Бизнес пен қаржы саласында әйелдер үлесі қанша?

Жарияланды (жаңартылды )
Агенттік төрағасы гендерлік теңдік мәселесіне тоқталды

Қазақстанда бизнесте, қаржы саласында, экономикада әйелдер үлесі жыл санап артып келеді. 2016 жылы Президент Отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлық шығарған. Аталған Жарлыққа сәйкес, әйелдердің биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарындағы, мемлекеттік және корпоративтік секторлардағы үлесі 2023 жылы – 25 пайыз, 2030-ға қарай 30 пайыз болуы керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, әйелдердің экономикалық өмірге араласуының жеткіліксіздігі – әлемдік экономиканың өсуін тежейтін, жалпыға белгілі айғаққа айналған. Мұны ХВҚ және БҰҰ зерттеулері де растап отыр.

«Әр елдегі гендерлік теңдік пен әлеуметтік-экономикалық даму арасында оң байланыс бар. БҰҰ-ның пікірінше, әйелдер ерлермен бірдей тең құқық пен мүмкіндіктерге қол жеткізілмеген социум ешқашан орнықты дамуға қол жеткізе алмайды. Әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 1,1 млн адамға жетті. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7%-ды, жұмыс күші санының құрамында – 48,5%-ды, жұмыспен қамтылған халық үлесінде – 48,1%-ды құрайды. Бұл ретте Қазақстандағы қаржы және сақтандыру қызметі әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуымен сипатталады – олардың үлесі 57%-ды құрайды».

Төрағаның сөзінше, қаржы секторында шешім қабылдаудағы әйелдердің деңгейі бүгінгі күні басқа салалармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. 22 банктің 9-ын әйелдердің басқарып отырғаны, 16 банктің директорлар кеңесінің құрамында әйел азаматтар бар екені осыған дәлел. Сақтандыру секторында 27 басшының 9-ы – әйел, тағы екі әйел нарықтағы 9 компанияның ішінде сақтандыру брокерлерік компанияны басқаруда.

Агенттік басшысы қаржы ұйымдарына әйелдерді басшылық қызметтерге белсенді түрде тарту қажет деп санайды, себебі бұл сектор дәстүрлі түрде басқа салалар үшін үлгіге айналды.

«Гендерлік теңсіздік индексінің маңызды құрауышы – әйелдердің экономикалық белсенділік дәрежесі. Дүниежүзілік Банк зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда компаниялар иелерінің құрамында шамамен 30%-ы әйелдер, бұл ретте отандық кәсіпорындардың төрттен бір бөлігінде (23,8%) меншік иелерінің құрылымында көпшілігі әйелдер. Ұйымдардың 26%-да әйелдер басшылық құрамына енгізілген. Гендерлік теңдікке қол жеткізу және барлық әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту білім беруді, жұмыспен қамтуды, еңбекақы төлеуді және қаржыландыруға қолжетімділікті қоса алғанда, барлық бағыттарда дамуға тиіс».

Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді, гендерлік теңдікті және қаржыландыруға қолжетімділікті қолдайтын жобаларды қаржыландыруға бағытталған облигациялар шығарудың табысты мысалдары бар. 2022 жылғы ақпанда көлемі 38 млрд теңге болатын Азия Даму Банкінің арнайы жобасы аясында KASE сауда-саттық жүйесінде 14 млрд теңге сомасына гендерлік облигациялардың екінші шығарылымы жүзеге асырылды. Бұдан бұрын, өткен жылы АДБ осы құрал арқылы 8,4 млрд теңге тартқан.

Әбілқасымова сондай-ақ несие міндеттемелерін орындау бойынша ерлерге қарағанда әйелдердің жауапкершілігі мен тәртібі жоғары екенін атап өтеді. Бірінші несие бюросының деректері бойынша, әйелдердің 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегінің (NPL 90+) үлесі – 41,1%-ды құрайды, ал ерлерде – 58,9%. Ақы төлеу мерзімін кешіктірудің орташа мөлшері де әр түрлі: әйелдерде 229,2 мың теңге және ерлерде 290 мың теңгеден сәл асады. Әйелдерде мерзімі өткен кредит бойынша «орташа чек» те төмен: 244 мың теңге, ал ер адамдарда бұл көрсеткіш 306 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар, әйелдер ерлерге қарағанда банктік шоттар мен депозиттерді жиі ашады. Олардың банк шоттарының жалпы санындағы үлесі 56%-дан астам, депозиттер санындағы үлесі 60%-дан астам, депозиттер сомасындағы үлесі 49%-ды құрайды екен.

Ranking дерегінше, елдегі экономикалық белсенді халықтың 48,5 пайызын әйелдер құрайды. Соңғы бір жылда әйелдер басшылық ететін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,1 пайызға өсіп, былтыр жыл соңында 625,1 мыңға жеткен. Әсіресе, бизнесте жас әйел азаматтардың үлесі артып келеді. Соңғы бір жылда жасы 29-ға дейінгі кәсіпкер әйелдердің үлесі 37,2-ден 88,7 мыңға бір-ақ өскен.
McKinsey зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылға таман экономикаға әйелдердің ерлермен қатар қатысуы әлемдік ЖІӨ-ге 28 трлн доллар қосар еді.

Өкінішке қарай коронадағдарыс гендерлік теңдік саласындағы жетістіктерге көлеңкесін түсірді. Дүниежүзілік банк пен БҰҰ зерттеуі бойынша, пандемиядан ерлерге қарағанда әйелдер бизнесі көбірек зардап шеккен. Десе де бұл дерек негативке ерік беруге себеп емес. Жалпы масштабта кәсіптегі әйелдер белсенділігі көңіл қуантады. Қазір пандемия зардаптары жойыла бастады және экономика қалыпты деңгейіне көтеріліп келе жатыр.

Соңғы уақытта тау-кен металлургиясы саласында да әйелдер қатары артқан. Жалпы, өнеркәсіп секторындағы әйелдер саны 174,1 мың адам болса, соның ішінде әсіресе өңдіруші өнеркәсіпте үлесі көп.

«Сектордағы жетекші компаниялар ұжымдарда гендерлік балансты сақтауға ұмтылып жатқандарын айтады. Мысалы, ERG-де әйелдер жалпы персоналдың 26 пайызын құрайды. Ал «Қазақмыстағы» әйелдер үлесі – 29,1 пайыз. Басшылық қызметтегі адамдардың 18,7 пайызы – әйелдер» деп жазады Energyprom.

Сондай-ақ оқыңыз