Ақшаны қандай валютамен жинаған тиімді?

Жарияланды (жаңартылды )
Қаржы сарапшылары кеңес береді

Азаматтар ақшаны қай валютамен жинау керек деген сұраққа жиі бас қатырады. Теңге әлсіресе доллар сатып алып, доллар құны түссе қайта теңгеге көшіп жүретіндер де бар. Әртүрлі банктен депозит ашып, алуан түрлі шетел валютасымен жинақ жасаушылар да бар. Әйтеуір, ұтылмауға тырысып бағады. Осы орайда сарапшылар «ақшаны қандай валютамен жинау керек?» деген сауалға өз пікірлерін білдірген еді.

Қазір теңге курсы біршама нығайып тұр. Ресей Украинаға басып кірген мезетте 512-ге дейін шарықтап кеткен төл валюта қазір біраз кері шегінді. 12 сәуір күні биржалық саудада 1 доллар 449 теңгеге бағаланды. Қаржы эксперттері теңге одан әрі күшейе түсуі мүмкін деген болжам айтады. Бірақ геосаяси тәуекелдер әлі де болса толастаған жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, ақшаны әртүрлі тәсілмен жинақтауға болады. Мәселен, қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына инвестиция жасау арқылы. Немесе баспана сатып алып қойыңыз. Алтын сатып алып жинақтауға мүмкіндігіңіз жетіп жатса тіпті жақсы. Бірнеше депозитте теңге, доллар, еуро жинап отырсаңыз да уайымыңыз аздау болады.

Finprom-ның жазуынша, 2021 жылдың қарашасында екінші деңгейлі банктердегі халықтың жинағы 10,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,5 пайызға жоғары.

«Банктегі салымдар – халықтың ақша сақтаудағы ең көп таралған нұсқасы. Негізінен қазақстандықтар шұғыл депозиттерді қолай көреді: салымдардың жалпы сомасындағы олардың үлесі 85,6 пайызды немесе 8,9 трлн теңгені құрап отыр» деп жазады Finprom.

Көбіне олардың пайыздық ставкасы жоғары болуы себепті клиенттер шұғыл депозитті таңдағанды жөн санайды екен. Соңғы жылдары теңгемен сақталған депозит саны арта түскен. Теңгелей салымдар үлесі 58,7 пайыз немесе 6,1 трлн теңгені маңайлап қалған.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы аналитикалық орталығының эксперті Мерей Исабеков қазір қазақстандықтардың теңгеге деген сенімі біршама жоғары дейді. Ол бұл үрдісті халықтың қаржы институттарындағы шетел валютасындағы депозиттерінің үлесі 2019 жылдың соңында 41,8 пайызды құраса, 2020 жылдың тамыз айының соңына қарай оның 41 пайызға дейін төмендегенімен түсіндіреді.

«Соңғы айларда доллар сыртқы нарықтарда қысымға ұшырап қалып жатыр. Бірақ әлі де негізгі резервтік валюта болып қалып отыр. Сол себепті ақшаның бір бөлігін доллармен ұстап, инвестициялауға болады. Сол арқылы өз жинағыңызды курстық тәуекелден қорғай аласыз. Кез келген сәтте қолға алып, пайдалану үшін жинақтың бір бөлігін теңгемен ұстаған абзал. Сонымен қатар портфелді әртараптандыруды ұмытпау қажет, яғни, жоғалту қаупін төмендету үшін өзге де валюта түрлерін қосу керек» дейді сарапшы.

AERC аналитигі Евгения Пактың айтуынша, инвестициялау үшін валютаны таңдау инвестицияның мақсаты мен мерзіміне байланысты.

«Егер біз алыпсатарлық туралы айтатын болсақ, онда бұл қазір қауіпті. Валюталардың қалай құбылатынын алдын ала болжау қиын. Егер ұзақ мерзімді инвестициялар туралы айтатын болсақ, онда, әрине, әртараптандырылған валюталық портфель түріндегі «қауіпсіздік маржасының» болғаны жақсы. Қазақстандықтар жинақты ұлттық валютамен жасағанды ыңғайлы санайды. Бұған депозиттер бойынша төмен пайыздық мөлшерлемелер, сондай-ақ шетелдік депозиттік шотты ашу шығындарының жоғарылауы әсер етеді. Жалпы, сыртқы жағдайдың шиеленісуіне қарамастан, халықтың теңгеге деген көзқарасы айтарлықтай өзгерген жоқ» дейді Пак.

Ал EXANTE сарапшысы Андрей Чеботарев қазақстандықтардың теңгеге деген сенімі төмен деп есептейді.

«Халық Үкімет пен Ұлттық банктен жағдайды өзгертуді талап етіп отыр. Бірақ олардың қолдауынсыз мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Егер бір жағдай бола қалса айырбастау бекеттерінде бірден адам кезегі толып кетеді. Бұл жақсы белгі емес. Әрине, адамдардың сенбеуіне де негіз бар. Бірақ қаржылық сауаттылықтың төмендігі де өз қолтаңбасын қалдырып отыр. Көбі теңге курсы 150-ге қайтып оралсын деп талап етеді. Алайда бұл мүмкін емес. Қаржы әлемінен хабары бар адам әлем елдерінің валюталары да осындай кезеңді бастан кешіргенін жақсы біледі. Біз баяғы КСРО елдерімен салыстырғанда аса тез құнсызданып жатқан жоқпыз. Тек рубль ғана бізден баяу құнсызданды. Теңге енгізілгелі бірде бір рет деноминация (банкноттардың номиналдық құнының өзгеруі – ред) болған емес. Беларусь пен Украинада екі мәрте деноминация өткізілді. Ресейде де бір мәрте болды. Бізде супер-әлсіз теңге деп айтуға келмейді. Соған қарамастан төл валютаға сенім артатындар шоғыры көп емес» дейді Чеботарев.

Сарапшы біріншіден, жинақтың нақты мақсаты болуы керек, екіншіден, тек бір ғана валютамен шектелуге болмайды деп кеңес береді.

«Егер адам өз шығындарын теңгемен жасайтын болса, онда жинақты да теңге арқылы жүзеге асыруы керек. Егер артық ресурса болса онда оны валюталық себетте сақтаудың мәні бар. Бірақ бізде валюталық депозит бойынша мөлшерлеменің төмен екенін ескерген жөн» дейді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз