Украинадағы соғыс басталғалы Ресей мен Қазақстанның экономикалық байланысы қалай өрбіді?

Жарияланды
Ресей – Қазақстан үшін басты экономикалық серіктес

АҚШ Қаржы министрлігі Ресей компаниялары немесе азаматтарымен серіктестік орнатқан түрік бизнесіне санкция саламыз деп қорқытты. Байден әкімшілігі түрік бизнесін санкция бұғауындағы ресейлік мекемелермен және жеке тұлғалармен ынтымақтастық жасаудан сақтандырды. 22 тамыздағы хатта түрік банктерінің санкцияға ұшыраған ресейлік банктермен корреспонденттік қарым-қатынаста бола алмайтыны, сондай-ақ АҚШ банктерімен мұндай қарым-қатынасты сақтай алмайтыны айтылған. Хатқа АҚШ қазынашылық хатшысының орынбасары Уолли Адейемо қол қойған деп жазады The Wall Street Journal.

Қазақстандық банктер әзірге мұндай ескерту ала қойған жоқ. Десе де біздегі ресейлік еншілес банктердің нендей күйге түскенін ел көріп отыр. Альфа-Банк отандық «Банк ЦентрКредитке» жұтылды. Сөйтіп, Eco Center Bank атанды. «ВТБ Қазақстан» әзірге негізгі ВТБ-ның қосымша капиталдандыруының арқасында жұмыс істеп отыр. Бірақ зерттеу ұйымдарының ресейлік еншілес банктерден миллондап депозит көшіп жатқанын жариялап отырғанын ескерсек, «ВТБ Қазақстанның» да жағдайы мәз бола қоюы екіталай. Ал «Сбербанк Қазақстан» бірер күн бұрын ғана «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатылды.

«Банктің қайталама санкцияға ұшырауы оның депозиттен айырылуына, акционерінің ауысуына әкеліп соғады. Әрине, бұл жергілікті банктердің ресейлік банктермен рубль немесе теңгемен жұмыс істесе алмайды дегенді білдірмейді. Ондай тыйым жоқ. Алайда ондай тәжірибе қазақстандық банктер арасында кездесіп қалады. Жоғары белгісіздік болған кезде, көптеген банктер тым консервативті болуы мүмкін, бұл «overcompliance» деп аталады. Бұл әрқашан ақтала бермейді, дегенмен егер банктер ресейлік банктермен мүлдем жұмыс істемеу туралы шешім қабылдаса, бұл олардың бизнесі және олардың өз шешімі», дейді телеграмдағы Risk Takers каналы.

Қазақстан қорыққанды былай қойып, қазір Ресейге қарай параллельді импортты белсенді жүргізіп жатқан сияқты. Жыл басынан бері Қазақстан Ресейге 3,4 млрд доллардың тауарын сатыпты. Жыл сайын сатылып жататын хром, цинк, қымбат металл, тас көмір дегендеріңіз жарайды, бірақ дәл осы жылы 80 млн доллардың ұялы телефонын экспортаппыз. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 36,8 млн доллар болған. Сондай-ақ 32,9 млн доллардың ноутбугын сатқанбыз. 2021 жылмен салыстырғанда 93 пайызға көп. Жыл басталғалы біз ұялы телефон мен ноутбук өндірісіне бел шешіп кірісіп кеттік пе? Жоқ, әрине. Алдымен сабын, түйреуіш, тіс пастасы секілді жеңіл өнеркәсіп тауарларын жетістіріп алсақ та болар.

Смартфон, ноутбук секілді жоғары технологиялық тауарлар қазір Ресейде тым тапшы. Сәйкесінше, біз реэкспорт, яғни, олар үшін параллельді импорт жасаған болуымыз бек ықтимал. Егер бұл дәлелденсе, жазасы тым ауыр. Қайталама санкция зардабы отандық компанияларға тиеді. Анығында, параллельді импортқа жататын тауарларды тасымалдаған компанияға.

