«Биткоин сатып байыңыз». Криптовалюта пирамидаларын қалай тануға болады?

Жарияланды (жаңартылды )
Қаржы саласында алаяқтар қашаннан да көп

Криптонарықтың пайда болуымен қаржы саласының ұңғыл-шұңғылы кеңіп сала берді. Бұл өз кезегінде қаржы алаяқтарының да адымын ұзарта түсті. Өзін «Инвестициялық компания» деп жарнамалап, көпшіліктің қаржысын сыпырып алатын жалған ұйымдар көбейді. Бірақ айналып келгенде солардың барлығы дерлік қаржы пирамидалары және ел аумағында тіркелмеген. Солардың көбі соңғы кезде криптовалютаны тілге тиек ете бастаған.

Криптовалюта – бұл цифрлық немесе виртуалды нысандағы валюта түрі, оның бірлігі ағылшын тілінен «coin» – «монета» болып саналады. Оның ең танымал түрі – биткоин (Bitcoin). Криптовалюталарды төлем құралы ретінде пайдалану Қазақстан заңнамасына қайшы келеді. Қазақстан Республикасында мемлекет эмитенті болып есептелетін теңге заңды төлем құралы және ақшалай міндеттемелер ұлттық валютада ғана көрсетілуі мүмкін. Тиісінше, қолданыстағы заңнама тұрғысынан алғанда криптовалюта ресми ақша ретінде қарастырылмайды және пайдаланылмайды.

«BCC Invest» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Александр Дрониннің айтуынша, осы нарықтың жоғары құбылмалылығына және реттелмеуіне байланысты криптовалюталарды сатып алу кезінде қаражатты жоғалту қаупі жоғары – криптовалюта әлеміндегі әрекеттерді жоқ қылу әлдеқайда оңай, яғни алаяқтық фактісін дәлелдеу және ұйымдастырушыларды табу мүмкін емес. Алаяқтар цифрлық активтердің танымалдылығын пайдаланып, сенімді азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін ойлап тапқан.

Мысалы, «жалған тарату» деп аталатын әрекет, онда алаяқтар танымал адамдардың жалған аккаунттарын иемденіп алып, инвесторларды криптовалютаның орнына фиат ақшаны өз шоттарына аударуға шақырады. Бірақ іс жүзінде алаяқтар оларға жауап ретінде ештеңе жібермейді.

Фиат ақша – бұл заңды төлем құралы болып саналатын ресми валюталар (АҚШ доллары, еуро, рубль, юань және т.б.).

«Онлайн жұмыс істейтін жалған криптобиржалар да бар. Алаяқтар күнделікті табысы жоғары инвестор-сымақтарды тартады, мысалы, күніне 10 пайыздан жоғары кіріс алуға уәде береді, бірақ қатысушылар бастапқы жарна төлеуі керек. Салымшылар өз ақшаларын қайтарғысы келгенде, яғни оларды криптовалюта биржасынан шығаруға тырысқанда, ұйымдастырушылар дереу олардың шоттарын бұғаттап, барлық ақша қаражатын өздері иемденеді. Сонымен қатар, алаяқтар көбіне пайдаланушылардың дербес деректерін иемдену мақсатында криптобиржалардың интерфейстерін қайталайтын фишинг сайттар жасайды. Әр түрлі сылтаумен инвесторларды ақша алу үшін қажетті түрлі қосымшаларды жүктеуге мәжбүрлейді. Бұл қосымшаларды ашқан соң вирус іске қосылып, пайдаланушылардың барлық шотына алаяқтардың қол жеткізуіне көмектеседі» дейді Дронин.

Алдаудың тағы бір кең тараған схемасы – классикалық қаржы пирамидасы қағидаты бойынша жұмыс істейтін криптовалюта пирамидалары. Криптобиржаның атын жамылып пирамида ұйымдастырушысы «портфельді басқарушыға» ақша әкелетін және жаңа қатысушыларды тартатын инвесторларды жинайды.

«Инвесторларға ақша, яғни жоқ инвестициялық құралға инвестиция салудан түсетін «пайда» жаңа салымшылардың қаражаты есебінен төленеді. Осылайша, ақша қаражаты бір қатысушыдан екіншісіне түседі, нақты инвестициялық қызмет жүзеге асырылмайды және ұйымның нақты пайдасы болмайды. Салымшылардың ағыны тоқтағаннан кейін пирамида құлайды, алаяқтар инвесторлардың ақшасымен, оның ішінде олардың бастапқы капиталымен жоқ болып кетеді» деп түсіндірді банк басшысы.

Өз қызметін ұсынған кез келген қаржылық ұйымға ақша салмас бұрын оның Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын тексере аласыз. Ол үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтына кіріп, аталған компанияның лицензиясы бар немесе жоқ екенін қарау жеткілікті.

Қаржылық сауаттылық жоғары болғанда ғана қаржы алаяқтарының құрығына ілінбейсіз.

Қазір жалпы криптонарықтың капиталдануы 2 трлн долларға тақау, ал 1 биткоин 37 мың долларға бағаланады. Кей елдер криптовалютаны ресми төлем құралы ретінде заңдастыруға да көшті.

Бұл нарық капиталдануы тұрғысынан Apple (2,6 трлн доллар, Microsoft (2,03 трлн доллар) сияқты гигант компанияларға жақындады. Бүкіл әлемде криптовалютаның 19 мың түрі бар. Соның ішінде ерекше танымалы –  Bitcoin және Ethereum.  

Соңғы деректер бойынша Қазақстан криптовалюта өндірісінен 190 млн доллар табыс тапқан. Еліміздің криптовалюта нарығы айналымынан алуы мүмкін салық мөлшері шамамен жылына 26,5 млрд теңгеге бағаланады. Нарықтың жедел дамуын ескеріп, Астана Халықаралық Қаржы Орталығы ең қымбат криптовалюта – Биткоинге инвестиция салу мүмкіндігін ашты. Tabys мобилді қосымшасында ProShares Bitcoin Strategy ETF базалық активімен биржалық нота (ETN) пайда болды. Яғни, кез келген қазақстандық өз қаржысын аталған биржалық нотаға салып, пайда таба алады.

Сондай-ақ оқыңыз