Жаңғырмалы энергия көздері арзандап жатыр. Министр жасыл энергетиканың қалай дамитынын айтты

Жарияланды
Соңғы 3 жылда күн энергиясының тарифі 64%-ға төмендеген

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін 135 мыңға жуық қазақстандық газбен қамтылады. Қазіргі кезде жалпы ел бойынша газдандыру деңгейі 54,3%-ды құрайды. Алматы қаласы бойынша газдандыру деңгейі – 95%. Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребековтың айтуынша, Алматы қаласы Қазақстанның 95%-дан астам газдандырылған ТОП-5 облыстары мен қалаларының қатарына кіріп тұр. 

Биыл 13 өңірді газдандыруға шамамен 51 млрд теңге қарастырылған. Яғни, шамамен 135 мың адам газға қол жеткізетін болады.   

«Қазіргі күн тәртібіне газдандырылмаған аймақтар – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру шығып тұр. Қазіргі уақытта «Газпром» және «Қазтрансгазбен» бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін еліміз үшін барынша тиімді маршрутты анықтау және осы өңірлерді газдандыру міндеті алға қойылды. Содан соң қаржыландыру көздерін қарастыратамыз» деді энергетика министрлігінің өкілі.

Ал «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма мүшесі, инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директор Ернар Жанәділ Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесе салынатын энергетикалық холдингті «Астана» халықаралық қаржы орталығы негізінде құру көзделіп отыр дейді. 

«Бұл құрылым шеңберінде екі субхолдинг пайда болады. Оның бірі – қазір қолданыстағы электр энергетика нысандарын жаңарту жобаларына инвестиция құяды. Екіншісі жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды салуға қатысты шаруалармен айналысады. Энергетикалық холдингті арнайы комитет басқарады» деді спикер.

Брифингте Мұрат Жүребеков жаңғырмалы энергия көздерін дамыту мәселесіне де тоқталып өтті. Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға байланысты жобаларды жүзеге асыруға қатысты ашық электрондық аукциондар өтеді.  

«Соңғы 3 жылда өткізілген аукциондар нәтижесінде күн энергиясы тарифі 64%-ға, ал жел мен су тарифтері 23%-ға төмендеді. Бәсекелес ортаның дамуы бәсекенің күшеюіне, тиісінше, тарифтердің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, біз БАӘ-дегі стратегиялық серіктестермен ынтымақтастық бойынша жұмыс жүргізудеміз. Осының барлығы бәсекелестікке, түпкі нәтижесінде біздің тұтынушылар үшін тарифтердің төмендеуіне алып келеді» деп атап өтті Жүребеков. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жаңартылатын энергия көздері технологияларының өзі біршама арзандады дейді. 

«Он жыл ішінде күн энергиясының құны 9 есе төмендеді. Сондықтан инвестициялардың негізгі ағыны 2040 жылдан кейін болады деп жоспарланып отыр, өйткені прогресс орнында тұрмайды, жаңа технологиялар дамуда. 2040 жылға қарай технологияның құны төмендейді деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда көміртекті алу технологиялары әлі де қымбат деп айталық, осы кезеңге дейін 10, 15 немесе 20 жылдан кейін бұл технологиялар шынымен қол жетімді болады. Сондықтан 2060 жылға қарай қалдықтың бір бөлігін орман, егістіктер ұстайды, жартысы жаңартылатын көздерге көшеді, ал ауаға шығарылатын басқа заттарды көміртекті сақтау қондырғылары ұстап қалады деген үміттенеміз» деді экология министрі.

2060 жылға дейін энергетика секторын жаңғырту үшін шамамен 305 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту керек екен. 

«Қосымша инвестиция тарту көмір станцияларын жаңғырту, газ қондырғыларына көшу және жасыл сутегін дамыту үшін қажет. Сонымен қатар, көміртекті ұстау және сақтау технологияларын енгізу үшін 37,5 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет болады» дейді экология министрі.

Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребековтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 23 мың МВТ қуат бар, оның ішінде 53%-ы тозған. 2009 жылдан бастап осы күнге дейін шамамен 4,5 мың МВт қуат жаңғыртылды. Қалған 40%-ын инвестиция тартып, модернизациялау жұмыстарын жүргізу керек.  

«Қазіргі жоспар бойынша жаңа электр энергия қуаты шамамен 5 400 МВт құрайды. Оның ішінде 2 400 МВТ жаңартылатын энергия көздері, 1 600 МВт жуығы – қайта жаңғырту жұмысының нәтижесінде қосылатын электр қуаты. Сондай-ақ, 1 200 МВт – маневрлік қуат бойынша қазіргі таңда аукциондар өткізіліп жатыр. Аталған жобалар ел бойынша барлық өңірлерде қосылатын болады» деді Жүребеков.
 

Сондай-ақ оқыңыз