Коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес барасында президент былтыр жаздағы жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын айтты, деп хабарлайды Ақорда.
«Соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артып кетті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын» деді мемлекет басшысы.
Президент эпидемиологиялық ахуал нашарлап бара жатқанын, әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі екенін атап өтті.
«Былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, осы мәселеде олқылықтар бар» деді мемлекет басшысы.