Kursiv-20 индексі өткен аптада 47,15 пункт қосты

Жарияланды
Kursiv Research редакторы
Қандай компаниялардың акциялары қымбаттағанын айтамыз

Өткен жетіде Қазақстан қор биржасы (KASE) тізіміндегі және Курсив-20 индексіне енген 20 эмитенттің қағаздары алдыңғы аптада құлдыраған бағасын қайта қалпына келтіріп алды. Индекс мәні 1 298,47-ден (03.11.2021 сауда күнінің соңындағы) 1 345,62 пунктке (10.11.2021 ж. 15:00 жағдай бойынша) өсті.

Қазақстандық эмитенттер арасында екі компанияның: Қазатомөнеркәсіп (+ 10,6%) пен ЦентрКредит Банктің (+ 6,4%) бағалы қағаздары  айтарлықтай өсім көрсетті. «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының өсуіне дүние жүзінде жасыл энергетикаға деген қызығушылықтың артуы себеп болды. Қазақстандық эмитенттердің арасында бұл аптада KEGOC (-2,0%) және Kcell (-0,2%) акциялары арзандады. 

«KEGOC» акциялары 2021 жылдың маусым айының соңынан қымбаттай  бастап,  бағалы қағаздар 2 қараша күні 1 925 теңге шамасында саудаланып, шарықтау шегіне жетті. Бір күн бұрын компания биылғы жартыжылдық үшін дивидент төлейтінін хабарлаған еді. Ол таза табыстың 80 пайызын құраған. Ал үшінші қараша күні акционерлердің дивиденттен алған табысына қарамастан, акциялары біршама арзандады. 

KASE-де ұсынылған шетелдік эмитенттердің арасында Ford Motor Company (FMC; + 22,6%) және Газпромның (+ 14,8%) акциялары біршама қымбаттағанын атап өту керек. FMC акцияларының өсуіне Америка Құрама Штаттарынан келген жаңалық ықпал етті: инвесторлар электромобиль  шығаратын америкалық Rivian компаниясының алдағы IPO-сына қызығушылық танытып отыр. Ал FMC осы компанияның 14,4% акциясына иелік етеді. Осы жаңалықтың арқасында Rivian акцияларының бағасы 62 доллардан 78 долларға жетіп, ал компания құны 53 миллиард доллардан 76 миллиард долларға дейін өсті.

4-полоса-индекс-20-1-копия.jpg

Қазақстандық индекске қатысушылардың 03.11.2021-10.11.2021 аралығындағы негізгі корпоративтік оқиғалары.

Халық банк

Сейсенбі күні Халық банкі 22 қарашада Алматы уақыты бойынша сағат 19:00-де Zoom конференциясы өтетінін, онда банк басшылығы биылғы тоғыз ай мен ІІІ тоқсанның қаржылық нәтижелерін  жариялайтынын хабарлады. Бұл ретте осы кезеңдегі аудиттен өтпеген шоғырландырылған қаржылық есеп үш күн бұрын жарияланады.

Kcell

Ұялы байланыс операторы қор биржасына акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы шақырылып, онда директорлар кеңесінің мүшелері сайланатынын хабарлады. Кездесу 2021 жылдың 6 желтоқсанына жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйекте Люксембургтегі Pioneer Technologies S.A R.L. компаниясы (14,87%) мен  First Heartland Jusan Bank (9,08%) Kcell-дің жаңа акционерлері атанған еді. 

«ҚазТрансОйл»

Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор еліміздің ішкі нарығына мұнай  жеткізуге көрсетілетін ретттелетін қызметтің 1 тонна үшін 1 мың км-ге 4,3 мың теңге уақытша өтемдік тариф бекітілгенін хабарлады ( ҚҚС-сыз). Аталған уақытша өтемдік тариф 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап енгізіледі.

Банк ЦентрКредит 

15 жылдық теңгелей облигация(CCBNb29)  иелері бесінші рет 2,4 млрд теңге көлемінде купондық сыйақы алды.Бір облигацияның номиналды бағасы – 1 мың теңге, ағымдағы купондық мөлшерлеме –  4 пайыз, шығарылым көлемі –  60 миллиард теңге.

Сондай-ақ банк 9 қараша күні жылдық 12,5% өтеу кірістілігі бар 7 жылдық облигацияларын (CCBNb33) орналастыру арқылы нарықтан 5,1 млрд теңге тартты. Осылайша, жалпы сомасы 20 млрд теңге болатын облигациялық бағдарлама бойынша бірінші шығарылым өтіп, бір облигацияның номиналды құны 1 мың теңге болды.
 

Сондай-ақ оқыңыз