Жылдық инфляция 12 пайызға жетті

Жарияланды
Наурыз айында азық-түлік қатты қымбаттаған

Наурыз айында жылдық инфляция жеделдеп, 12 пайызға жетті, деп хабарлайды Ұлттық банк. Ақпан айында ол 8,7 % болған.

ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтың берген түсіндірмесінде жылдық инфляция 17 өңірдің бәрінде өскені жазылған. Әсіресе Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласында  бұл үрдіс анық байқалған.

«Наурызда азық-түлік бағасының өсу қарқыны 15,4%-ға дейін (ақпанда – 10,0%) артты.  Әсіресе Ақтөбе қаласында азық-түлік қатты қымбаттады» делінген түсіндірмеде.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы да қалысар емес. Бір айлық өсу қарқыны 10,9%-ға дейін жеткен. Әсіресе Ақмола мен Шығыс Қазақстанда азық-түлік емес тауарлар біраз қымбаттаған.

Ақылы қызмет бағасы наурызда 8,3%-ға өсіп (ақпанда – 7,1%), бұл ретте жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары баға Алматы облысы мен Батыс Қазақстан облысында байқалады.

Елде айлық инфляция 3,7% болды, бұл – соңғы 5 жылда наурыз айындағы (2017-2021 жылдары: 0,6%)  орташа мәнінен жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз