Қазақстанда 22 қарашадан ревакцинация басталады

Жарияланды 10 Қараша 2021 05:05

Елімізде 22 қарашадан азаматтарды коронавирусқа қарсы ревакцинациялау басталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі  Алексей  Цой хабарлады. 

Ревакцинация екі кезеңнен тұрады. 2022 жылдың I-II тоқсанына дейін жалғасатын бірінші кезеңде 1 миллион адамды вакцинациялау жоспарланған.

Олардың қатарында: 

  •  тәуекел тобындағы  адамдар (медициналық қызметкерлер, мұғалімдер, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері);
  • 60 жастан асқан адамдар;
  • өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге теріс сынақ нәтижесін алған адамдар бар. 

Ревакцинацияның екінші кезеңі 2022 жылдың қаңтарында басталады. Бұл кезеңде үшінші дозаны 6-9 ай бұрын вакцинаның бірінші бөлігін салдырған барлық мүдделі азаматтар ала алады. Екінші кезеңде 6,2 миллион адамға екпе салу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша қазіргі кезде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.  Вирустың репродуктивтілік индексі 0,90 құрайды. Инфекциялық ауруханалардағы орындардың жүктемесі – 30%, ал реанимациялық орындардың жүктемесі – 26%. 

Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8,5 млн жуық адам, екінші компонентін 7,7 млн астам адам салдырған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз