«Үнді» штамы: Елордада карантин қатаңдап, шекарада бақылау күшейтіледі
Күні кеше еліміздің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанға коронавирус инфекциясының «дельта» штамы, яғни, халық арасында «үнді штамы» аталып кеткен түрі жетуі мүмкін деп мәлімдеген еді. Дельта штамының таралу қарқыны жоғары, салдары да ауыр. Инкубациялық кезеңі де қысқа. Коронавирус инфекциясының жұққаны, әдетте, 14 күн ішінде белгілі болса, бұл штамм 7 күн ішінде белгі береді. Осы орайда үкімет басшысы Асқар Мамин бүгін үкімет отырысында коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия жиынын өткізіп, бас қалада санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласы әлі «қызыл» аймақтан шыға алмай тұр, вирус жұқтырғандар саны азайған жоқ. Үкімет басшысы осы уақытқа дейін қолға алынған шаралар жеткіліксіз және вакцина салдыру қарқыны төмен деп атап өтті.
«Елордада коронавирус инфекциясының таралуы жылдам, салдары да ауыр дельта-штамы мутациясы анықталып отыр. Сондықтан ведомствоаралық комиссия отырысып өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдату шараларын қолға алуды тапсырамын» деді үкімет басшысы.
Қазіргі кезде елдегі жағдай тұрақты болғанымен, көрші мемлекеттердегі ахуал нашарлап бара жатқанын айтып өткен премьер-министр мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтуді тапсырды.
Десаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 4 пайызға өскен. Вирустың репродуктивтік индексі 1-ді құрайды, инфекциялық төсек орындар – 25%, реанимациялық төсек орындар 21%-ға толы.
Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта» тұрса, «сары аймақта» 5 өңір: Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған 11 өңір – «жасыл аймақта».
Бүгінгі таңда 2,8 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші бөлігін, 1,7 млн-нан астамы екінші компонентін алған.