Мұрагерлікті қалай рәсімдеу керек?

Жарияланды
Мұрагерлікті қабылдауға да, бас тартуға да болады

Мұрагерлік туралы қызық оқиғалар мен естеліктерді ертегіден жиі оқитынбыз. Бәлкім қазақ арасында кеңінен таралмаған шығар, бірақ адамзат баласының тарихында дүние-мүлкін мұрагерлікке қалдыру – кең таралған дәстүр. 

Бірінші кезекте есте сақтау керек нәрсе – дүниеден өткен адам өсиет қалдырмаған жағдайда мұрагерлік туралы заң күшіне енеді. Егер дүниеден өткен адам көзі тірісінде қалдырған тиісті құжат бар болса онда мүлік сол адамның атына аударылады. Ол туысы да, басқа адам да болуы мүмкін. Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-аналары, өсиеттің мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлік жағдайында олардың әрқайсысына тиесілі болатын үлестің кемінде жартысын алады. 

Егер ерлі-зайыптылардың соңғы бес жылда бөлек тұрғаны дәлелденетін болса онда сот шешімімен әйелі/күйеуі мұрагерліктен аластатылады. 

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 6-бөлімінде жазылғандай мұрагерліктің заңды мұрагерлік және өсиетпен қалдырылған мұрагерлік деген екі нұсқасы бар. 

Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады.

Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi – тең үлеспен алады.

Мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастарының (сiңлiлерiнiң) балалары (мұра қалдырушының немере iнi-қарындастары, жиендерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады.

Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. 

Егер бiрiншi, екiншi және үшiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагерлiк құқығын мұра қалдырушының алдыңғы кезектердегi мұрагерлерiне жатпайтын, үшiншi, төртiншi және бесiншi туыстық дәрежесiндегi туыстары алады.

Туыстық дәрежесi туыстарды бiр-бiрiнен сатылап алшақтататын туу санымен айқындалады. Мұра қалдырушының өзiнiң дүниеге келуi бұл қатарға жатпайды.

Кезек анықталғаннан кейін заң бойынша мұрагерлікті қабылдап алу процесі басталады. Ал егер азамат мұрагерлікті өсиетпен қалдырғысы келсе, өсиетін нотариус арқылы рәсімдеп, мүлкіне байланысты деректерін құжатқа айналдыруы керек. Өмірде өсиетпен келіспейтіндер де, сөйтіп сот арқылы өсиет талаптарын бұзатындар да бар. 

Ал аяқ асты қайтыс болса заң негізінде артында қалғандар мұра ашылған күннен бастап алты ай уақыт ішінде мұрагерлікті қабылдауға міндетті. Не болмаса осыншама уақыт ішінде бас тартуы қажет. 

Мұрагерлікті қабылдау үшін қайтыс болған адамның тұрғылықты жері бойынша нотариусқа барып өтініш жазу керек. Ол үшін заңда көрсетілген тиісті құжаттарды да жинайды. Нотариусқа өтініш берген соң алты айдай уақыт күту керек болады. Осы мерзім аяқталған соң мұрагер мұрагерлікке өзге үміткердің жоқтығын дәлелдеуі қажет. Мұны ол белгілі басылымдардың біріне мұра қалдырушы азаматтың өлімі туралы хабарлама жариялау арқылы дәлелдей алады. 

Бәрі дұрыс болған жағдайда нотариус мұрагерлікке құқық туралы куәлік береді. Ол куәлікті ХҚКО-да немесе нотариуста тіркеу керек. Мемлекеттік тіркеусіз меншік құқығы күшіне енбейді. 

 
  
 

Сондай-ақ оқыңыз