Қазақстандықтардың мойнында 881 млрд теңге автонесие бар

Жарияланды (жаңартылды )
Сайт шығарылымының редакторы
Оның ішінде 37 млрд теңге кредиттің төленбегеніне бір айдан асқан

Қазіргі кезде жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерге автонесиеқарызы 881 млрд теңгені құрайды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Kursiv.media сайтының сауалына берген жауабында жазылған.

Соның ішінде  төлем мерзімі 30 күн кешіктірілген кредит үлесі 4,2%-ы немесе 37 млрд теңгені құраса, ал төленбегеніне үш айдан асқан несие 2,9% немесе 25,5 млрд теңгеге жеткен.

Банктердің жалпы несие портфелінің 4,5%-ын (20,4 трлн. теңге) жеке тұлғаларға берілген автонесие құрайды. Жеке тұлғаларға берілген несие портфелінің 8,4%-ы (10,4 трлн. теңге) көлік алуға берілген.

Екінші деңгейлі банктердің жалпы несие портфеліндегі төлем  мерзімі 90 күннен асып кеткен несие үлесі 3,57 пайызды құрайды.

Автоматтандырылған ақпараттық жүйе мәліметі бойынша, 288 мың адам автонесие рәсімдеген.

 Айта кетейік, 16 мамырдан бастапқы жарнасыз жылдық 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдау басталды. Несие 10 миллион теңгеге дейін беріледі. Көліктің рұқсат етілген ең жоғары құны 15 миллион теңге болса, өтініш беруші өз қаражатынан 5 миллион теңге төлеуі керек. Несие 7 жылға беріледі. Бұл үшін 100 миллиард теңге қарастырылған. Көлік бағасын ескерсек, бағдарлама бойынша, қазақстандықтар 15 мың көлік ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз