Қазақстандық шенеуніктердің шетелдік банктерде қанша қаржысы жатыр?

Жарияланды
Жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі қорытындыланды

Қазақстандық 440 шенеуніктің 58 шетелдік банкте есепшоты бар. Бұл есепшоттарда 691 млрд теңге қаржы жатыр. Декларация тапсырғандардың арасында 494 адамның шетелде 666 жылжымайтын мүлігі бар. Декларациялау кезеңдері мен оны жүзеге асыру туралы өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевның айтуынша, қазіргі кезде 497 мың азамат деклация тапсырған. 

Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Мемлекет осы бастама арқылы жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күресіп, қазына қаржысын молайтпақ ниетте. Табысын ашық жариялау кезең-кезеңімен өтеді. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайлары табысын декларациялайды.  

 Мемлекеттік қызметкерлер есепшотты Ресей Федерациясы, Америка Құрама Штаттары, Швейцария банктерінде көптеп ашқан.  494 жеке тұлғаның  26 елде жылжымайтын мүлігі бар. Соның ішінде Ресейде – 436 нысан,  Біріккен Араб Әмірліктерінде –  44,  Түркияда 38 мүлік сатып алынған. 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралына иелік етеді. 

«Бұл санаттағы азаматтардың біршама дайындығы бар. Олардың 99,9%-ы салық есептілігін электронды түрде ұсынған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы «кіріс»  декларациясын екінші  кезекте тапсырады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаумен бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) жұбайларымен қамтылады» деді спикер. 

Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қазақстандық декларация тапсыруы тиіс. Алдын ала деректер бойынша, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 13 млн адам кіреді. Мамандардың айтуынша, декларациялау рәсімі барынша жеңілдетілген.

Декларацияда:

  • шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттардағы барлық банктік салымдар бойынша 1000 еселенген АЕК-тен асатын сомадағы ақша;
  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
  • бағалы қағаздарды және 31 желтоқсандағы жағдай бойынша басқа да деректерді көрсету қажет. 

Декларация тіркелген мекен-жайдағы салық органына тапсырылады. 

«Қабылданған 512 мың декларацияның ішінде ең көп таралған өтінім беру тәсілі – e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы, декларацияның тең жарымы осы қосымшада тапсырылған. «Салық төлеушінің кабинеті» және СОНО арқылы – 40% , «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 5,5% деклариция тапсырылды» деді МКК өкілі.  

Кейбір азаматтар артық дүние-мүлкін жасыру үшін туған-туыс пен жақындарының атына тіркеп қоюы, түрлі актив пен капиталды шетке шығару схемасын қолдануы мүмкін. Алайда алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің ата-анасы, кәмелеттік жасқа толған балалары да декларанттар қатарына кіреді. Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты да сол – барлық азаматтардың активтері мен тапқан табысының ашықтығын қамтамасыз ету. 

Сондай-ақ оқыңыз