Сақтандыру саласының жай-күйі қандай?

Жарияланды
Компания басшылары сақтандыру мәдениетінің әлі де төмен екенін айтады

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сақтандыру сыйақысының көлемі 47 пайызға өсіп, 604,95 млрд теңгеге жетіпті. Ұлттық банктің хабарлауынша, өсім сақтандыру нарығының барлық сегментінде байқалады. Әсіресе, өмірін сақтандырғысы келетін азаматтар саны еселеп өскен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, 9 айда сақтандыру компанияларымен келісім жасаушылар саны 2020 жыл көрсеткішінен 34,4 пайызға асып түскен. 

Үш тоқсанда азаматтарға 90,75 млрд теңге төленген. Бұл 2020 жылдың үш тоқсанындағы төлемнен 22,08 пайызға аз. Ұлттық банк дерегінше, төлем тек қана тәуекелді сақтандыру сегментінде ғана төмендеген, ал өмірді сақтандыру сегментінде керісінше төлем көлемі 14 пайызға өскен. «Халык-Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Жанар Жұбаниязова пандемия сақтандыру саласында цифрлы технологияларды дамытуға серпін берді дейді. 

«Секторда сақтандыру өнімдері онлайнға көшіріліп, мобилді қосымшалар пайда болды. Құжат айналымының кейбір бөлігі қашықтан басқару режиміне ауысты. Клиентке ақпаратты тез жеткізу үшін чат-боттар енгізілді. Компаниялар әлеуметтік желіні кең көлемде пайдалана бастады. Осының бәрі клиент пен компания арасындағы оффлайн қатынасты азайтты, сол арқылы клиенттердің уақыты үнемделді. Қазір қарапайым өнімдерді компания сайты арқылы 5 минутта сатып алуға болады. Серіктестермен, мемлекеттік базамен интеграция жасаудың арқасында қызметтерді тұтыну біршама жеңілдеді» дейді Жанар Жұбаниязова. 

Маркетплейс, мобилді қосымша, сайт секілді сатылымның жаңа каналдарының дамуы; жекелеген сақтандыру өнімдері бойынша делдал қызметінен бас тарту; клиенттерге қызмет көрсетудің жеделдеуі – бизнестің жаңа моделін қалыптастырып, тың трендке айналды. 

«Big-data технологияларын пайдалану мәліметтердің қосымша көлемін талдауға және пайдалануға, содан кейін олардың негізінде тәуекелдерді бағалау, баға белгілеу, нарықты сегменттеу, маркетинг саласында модельдер мен шешімдерді және жаңа өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Сақтандыру бизнесін цифрландыру нәтижесінде өнімдер түсінікті әрі арзан бола түседі» дейді «Халык-Life» төрағасы. 

«Коммеск-Өмір» страховая компаниясының басқарма төрағасы Олег Ханин сектордың келешегі InsureTech-ке байланысты екені толық айқындалды дейді. 

«Оны қарапайым мысалдан да түсінуге болады. Кез келген адам үшін денсаулық, үй, және көлік маңызды. Жақын келешекте осы бағыттар үшін жаңа сақтандыру өнімдері жасалады. Мысалы, КАСКО-дағы телематика (жүргізушіні бақылау жүйесі – ред). Бұл жүйе көлік апатын азайтады. Қазір әлемде жүргізушісіз көліктер сынақтан өткізіліп жатыр. Егер ол қолданысқа енер болса автокаско бойынша барлық сақтандыру өнімдері өзгеріске ұшырайды» дейді Олегь Ханин. 

Мысалы, Smart Health Insurance өз денсаулығыңды басқаруға арналған құралдармен интеграцияланса, келешекте ақылды үйлер қожайынын оятады, автокөлікті қыздырады, кофе дайындайды. Ханиннің сөзінше, болашақта осындай жайлы жағдайға ие, денсаулығын күтетін және зиянды әдеттен аулақ азаматтар сақтандыру құнын азырақ төлейді. 

Әрине, сақтандыру қызметін тұтыну үшін халықтың әл-ауқаты да жоғары болуы тиіс. Жақында өткен қаржыгерлердің IX конгресінде мамандар батыста сақтандыру қызметімен халықтың 90-95 пайызы қамтылса, бізде 37 пайыз төңірегінде екенін және халық табысының аздығы да сектор аясын тарылтып тұрғанын мәлімдеді. Сақтандыру мәдениетін арттыру үшін не істеу керек?

«Халықтың қаржылық сауаттылығын, қаржылық ақпараттарға қолжетімділігін арттыру керек. Көп клиент ара-жігін ажыратып жатпай түрлі өнімдерді сатып ала салады. Негізінен міндетті саналатын автокөлік, кепілді мүлік немесе қарыз алушыны сақтандыру сияқты қызметтер ғана сұранысқа ие. Көбі тұтынушының қандай құқығы бар екенін, ол бұзылса не істеу керек екенін біле бермейді. Ол үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға күш салып, сақтандыру өнімдерінің мәні мен маңызын түсіндіру қажет» дейді Жанар Жұбаниязова. 

Осыған қарамастан секторда позитивті тенденциялар бар дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова. Соңғы үш жылда нарық активтері 64 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені құраған. Міндетті сақтандырудың барлық түрлері электронды форматқа көшірілген. 

«Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілді және 2020 жылы Unit-linked-тің инвестицияларға қатысуымен алғашқы сақтандыру шарттары жасалды. Жинақтаушы сақтандыруда 2021 жылғы қаңтардан бастап ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдері бойынша салық жеңілдіктері енгізілді. Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігін арттыру үшін оның ең төменгі құны 40%-ға дейін төмендетілді және кейінге қалдырылған аннуитет енгізілді. Нәтижесінде сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемінде ерікті жеке сақтандырудың үлесі 43%-ға дейін ұлғайды. Осылайша, біз жинақ құралы ретінде өмірді жинақтаушы сақтандырудың өсуін байқаймыз» дейді агенттік төрағасы. 

Қазір бізде 27 сақтандыру ұйымы жұмыс істесе, соның 9-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Сақтандыру мәдениеті қалыптаспаса олардың толайым табыстан қағылғаны қағылған. Енді оған цифрландыру үрдісі келіп қосылып, сектор жұмысын тіпті қым-қиғаш етіп жіберді. 

McKinsey сарапшыларының болжауынша, 2025 жылға таман корпоративті табыстың 30 пайызын цифрлы бизнес-экожүйелер беретін болады. Міне, осыған қарап «алаған қолым береген» дейтін компаниялардың жан шырылын түсінуге болады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз