Қарашада елдегі жылдық инфляция бәсеңдеп 8,7%-ды құрады
Қарашада елдегі жылдық инфляция бәсеңдеп 8,7%-ды құрады (қазанда – 8,9%), бірақ 4 өңірде инфляцияның жеделдеуі байқалды. 11 өңірде инфляция бәсеңдеп, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Инфляцияның ең тез бәсеңдеуі Қарағанды облысында (қазандағы 9,6%-дан қарашада 8,9%-ға дейін) және Атырау облысында (9,2%-дан 8,5%-ға дейін), ең тез жеделдеуі Шығыс Қазақстан облысында (8,8%-дан 9,2%-ға дейін) орын алды. Жылдық инфляция 10 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары қалыптасты: Маңғыстау (9,4%), Шығыс Қазақстан (9,2%), Ақмола (9,0%) Түркістан (9,0%), Қарағанды (8,9%), сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында (8,8% дан).
Елімізде айлық инфляция 0,7% құрады, бұл соңғы 5 жылдағы (2016-2020) орташа өсімнен төмен. Ағымдағы жылдың қараша айында өзінің орташа нормасынан артық өсім тек Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында тіркелді (сәйкесінше, 1,2% және 1,1%). Қалған өңірлерде бағаның айлық өсу қарқыны соңғы 5 жылғы нормасының айналасында немесе одан төмен деңгейде қалыптасты. Айлық инфляцияның өсу қарқынының айтарлықтай бәсеңдеуі Түркістан, Қарағанды, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында орын алды.
Бұл өңірлерде қараша айының соңғы 5 жылдағы нормасы әлдеқайда жоғары.