Қосымша табыс көзін қалай табуға болады?

Жарияланды
Актив және пассив табыс деген не?

Өмір түрлі сынаққа толы. Күні ертең не болатынын болжау мүмкін емес. Дәл қазір жағдайыңыз тұрақты болғанымен, бәрі әп-сәтте өзгеріп сала беруі ғажап емес. Соның ішінде қаржылық тұрғыдан мәселе мәңгілік тұрақты болы тұра бермейді. Бұл жерде сауат аса маңызды. Кез келген адам өзін «қаржылық жағынан қауіпсізбін, қорғалғанмын» деп айта алмайды. Өйткені көпшілігінің бір ғана табыс көзі, шектеулі жалақысы бар. Мейлі ол жалдамалы жұмысшы болсын, бизнес иесі болсын табыс көзі біреу болса, қауіп көп деген сөз. Қаржылық тұрғыдан қауіпсіз сезінуі үшін адамда бірнеше табыс көзі болуы керек. Егер ісіңіз жүрмей қалса, жұмысыңыз тоқтап қалса, не болады? Уайымсыз жүру үшін қосымша табыс болуғаны жөн. Тіпті міндетті деп айтар едік. Бұған дейін бұл жайлы ойланбаған болсаңыз, кейінге қалдырмаңыз. Қосымша табыс көзін табыңыз. Ақша табудың түрлі жолы бар. Осы материалда сіздерге бірнеше нұсқа ұсынамыз. Әрине, бұдан басқа да сан түрлі әдіс арқылы табысқа шығуға болады. Шектеу жоқ.   

Табыс көзін актив және пассив деп екіге бөледі. Бұл не десеңіз, былай түсіндіріп көрейік. Актив табыс дегеніміз ақша табу үшін біз күш салатынымыз. Ал керісінше, біздің қатысымызсыз-ақ түсіп тұратын табыс — пассив. Яғни екіншісіне адамның күші, уақыты, ақшасы кетпейді. Бұл не деген батпанқұйрық деп отырсыз ба? Алда толығырақ тарқатамыз.

Қосымша актив табыс көздері

Көбіне негізгі жұмыста табатын ақша жетпеген кезде адам қосымша табыс көзін қарастырады. Мұндай жағдай екінің бірінің басында бар. Әрине, жалақыны көтеруді не қызметте жоғарылатуды сұрау деген тәсілдерді қарастырып көрген жөн. Болмаса, жалақысы жақсы жерге қызмет ауыстырып дегендей. Дегенмен адамның қалауы үнемі бола бермейді. Ондайда амал жоқ, екінші тіпті үшінші жұмыс іздеуге тура келеді. Істемейін десең, ақша жетпейді. Қосымша табысқа көпшілігінің құлшынысы болғанымен, негізгі жұмысынан уақыты жетпеуі мүмкін. Яғни физикалық түрде барып істеуге мүмкіндігі жоқ. Ондай кезде өзіңіздің жасырын ресурстарыңызды іздеп көріңіз. Әдеттегі байқамайтын, мән бермейтін қасиеттеріңізге үңіліңіз. Бәлкім, қолданбаған соң білмей жүрген боларсыз? Қазбаласа, кез келген адамның ішінен ондай «қазына» шығады. Дұрыс пайдалана білсе, қосымша актив табысқа айналдыра алады.

Білім. Дәл қазіргі біліміңіз бен білігіңізді қараңыз да, оны қосымша табыс табу үшін толық пайдаланып жүрсіз бе — ойланыңыз. Қолыңыздан не келеді? Не үйрете аласыз? Бәлкім, біреуге әлдебір курс жүргізе аласыз әлде ақылы консультация жүргізе аларсыз? Дұрыс уақыт бөлінбей қалған қандай идеяларыңыз бар? Бұрын ойға алған істерді тағы бір шолып шығыңыз. Қызық ой шығып қалуы әбден мүмкін. Тіпті болмаса, жаңа нәрсе үйрене аласыз. Бір курс сатып алып, жаңа мамандық игеріп көріңіз. Екінші не үшінші білім алыңыз. Кедергі жоқ. Сол өзіңізде бар білімді сатуды үйреніңіз. Ол сіздің қосымша табыс көзіңіз болады. 

Техникалық ресурстар. Қазір әр үйде табылатын бірден-бір құрал — компьютер. Ол — ең ірі техникалық ресурс. Ол аз болса, смартфон арқылы да талай істі тындыруға болады. Жай ғана әлеуметтік желі не байланыс құралы деп емес, ресурс деп көрсеңіз ол да әжептәуір табыс табуға мүмкіндік береді. Көпшілігі мұндай құралды музыка тыңдауға, ойын ойнауға, кино көруге, байланысуға, қызығушылық деп алады. Дегенмен табыс табуға әбден болады. Бар болғаны интернетке кіретін болса, мүмкіндік шексіз деп ойлай беріңіз. Жұмыстың да сан түрі табылады. Жұмыстан тыс уақытта ақша табуға болады. Болмаса, техникалық ресурстың келесі түріне автокөлікті жатқызамыз. Жұмысқа барып келетін құрал ғана емес, таксилетіп, жеткізу қызметін ұсыну арқылы табыс табуға болады. Ендеше, өзіңізде бар ресурстардың тізімін жасаңыз да, соларды монетизациялаудың жолдарын қарастырыңыз. Әр нәрседен пайда табуға тырысыңыз. Ұтылмайсыз.   

