Pfizer вакцинасын салдыру ақылы болады
Pfizer вакцинасын салдырғысы келгендер оны сатып ала алады. Бұл вакцинаны негізінен балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау үшін әкелінген. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Comirnaty (Pfizer) вакцинасын коммерциялық нарықта сатуды ұсынды. Үкімет министрдің ұсынысын қолдады.
«Біз қазір ДДСҰ ұсынысы бойынша вакциналауға жататын адамдар санатын кеңейтіп жатырмыз. Жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау басталды. Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын» деді А. Мамин.
Бұл вакцина 12 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, бала емізетін және жүкті әйелдерге тегін салынады.
«Файзер вакцинасын коммерциялық негізде сатуға рұқсат алдық. Қазақстанның барлық өңірлеріне жыл соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Вакцина бағасын кейінірек қызмет көрсетушілер анықтайды» деп жазды Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстанға Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілген еді. Екінші партия 20 қарашаға дейін жеткізіледі деп жоспарланған.
Қазіргі кезде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында Pfizer вакцинасын салу жұмысы басталды.
2021 жылғы 16 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы вакцинаның І компонентін 8 556 638 адам салдырса, II компонентін 7 840 876 тұрғын алған.
Қазақстанда ревакцинацияны биыл 22 қарашадан бастау жоспарланған. Бұған дейін қандай вакцина салдырғанына қарамастан, екінші компонентті алған сәтінен 6-9 ай өткен азаматтар қайта вакцина салдыра алады.