Алдағы жылдары Ұлттық қордан қанша қаржы алынбақ?

Жарияланды
Мұнайдан түсетін түсім қанша?

2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,9 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Ал 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдейді.  ҰЭМ ұсынған базалық сценарий бойынша,  жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 4,8 пайызды құраса, оптимистік сценарий бойынша  5,0 пайыз өсім көрсетуі тиіс. Ал пессимистік сценарий кезінде өсім 4,6 пайыз болмақ. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсер Ерғалиев еліміздің 2022 – 2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

 «Бюджетті жоспарлауға негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. Ал 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдейді» деді Әсет Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийін әзірлепті. 

Министрдің айтуынша, 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал 2026 жылы 119,9 триллион теңгені құрайды.2022 жылы 87,9 миллион тонна мұнай өндіріліп, 2026 жылға қарай 107,4 миллион тоннаға дейін артпақ.

Сонымен қатар, тауарлар экспорты 60,1 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай 79,8 миллиард АҚШ долларына жетуі ықтимал. 

«Тауар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард АҚШ долларынан 2026 жылы 43,4 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды.Сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард АҚШ долларынан 36,4 миллиард АҚШ долларына дейін өседі.Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді» деді министр. 

Болжам бойынша республикалық бюджет кірісі (трансферттерді есепке алмағанда), 2022 жылы  – 9,2 триллион теңге, 2023 жылы – 9,7 триллион теңге, 2024 жылы 10,4 триллион теңгені құрайды.

Министрлік кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы – 2,4 триллион теңге, 2023 жылы – 2,2 триллион теңге және 2024 жылы – 2,0 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынды.

Осыны ескере отырып, 2022-2024 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әсірленген.  Министрлік  сонымен қатар Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тартуды ұсынып отыр. 

Республикалық бюджет шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы – 15,6 триллион теңге және 2024 жылы 16,0 триллион теңгеге жетуі мүмкін.

Мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары болса, мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3,0 триллион теңгеге дейін өседі.

Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша  Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы  55,3 миллиард АҚШ долларынан 2024 жылы 61,6 миллиард АҚШ долларына дейін өсуі тиіс.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында  экономиканың тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін орта мезімді экономикалық саясат шеңберінде, келесі шаралар қабылданатын болады:  макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру, өңірлердің теңгерімді дамуы, экономиканы әртараптандыру, бизнес-ахуалды жақсарту, цифрлық экономика, адами капиталды және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін дамыту. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде ұсынылып отырған 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заң жобасын және 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы Жарлық жобасын қолдауларыңызды сұраймыз» деді министр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз