Jusan Bank-тің несие портфелі 12 айда 200% өскен

Жарияланды
Банк жылдық есебін жариялады

 Коронавирус пандемиясының салдары, реформалар, қиын макроэкономикалық жағдай – бұл Қазақстандағы қаржы институттарының алдынан 2021 жылы шыққан қиындықтардың бір бөлігі ғана. Соған қарамастан, 2021 Jusan Bank үшін жемісті жыл болды. Басқарма төрағасының айтуынша, банк сапалы трансформацияға негіз боларлық көрсеткіштер өсімін байқатты.

«2021 жылғы ең маңызды жетістік – несие портфелінің қалпына келуі. Әңгіме ең алдымен проблемалы Цеснабанктен бізге өткен несие туралы болып отыр. Бұл ретте АТФБанкті біріктіру бойынша кешенді жұмыс өте қысқа мерзімде жүргізілді. Осындай ауқымды екі міндетті шешу – еліміздің банк жүйесі тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Мен барлық операциялық және стратегиялық мәселелерді керемет шешкен ұжымымды шын жүректен мақтан тұтамын» дейді Басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов.

Екі ірі қаржы институтының қосылуына байланысты құрылымын қайта құрып, өзгерумен қатар, Jusan Bank өз өнімдерін, қызмет көрсету сапасы мен  қаржы экожүйесін дамытуды жалғастырды. Осы процестердің нәтижесінде банк елдегі ең ірі банктердің рейтингінде бірнеше саты жоғары көтеріле алды. Жылдық динамикада банк активтері 923,8 млрд теңгеге артып, 2,6 трлн теңгені құраған. Яғни, 55%-ға өскен. Нәтижесінде нарықтағы үлесі 7%-ға жақындап, ал Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Jusan Bank-ке қаржы жүйесіндегі маңызды, әлеуеті жоғары ЕДБ мәртебесін берді.

«Бұл Jusan Bank-тің қаржы жүйесінің тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудегі рөлін мойындау, оған банк басшылығы мен ұжымы үлкен жауапкершілікпен қарайды» дейді Айдосов.

12 айда несие портфелінің өсімі 200%-ды құраған немесе ақшалай түрде 487 млрд теңгеге өскен. Банктің несие нарығындағы үлесі 5,3%-ға дейін өсті. Мерзімі өткен NPL 90+ несие көлемі бір жыл ішінде жалпы несие портфелінің 44,09 пайызынан 9,47%-ға дейін қысқарды. 2021 жылы проблемалық портфельдің бірден 70,3%-ға қысқаруы – қазақстандық 10 банктің  арасында ең жақсы көрсеткіш және бұл осы банктің ғана емес, еліміздің бүкіл банк секторы қалпына келуіне оң әсер етті.

Егер Цеснабанк пен АТФ банктен көшкен несиені алып тастап, 2019 жылдан бері Jusan Bank өзі тікелей  берген 500 миллиард теңге несиені есепке алсақ, онда NPL 0,79%-дан аз болар еді.

«Мерзімі өткен берешек қалыптасқан жоғары провизия деңгейімен теңестірілетінін айта кетсем деймін: 2022 жылдың басында бұл сома 239,7 млрд теңгені құрады, бұл 90+ күннен мерзімі өткен қарызды 237,6%-ға жабады. Бұл банктің жоғары қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етеді», деді басқарма төрағасы.

Жеткілікті капитал коэффициенті (k1) – 28%-ды, ағымдағы өтімділік коэффициенті (k4) 211% құрады. Меншікті капиталы мен өтімділігі бойынша Jusan Bank қазақстандық банктер арасында екінші және үшінші орында тұр. Бұл көрсеткіштер  қосыла келе, Moody’s Investors Service рейтинг агенттігіне банкке ұлттық және шетел валютасындағы депозиттер бойынша тұрақты болжаммен B1 деңгейінде ұзақ мерзімді рейтинг беруге негіз болды.

 «Әрине, халықаралық агенттіктердің қызметі мен марапаты маңызды. Бірақ бізге клиент пен бизнестің сенім артатыны әлдеқайда құнды. Бір жыл ішінде біздің банктегі депозит көлемі 56 пайызға өсіп, 1,51 триллион теңгеден асты. ШОБ сегментіндегі тұтынушы базасы 2021 жылы екі есеге өсіп, 145 000 бизнес субъектісіне жетті. Банк өнімдері микро, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерін де қызықтырады: Jusan Business мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны бір жыл ішінде 3,7 есе, POS терминал желісін қолданатындар саны 5 есе өсті. Контактісіз төлемдер мен  корпоративтік карталар қызметі  жақсы дамып келеді. Осы қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз және инновациялық цифрлық қызмет пен өнімдерді жетілдіруді жалғастырамыз. Біз жаңа мүмкірдіктерге, серіктес болуға, мысалы, Jusan Magazin базары негізінде онлайн бизнесті дамытуға ерекше мән береміз», дейді Нұрдәулет Айдосов.

Үш бизнес платформасы 2022 жылға арналған стратегиялық және іргелі бағыт болып қала береді: Jusan Retail, Jusan Business және Jusan Private Banking. Басқарма төрағасының айтуынша, олар нарықта сұранысқа ие екенін дәлелдеген.  Бәрінің басын біріктіретін экожүйе қазақстандықтардың күнделікті өміріне қолайлы технологиялық шешімдерді енгізуге, бизнес жүргізуге және жеке қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз