1 желтоқсаннан бастап полиция бөлімшелері бейнекамералармен жабдықталады
1 желтоқсанға дейін тәртіп сақшыларының халықпен жұмыс жасайтын кеңселеріне бейнебақылау камералары орнатылады. Бұл туралы Ішкі істер вице -министрі Сәкен Сәрсенов 25 қазанда өткен брифингте мәлімдеді.
Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін республика бойынша 16 658 бейнекамера орнату жоспарлануда. Вице -министр Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында Ішкі істер министрлігіне халықпен жұмыс жасайтын түзеу мекемелері мен полиция бөлімшелерін үздіксіз бейнебақылауды қамтамасыз ету міндетін қойғанын еске салды.
«Қазір барлық полиция бөлімшелерінде бейнебақылау жүйесін орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, ол ағымдағы жылы аяқталады. Нәтижесінде 16 658 камера орнатылады. Осылайша, полицияның өзі де бейнебақылауда болады, бұл олардың қызметін халық үшін ашық етеді және қызметкерлердің әрекетіне шағымдар санын азайтады », – деді ол.
Оның айтуынша, біз, әсіресе, тергеушілер, анықтаушылар және азаматтармен жұмыс жасайтын басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы айтып отырмыз.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 33 966 камера орнатылады. Соның ішінде ағымдағы жылды қоса алғанда, бейнебақылаумен жұмыс істеу жағдайы ең қиын 29 мекеме қамтылса, қалған мекемелерде қашықтан бейнебақылаумен қамтамасыз ету 2023 жылы аяқталады.
Сәрсенов арнайы контингент ұсталатын және болатын жерлерге орнатылған камералардың барлығы қолмен алып тастау мен зақымдану мүмкіндігін қоспағанда, жоғары дәрежеде қорғалған вандалға төзімді болатынын атап өтті.
29 маусымда Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы барлық мектептер бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын, бірақ бұл камералардың 55 пайызы ғана оларға қойылатын талапқа сай екенін айтты.