Қазақстанда 13 елдің вакцина паспорты жарамды
Енді Қазақстан аумағында Аргентина, Иран, Армения, Беларусь, Сан-Марино және Эстонияның вакцина паспорты жарамды. Қазақстан жалпы саны 13 елдің вакцина паспортын мойындаған. Бұл туралы Бас мемлекеттік дәрігер Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысында жазылған.
Бұған дейін Қазақстан Венгрия, Таиланд, Моңғолия, Грузия, Қырғызстан, Молдова және Түркияның вакцина паспортын мойындаған еді.
«Аргентина Республикасы, Мажарстан, Грузия, Иран Ислам Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Молдова Республикасы, Сан-Марино Республикасы, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Таиланд,Түркия Республикасы және Эстония Республикасы азаматтарының вакцинация паспорттары/сертификаттары/анықтамалары Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылсын» делінген қаулыда.
Бұл дегеніміз, осы елдердің азаматтары вакцина паспорты болса, шекарадан ПТР-тест тапсырмай-ақ өте береді деген сөз.
Ал Қазақстанның вакцина паспорты 11 елде жарамды. Коронавирусқа қарсы толық вакцина алған қазақстандықтарға Беларусь, Венгрия, Вьетнам, Грузия, Египет, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Оман, Таиланд және Түркияға баруға болады.