Жамбылдағы зауыт күзге қарай 1 млн доза вакцина шығармақ

Жарияланды
Қазір айына 100 мың доза вакцина өндіріледі

Жамбыл облысындағы вакцина шығаратын зауыт күзге қарай 1 млн доза вакцина өндірмек. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мәлім етті. 

 Сәуір және мамыр айларында – 50 мың доза, маусым айында  100 мың доза вакцина шығарылса,  шілде-тамыз айларында –  500 мыңға, қыркүйекте 1 миллионға жетуі тиіс.

Аталмыш зауыт басқа да  вакцина түрлерін шығарады. Вакциналар адамдарға да, жануарларға да арналған. Сондай-ақ өндіріс пен технологиялар КВИ штамдарының кез келген түрі мен мутациясына бейімделеді. Ол үшін сарапшылармен ынтымақтастық орнатылған.

Аймақ басшысының айтуынша, пандемия кезінде де жұмыс тоқтамаған. 

«Пандемия мен дағдарыс кезінде бұл елдерден жабдық әкелу оңай емес. Бір ғана мысал, біз кейбір жабдықтарды Шанхайдан аламыз, біздің елшіліктің қолдауымен станциядан станцияға дейінгі қозғалысты қадағалаймыз. Бүгінгі таңда барлық құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстары наурыз айында аяқталды, жылумен, сумен, газбен қамтамасыз ететін барлық қосалқы нысандар, абаттандыру жұмыстары бітті» деді облыс әкімі. 

Қажетті құрал-жабдықтың 99%-ы жеткізіліп,  жөндеу және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

«Алдыңғы күні техникалық тұрғыдан алғаш рет іске қостық, сынап көрдік, бәрі жақсы. Жабдық валидациясы аяқталғаннан кейін технологияларды тексеру басталады, содан кейін мамандармен, оның ішінде шетелдіктермен бірге денсаулық сақтау министрлігімен, білім министрлігімен сертификаттау, яғни GMP талаптарына сәйкестігін етксеру жүргізіледі – кем дегенде 1,5 ай қажет – содан кейін олар сертификат алып, лицензиялаудан өтуі керек. Қыркүйек айында өзіміздің қазақстандық вакцинамызды құйып, шығаруды жоспарлап отырмыз» деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, Жамбыл облысы, Қордай ауданының Гвардейский кентінде вакцина шығаратын зауыт құрылысы бір жыл бұрын басталған еді. «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ жанындағы иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысына жалпы 7 млрд теңге қарастырылған. Былтыр 5,3 млрд теңге жұмсалса, биыл 1,6 млрд теңге бөлінген. 
 

Сондай-ақ оқыңыз