Әлбетте, мұның салдары біз үшін жағымсыз боп шықпасын деп тілейміз. Бірақ қалай болғанда да Ресеймен жанаса жөнелудің пайдалы тұсы дәл қазіргі кезеңде тым-тым аз болып тұрғаны жасырын емес.

Соған қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы ұлғайған. Бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша, тауар айналымының құны 11,6 млрд долларға жеткен. Былтырмен салыстырғанда 5 пайызға өсім бар. Бұл ретте Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Ресей үлесі 23,7-ден 18,3 пайызға төмендеген. Қазақстан Ресейге 3,4 млрд доллардың тауарын экспорттады дегенді жоғарыда жаздық. Өз кезегінде РФ Қазақстанға 8,3 млрд доллардың тауарын жөнелткен. Қазақстанның жалпы импортындағы Ресей үлесі соңғы бір жылда төмендеген, бірақ соның өзінде 38,5 пайызды құрап тұр. Бір ел импортына осыншама тәуелді болу дегеніңіз – аса жайлы ахуал емес.

Дегенмен Қазақстан өз экономикасын, соның ішінде мұнай, жүк тасымалын әртараптандырудың жолын қарастырып жатыр, алдағы 2-3 жылда Ресейден келетін импорт үлесін айтарлықтай төмендетер деген сенім бар.

Жоғарыда атап өткен ұялы телефон мен ноутбуктан бөлек Қазақстан РФ-ға бейорганикалық химия өнімдерін, темір прокатын, темір рудасын, минералды силикат жүн, цистерна, санитарлық-техникалық бұйымдар, химиялық құрамы анықталған немесе анықталмаған жасанды корунд, алюминий тотығы және алюминий гидроксидін жіберген.

 Ал Ресей Қазақстанға негізінен темірден, легирленбеген және легирленген, тот баспайтын болаттан жасалған құймалар, қара металл құбырлар, оның ішінде шойын, сондай-ақ шойыннан жасалған, қоспасыз және легирленген, тот баспайтын болаттан жасалған жалпақ бұйымдар, шайырлармен немесе басқа органикалық байланыстырғыштармен сіңдірілген немесе сіңдірілмеген ағаштан немесе басқа да қоңырланған материалдардан жасалған ДСП, ОСБ тақталарын экспорттаған.

Сондай-ақ көптеген кеңсе заттары мен тамақ өнімдерінің де Ресейден әкелінетіні белгілі. Мысалы, қант. Қазақстанда қант тапшылығы өткен айда шарықтау шегіне жетті. Қант бағасы келісіне 800 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Бұл әрине, бір ғана мысал.

Ресейден жеткізудің қиындығына байланысты негізсіз қымбаттап, елдегі инфляцияны арандатып жатқан өнімдер мен тауарлар қаншама.

Үлкен экономика үлкен саясатпен жасалады. Ал саясатта әрбір қадам аңдап басылады. Эмоцияға салынып, шартпа-шұрт кету – жеміс беретін стратегия емес. Жалпы, ол ешқандай да стратегия емес. Сондықтан Қазақстанға алдымен өзінің өндірістік әлеуетін арттыру, шикізаттық емес тауарларды шығару және оны экспорттау мәселесіне, сонымен бір мезетте аталған тауарлардың экспортын әртараптандыру өте өзекті. Мұнымен бір қатарда – импортты да әртараптандыру, өз нарығымызда қазіргідей алай-дүлең кезең орнап, қымбатшылық бұғауы қыспас үшін, өзге елдермен сауда тасымалын жиілету де маңызды. Мәселен, кеше Қазақстан мен Әзербайжан президенттері екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізуге мүдделі екендіктерін білдірді.

Қазақстан өзге елдерге қатысты да осыған ұқсас позициясын жақын келешекте көбірек білдіреді және ол ұстанымын белсендіре түседі.

Сондай-ақ оқыңыз