Қуаңшылық құрдымынан қалай шығамыз? Мемлекет тиімді стратегия жүргізе алып отыр ма?

Жарияланды
Маңғыстау және Қызылорда облыстарына үкімет резервінен қаражат бөлінген

Жазда еліміздің бірқатар өңірінде құрғақшылық болып, күтпеген жерден келген жұт мал өсірушілерді кәдімгідей тығырыққа тіреді. Тіпті еріктілердің өзара күш біріктіріп шөп жауып, оны мұқтаж өңірлерге жеткізуге күш салғаны да белгілі. Үкімет кеш те болса іске кірісті. Діттеген жерге қаншалықты тура жетері және қаншалықты әділ игерілері белгісіз – мемлекет буат-буат ақша бөле бастады. 

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, құрғақшылықтан зардап шеккен мал өсірушілерді қолдауға қазақстандықтар жинаған қаражатты әкімдіктер бөлмек. 

Қызылорда облысы үшін 1,7 млрд теңге және Маңғыстау облысы үшін 5,3 млрд теңге жемшөп сатып алуға және қыстауға жеткілікті болады дейді үкімет өкілі. Ол сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер бюджеттік ақша мен қазақстандықтар жинаған қаржыны бөлумен айналысатынын атап өтті. 

«Қызылорда облысына резервтен берілген қаражат жеткілікті, облыс қосымша қаражат сұрамайды. Маңғыстау облысына 5,3 млрд теңге беріледі, егер мәселе шешілсе, жағдай одан әрі нашарламайды, фермерлер осы қаражатпен аман-есен шығып, негізгі аналық мал басын сақтап қалуы тиіс. Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған қор қаражатына келетін болсақ, қазір Қазақстанда еріктілер өте көп. «Қазақстан Темір Жолы» тамыз айының соңына дейін «Қызылорда – Маңғыстау» бағыты бойынша азық тасымалдауға ағымдағы тарифке 77% жеңілдік берсе де, қалғанын еріктілер көбіне төлей алмайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Маңғыстау облысында төтенше жағдай жарияланбаған, біз бұл ақшаны жібере алмаймыз. Мұны әкімдік, қоғамдық кеңес шешеді. Бұл қаражатты жалпы келісім бойынша тасымалдауға жіберуге болады, еріктілерге жиналған шөпті жеткізуге көмектесуге болады» деді ведомство басшысы.

Қарашөкеевтің айтуынша, Үкімет резерві тарапынан Маңғыстау облысына 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат жергілікті бюджетке жетті, бүгінде әкімшілік оны үлестіре бастаған. Айта кету керек, резервтен бөлінген қаржы арнайы мал азығының бағасын арзандатуға ғана арналған. 

«Жеке қосалқы қожалықтарға және шаруа қожалықтарына берілетін бұл ақша мал азығын арзандатуға арналған. Оны жергілікті әкімшіліктер жеке қосалқы шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының тізімдерін нақтылап таратады. Бұл қаржы сатып алған мал азығын, жемшөпті арзандатуға ақшалай түрде алынатын болады. Қаражат тамыз айының соңына дейін игерілмек. Резервтен бөлінген қаржы арнайы мал азығының бағасын арзандатуға ғана арналған. Басқа ешқандай мақсатта жұмсалмайды» деді Қарашөкеев. 

Сонымен қатар, қыркүйек айынан кейін шөптің болмау қаупіне байланысты жемшөп резервін құру үшін 5,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау облысының әкімшілігі 25 мың тонна шөп, 35 мың тонна жем сатып алуды жоспарлап отыр. Министрлік өкілінің сөзінше, пайдаланылатын жайылым алқаптарының өнімділігін арттыру және олардың шекарасын кеңейту – мал шаруашылығының маңызды проблемаларының бірі. 

«Бүгінгі таңда «жайылым айналымы» сөзі қолданылмайды, бірақ бұл ұғым мал шаруашылығының тұрақты дамуының маңызды факторларының бірі болып табылады. Жайылым айналымының болмауы еліміздің әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарында жайылымдық жерлердің 20%-дан 50%-ға дейін тозуына әкелді. Түсетін жүктеме артады. Жайылым айналымы ережелерін сақтау туралы норма «Жайылымдар туралы» заңда да бекітілген және жер учаскесін жалдау шартында көрініс табуы тиіс. Оны орындау әрбір жер пайдаланушының тікелей міндеті. Алайда, тиісті техниканың болмауына байланысты оны бақылау мүмкін емес. Бұл қажетті қолданбалы ғылыми зерттеулерді қажет етеді» деді Қарашөкеев. 

Жүйелік мәселелерді шешу жүйелік әрекеттерді қажет етеді  дейді ол. Мал шаруашылығының мал азығы базасы мәселесін шешу үшін – егіншілікті әртараптандыру, суды үнемдеу, тұқым шаруашылығын дамыту басты факторлар болып отыр. 

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ең алдымен егіншілікте нақты әртараптандыру жүргізу қажет. Оған қолжеткізу үшін жер пайдаланушылар ғылыми негізделген ауыспалы егісті қатаң сақтауы қажет. Өкінішке орай, іс жүзінде бәрі басқаша. 
 

Сондай-ақ оқыңыз