«Самұрық-Қазынаның» ІРО-ға шығатын компаниялары листингке дайын ба?
2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жекешелендіру жоспары шеңберінде «Самұрық-Қазына» құрамындағы «Air Astana» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ сынды компаниялар ІРО-ға шығады. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Самұрық-Қазына» Қорының портфельдік компанияларын листингін өткізуге дайындық тәсілдері пысықталды, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.
Кеңес барысында қор нарығына шығудың мерзімдері, капитал тартудың озық халықаралық іс-тәжірибесін іске асыру мүмкіндіктері, жаһандық инвестициялық қоғамда және Қазақстанда отандық эмитентттерді ілгерілетудің практикалық механизмдері талқыланған.
Алдағы уақытта ІРО өткзуді көздеп отырған компаниялардың топ-менеджменті жария нарыққа шығу жағдайы мен орналастыруға қатысты жоспарларын баяндады.
«2015 жылы Елбасы ұсынған мемлекеттік активтерді жекешелендіру стратегиясы тек капитал нарықтарын дамытуға бағытталып қана отырған жоқ, ол сонымен бірге бұл компаниялардың тиімділігін арттыруға және олардың мемлекет үшін жоғары табыстылықты генерирлеулеріне ықпал етеді. АХҚО юрисдикциясы мен инфрақұрылымы жекешелендіру бағдарламасын АХҚО алаңында іске асыру үшін барынша тартымды шартттар ұсынып отыр, бұған «Қазатомөнеркәсіптің» сәтті кейсі дәлел бола алады» деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жергілікті нарықта «Халықтық ІРО» бағдарламасының жеке элементтерін бейімдеп, халықаралық капитал нарығына шығу жоспарларын бірге пысықтауға әзірміз деп атап өткен:
«Ел басшылығы мен Үкімет Қор мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы алдына инвестиция тарту және қор нарығын дамыту жөнінде үлкен міндеттер қойып отыр. Қор мен АХҚО ынтымақтастығының басым бағыттарының ең маңыздысы – ірі портфельдік компанияларын AIX биржасында ІРО-ға шығару. Біз жергілікті нарықта «Халықтық ІРО» бағдарламасының жеке элементтерін бейімдеп, халықаралық капитал нарығына шығу жоспарларын бірге пысықтауға әзірміз. Мұндай әдіс жалпымемлекеттік міндеттерге және Қор мен оның компанияларының мүдделеріне сай келеді».
Ал AIX басқармасының төрағасы Ренат Бектұров бұл ІРО-ға жеке инвесторлардың қатысуына толық жағдай жасалуы қажет деп пайымдайды.
«Бөлшек сауда инвесторлары алда өткізілгелі отырған ІРО-ға қатысудың кең мүмкіндіктерін алулары тиіс. Жария нарық үшін ұсынысты ол барынша қолжетімді болатындай және инвесторларды тек сатып алу мен сатуға ғана емес, сонымен бірге акцияларды портфельде ұстауға да ынталандыратындай етіп құрылымдау керек» деп атап өтті Ренат Бектұров.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикасын байланыстыра отырып, аймақтағы бизнес пен қаржы орталығы ретінде басты рөл атқарады.
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа өз қызметін ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осы арқылы инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады.