Ақша есебін жапондарша жүргізу тәсілі

Kakebo жүйесі жайлы естуіңіз бар ма?

Отбасылық бюджет жүргізудің сан түрлі әдісі бар. Әркім өзіне қолайлысын таңдайды. Егер шимай-шатпақты жақсы көретін болсаңыз, жапондардың Kakebo тәсіліне сүйеніп көрсеңіз болады. Бұл жүйенің принциптері қандай, бюджетті қалай жоспарлау керек, жинақ жасауға қатысты нендей кеңестер бар — осы туралы бүгінгі материалымызда. Жеке қаражатына бей-жай қарамаған адам түбі қаржылай тәуелсіздікке қол жеткізеріне сенеміз.

Kakebo деген не?

         Әлқисса, Kakebo дегеніміз — жаняұлық үнемнің кітабы дегенді білдіретін  үш иероглиф. Бұл қаржылық жүйені жапон қызы Мотоко Хани ойлап тапқан. Аталған Kakebo жүйесі жинақтағы қорды молайтуға бағытталады. «Теңге тиыннан құралады» демекші аз-аздан, бірақ үздіксіз жинап отыруға дағдыландырады. Ол үшін сізге екі қойын дәптер керек болады. Біреуі үлкен, екіншісі төс қалтаға сыятындай шағын болуға тиіс. Екіншісінің кішкентай болатыны — ол үнемі жүрген жердің бәрінде қолыңызда болуы маңызды. Өйткені шыққан әр шығынды түртіп қоясыз. Сонда ештеңені ұмытпайсыз. Яғни кішкентай блокнотқа қалтаңыздан шыққан әр тиынның есебін жазып жүруіңіз қажет. Ал енді үлкені не керек десеңіз, оған да өзінің жазылатын дүниелері бар. Әркім қалағанына қарай сызып, жаза алады. Ол жерде мына нәрселер болуы мүмкін:  

  • Бір айлық табыс жоспары. Оны кесте түрінде, болмаса тізім түрінде сызып қойсаңыз болады. Бастысы, онда сізге бір айда түсетін барлық табыс жазылуы керек. Аванс па, айлық па, біреу сізден алған қарызын қайтара ма, әлдебір затыңызды сатып, содан ақша түсе ме — бәрін кестеге тізесіз. Айдың басында табыс кестесін жасайсыз. Кейін уақыт өте келе тағы бір қосымша табыс түсе қалса, оны басқа түспен не бас әріптермен ерекшелеп көрсетіп отырасыз.
  • Бір айлық жинақ қорының жоспары. Бұл бетке қорға қанша жинағыңыз келетінін жазасыз. Шығындарды есептемей жатып алдымен осы қордың сомасын анықтап алуыңыз қажет.
  • Айлық шығын жоспары. Бұл жерге тұрақты шығынның бәрін тізіп шығасыз: коммуналдық төлем, пәтерақы, интернет тариф және т.б. Сомасы тұрақты әрі міндетті төлемді және жинақ жоспарын жазып шыққаннан кейін қаражатыңызды мынадай төрт категорияға бөлуді ұсынамыз:
  • Тұрмысқа керек шығындар: азық-түлік, тұрмыстық химия, киім, аяқ-киім, үйге арналған ұсақ-түйектің бәрі.   
  • Мәдениет және білім: білім алу, тренингтер, музейге билет, көрмелерге, концерттерге бару, кітап, курс, вебинарлар сатып алу және т.б.
  • Ойын-сауық: достармен кездесу, кинотеатрға бару, бір жерге қысқа мерзімге демалысқа бару, рестораннан тамақтану, көңіл көтеретін жерлерге бару және т.б.
  • Өзге де шығындар: алғашқы үш категорияға ілікпеген басқа шығындарды осы жерге жазасыз. Айталық, емге қаражат керек болып қалса, жақындарыңызға ақша беру керек кезде, үйге жөндеу жұмысын жасау керек болып қалса және т.б. 

         Осы шығынның бәрін алдын-ала тізіп, пайыздық қатынасын 100% деп аласыз. Мұның ішінде тұрмыстық шығын көбірек үлесін алуы мүмкін. Ал қалғандары ай сайын өзгеріп тұрады. Десе де оларды бақылап, азайтып отыру қиын емес. Сөйтіп айдың аяғында блокноттағы барлық шығынның есебін шығарасыз. Оны үлестерге бөліп, жалпы қорытындысын білесіз. Осылайша ай сайын қанша ақшаның қайда кетіп жатқанын көре аласыз. Нақты пропорциясын көргенде мәселе тіпті айқындала түседі. Жоспарланған соманы қанша бөлігін артқа жинап қоя алдыңыз, қай шығындарды қайта қарау керек — белгілі болады. 

         Табысыңызды осылай төртке бөлерде пропорциясы қандай болатынын өзіңіз шешесіз. Егер шығындарды дұрыс жоспарлай алсаңыз, ай барысында еш қналмайсыз. Жалақыға дейін ақша бітіп қалып, қарызға бату көбіне осылай жоспарсыз шығынданудың салдарынан болады. Kakebo жүйесі бір ғана осындай жазбалардан тұрады деп ойлап қалмаңыз. Ай соңында сізге жақсылап талдау жасау қажет болады. Атап айтқанда, қаншалықты жоспардан ауытқымай жүре алдыңыз, үнемдеуге мүмкіндік болды ма, қай шығын артық болды — бәрін саралайсыз. Мұның жақсы тұсы сол — болашақта сол қателіктерді жасамауға көмектеседі. Болашақта яки алдағы айларда қай шығынды қайта қарау керегін біліп тұрасыз.

Қалай қорға қаражат жинауға болады?

         Бәріне қызығы, осы жүйенің көмегімен қалай қор жинауға болатынын білу. Көп созбай мұны да айтып береміз. Жүйеде жинақтарды молайтуға қатысты қосымша «фишкалар» бар. Атап айтқанда былай:

  • Күн сайын қалтаңызда қалған ұсақ-түйекті жинақ сандықшаңызға салуды әдетке айналдырыңыз. Бәлкім, қазір ол сізге тиын болып көрінер, дегенмен күнде сондай тиыннан салып отырғанда ай соңында әжептәуір ақша құралып қалады.
  • Біреудің сізден алып, қайтарған қарызын бірден жинаққа салып қойыңыз. Мұны табыс деп есептемеңіз. Сіздің табысыңыз — жұмысыңыз үшін төленген ақы. Ал қайтқан қарыз алдыңғы айларда есептелмеген ақша ғана. Сондықтан қарызға көз тікпей, әр ай сайын айлық табысты ғана есепке алып жоспарлаңыз. Қарыз қайтты ма — бірден жинаққа салып тастаңыз.
    • Ірі ақшаны ұсақтаған кезде аздаған бөлігін жинақ сандықшаға салуды әдетке айналдырыңыз. Мейлі ол 500 теңге болса да.
    • Айыппұл жүйесін енгізіңіз. Бұл — өзіңіз үшін жасалған жүйе. Қаржылық зиян әдеттерді жасай қалсаңыз, сол үшін жаза қарастырыңыз. Айталық, ақша төлеген абонементті дұрыс пайдаланбай, жаттығуді үздіңіз делік. Ондайда айыппұл сомасын бекітіңіз де, жинаққа салып қойыңыз. Бұдан пайдаға кенелетініңіз анық. Қорыңыз ұлғаяды, болмаса кем дегенде өте тәртіпті, жоспармен жүретін сенімді адам бола түсесіз. 
    • Шығатын шығындарды төрт аптаға бөлесіз. Сол апталық бюджеттен қанша ақша артылса, оны апта соңында жинақ ретінде салып отырасыз. 
    • Аса тығыз сатып алу керек болмаса, ол затты алуды бір айға шегеріңіз. Осы уақыт өткен кезде сіз әлі де ағыңыз келіп тұрса, алыңыз. Көбіне бізде эмоциямен алып қояды да, кейін аз уақытта бекер алдым деп өкініп қалады. Сондай адам болсаңыз, мына әдіс — сізге.

         Аталған әдісті заманауи технологиялардың көмегімен бейімдеуге болады. Мысалы арнайы қолданбалар жүктеп, болмаса Excel кестесін қолданып дегендей. Сонымен бірге қолма-қол ақшаны банк картасына ауыстыруға да ешкім қой демейді. Бар болғаны қалтада қалған ұсақ ақшаны жинақ сандықшаға салудың орнына арнайы ашылған қосымша есепшотқа аударып отырасыз. Айталық, картада 55860 теңге тұрсын. Сіз соманы дөңгелектеп, 460 теңгені шотқа саласыз. Күнде осылай істеуді әдетке айналдырыңыз. Зат сатып алуға барардың алдында тізім жасаңыз. Сонда нақты керегін ғана аласыз. Сауда орталығында сенделіп жүрсеңіз, қажетсіз шығындарға батуыңыз әбден мүмкін. Тәртіп орнатып, тізіммен жүруге дағдыланыңыз.

Жүйенің негізгі принциптері    

         Сонымен жүйенің қалай жұмыс істейтінін айттық. Түсінгеніңіздей, Kakebo табыс пен шығындарды толық бақылауға ұстауға бағытталған. Оның көмегімен бюджетті жоспарлауға, аз-аздан болса да тұрақты әрі үздіксіз жинақ жүргізуге дағдылана аласыз. Жүйенің мәні де, принципі де осыдан тұрады. Яғни тәртіп және бақылау — басты назарда. «Мен қаражатымды өзім басқарамын, ештеңені назардан тыс қалдырмаймын» деп нық айта аласыз. Одан соң үнем мәселесінде «мен қай жерде шығындарды азайту керегін жақсы білемін» дейсіз. Егер есеп жүргізбейтін адам болсаңыз, ойыңызда үнемі ақша бітіп қалмасын деген мазасыздық жүреді. Ал енді мына жүйе арқылы жүрегіңіз тыныштық табады. Өйткені «мен ақша жетпей қалады-ау деген уайыммен жүрмеймін» дейсіз. Сонымен бірге өзіңізді тәртіптеу, саналы түрде ақша жұмсау, қаржылық еркіндік мәселесінде де өзіңізді жақсы сезіне бастайсыз. Міне, негізгі принциптері осындай.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар