз. Вирус айналымын төмендетуге не ықпал етеді? Әрине, халықты белсенді иммундау және індетке қарсы іс-шараларды сақтау» дейді сарапшы.

Сондай-ақ мамандар аллергиялық аурулар өршіген кезде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыруға болмайтынын айтты. 

«Аллергиялық аурулар өршіген кезде, немесе анамнезде қандай да бір препаратқа: мысалы, тауық эмбрионына немесе бұған дейін егілген вакцинаға реакция болса, вакцина салдыруға болмайды. Барлық басқа аллергиялық реакциялар, соның ішінде көктемде болатын поллиноздар вакцинацияға қарсы көрсетілім емес. Себебі вакциналардың құрамында антибиотиктер де, аллергия тудыратын препараттар да жоқ» деп түсіндірді Ләззат Ералиева. 

Егер адамда аллергия болса, бірақ оның COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғысы келсе, ол вакцинацияға дейін 2 күн бұрын және екпеден кейін 2 күн бойы гистаминге қарсы препараттар қабылдай алады. COVID-19-ға қарсы вакциналар мутацияға ұшыраған аурудың барлық түрінен қорғайды екен. 

Ғалымдар COVID-19-дың 50-ден астам салдары мен ұзақ мерзімді әсерін анықтады. Сонымен қатар ол қауіпті вирустың жалғыз панацеясы ретінде сарапшылардың вакциналар туралы ғылыми негіздемесін келтірді.

Манар Смағұлдың айтуынша, вакцинаның 1-ші және 2-ші компоненттері арасындағы уақыт аралығының артуы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді. 
 
«Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 1 790 356 адам егілді, 722 504 адам екінші компонент салдырды. Өңірлерде 798 мың дозадан астам вакцина бар. Қажеттілікті ескере отырып, егу пунктерінің саны артып келеді. Өңірлерде иммундау жұмыстары мыңнан астам вакцинация орталығыында жүргізілуде. Алаңдаушылық тудырып отырған мәселе, «Спутник V» вакцинасының уақыт аралығы. Бұл аралық Ұлттық эпидемиологиялық және микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы директорының ресми мәліметі бойынша 45 күнді құрайды. Сонымен қатар, 2-ші компонентті 1-ші компонентті салдырғаннан кейін 21 күннен 90 күнге дейін алуға болады. 1-ші және 2-ші компоненттер арасындағы аралықтың жоғарылауы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтінін ескеруіміз қажет. Адамдардың көбінде COVID-19-ға қарсы вакциналар ауру тудырады деген қорқыныш әлі де бар. Бірақ ұсынылған вакциналардың ешқайсысында COVID-19 тудыратын тірі вирус жоқ. Демек, вакцинадан кейін адам COVID-19 ауруымен ауыра алмайды» деді маман.

Оның айтуынша, кез келген вакцина секілді COVID-19 жұқпасына қарсы вакциналар да жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Оларда көбі жеңіл түрде бірнеше күннің ішінде өздігінен кетеді. Бүгінде жүргізіліп отырған мониторингке сәйкес, Қазақстанда күтілетін реакциялар 0,3% құрайды. Оның ішінде 57%-ы – жалпы реакция, 43%-ы – жергілікті реакция.
 

Сондай-ақ оқыңыз