Қызығушылық, хобби, таланттар. Әркімнің бір өзіне тән ерекшелігі болады. Мысалы біреудің жазу қабілеті мықты, біреу техниканы «шашады», енді бірі малдың тілін жақсы табады. Сіздің қандай қабілетіңіз бар? Әдемілеп кесте тіге алсаңыз, құрақ құрай алсаңыз, перде тіге алсаңыз — осының бәрі сізге қосымша табыс көзі бола алады. Бастысы, ебін табу ғана. Ойлаңызшы, сіз әлдебір нәрсеге қызығасыз, қуана-қуана айналысасыз. Оған қоса сол арқылы ақша табасыз. Керемет емес пе? Сондықтан ойланыңыз. Қандай қызығушылығыңыз бар? Немен айналысқанды жақсы көресіз? Сол қызығушылығыңыздан табыс табуға бола ма? Қосымша табыс көзі ретінде санауға болатын болса, ғажап! Қиялыңызды іске қосыңыз, ойланыңыз. Шығармашылық потенциалыңызды сыртқа шығарыңыз. Бірнеше қызық идея ойластырып көріңіз. Осылайша қаржылық жағдайыңызды жақсартыңыз.

Уақыт. Бұл ресурстың құны қымбат. Тіпті ең қымбаты осы десек, қателеспейміз. Көбі уақытты құр босқа кетіреді. Қанша мүмкіндіктен айырылып жатқанын сезбеуі де мүмкін. Сол себепті уақытыңызды немен өткізесіз, қалай өткізесіз — анализ жасаңыз. Ерігумен қанша уақытыңыз өтіп жатыр? Қосымша табыс табуға қанша уақыт жұмсап жүрсіз? Әр адам өз уақытын тиімді жұмсауды үйренуі керек. Текке кетірмеңіз. Дамуға, өсуге уақыт арнаңыз. Біліміңізді арттырып, техникалық ресурстарды кеңейтіп, қызығушылық пен хоббиді ақшаға айналдырудың жолдарын іздеуіңіз керек. Өзіңіз ойланып, бір байламға келмесеңіз, уақытыңыздың бос кетіп жатқаны өзіңізге зиян. Қаражат жағынан қысылған адамның көңіл-күйі болмайды, өзін көп жерде шектеуге мәжбүр. Рақаттанып күле алмайды. Әлбетте, уақыттың бәрін ақшаға айналдыру керек, мүлдем бос уақыт болмауы керек демейміз. Қыдырыңыз, ойнап-күліңіз. Дегенмен сол ойнап-күлу үшін уақытыңызды дұрыс басқарып, қосымша табыс көзін табуыңыз керек.

Қосымша пассив табыс көздері. Жоғарыда актив табыс көздері туралы айттық. Енді пассив түріне келсек. Көбіне ТМД елдері үшін бұл аса таныс болмауы мүмкін. Дегенмен дамыған батыста мұндай практика кең қолданыста. Тіпті кей елдерде қаржы сауаты мектепте арнайы сабақ түрінде өткізіледі. Ал Қазақстанда бұл тақырыппен енді-енді танысып келе жатыр. Негізі бай болу үшін қаржылық тұрғыдан сауатты болу керек. Онсыз болмайды. Есептей білу, жоспар құру, табыс таба алу қасиеттері маңызды. Пассив табысқа не жатады? Соған тоқталсақ. Зейнет жасына жеткендерге ай сайын белгілі бір сома зейнетақы түсіп тұрады. Мұны бәріміз білеміз. Қартайғанда жақсы жалақы алу үшін жас кезде жақсы табыс табу керек. Бірі бірімен тығыз байланыста. Әсіресе, біздің елдегідей базалық зейнетақы мөлшері аз елдерде бұл жайлы жан-жақты ойлану керек. Зейнетақы пассив табыс түріне жатады. Одан соң банктегі шотты айтуға болады. Кез келген адам банктпен шот ашып, ақша сала алады. Ол ақшасына пайыз қосылып, көбейеді. Мұны да пассив табысқа жатқыза аламыз. Әрине, шоттағы ақша аз болса, ол пайда әкелмейтін, бар болғаны ақша сақтайтын әдіс болады. Ал енді сома көп болған сайын, оның үстінен көретін пайыз да көбейеді. Сонда ғана оны пассив табысқа жатқызамыз. Яғни пайда тапқыңыз келе ме, көбірек сома салыңыз. Құнды қағаздар арқылы да пассив табыс табуға болады. Жылына 10-30 пайыз аралығында пайда әкеледі. Бірақ бұл іспен өзіңіз айналысуыңыз қиын болады. Мықты маман тауып, сонымен кеңесімен ғана айналысқан жөн. Ол сізге қай акцияны қашан сатып алған жөн екенін, сізге тиімдісін ұсынады. Қолдан келсе, осы саламен айналысып көрген дұрыс.

Бизнес те пассив табыс көзіне айнала алады. Бірақ оған дейін көп күш пен қаражатты талап етеді. Егер бір жолға қоя алсаңыз, ұтасыз. Аяққа нық тұрып кеткен компания болса, оны білікті адамдар басқарса, пассив табыстың керемет түріне айналады. Ақша сіз күш салмасаңыз да түсіп тұратын жағдайға жете алсаңыз, керемет! Иесіне бар болғаны компания жұмысын қадағалап, түрлі форс-мажордан шығу жолдарын алдын-ала қарастырып отыру керек болады. 

Сондай-ақ оқыңыз