Құрылыс саласы қалай реформаланады?

Жарияланды
286 нысанның құрылысы тоқтап қалған

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы құрылыс компанияларының 15 пайызы банкротқа ұшырауы ықтимал. Қазірдің өзінде елімізде құрылыс салумен айналысатын компаниялардың 60 пайызы нысанды бекітілген мерзімде тапсыра алмай, істі кешеуілдетіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы мәлімдеп отыр.

Қауымдастық президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, қыркүйек-қараша аралығы құрылыс саласы үшін тағдыршешті кезең болмақ.

«Компаниялардың 15 пайызы өз қызметін тоқтата ма деген қауіп бар. Бұған себеп көп: өзіндік құнның, үстеме шығындардың үнемі өсуі деген секілді. Құрылыс бизнесіне араласу жыл сайын қымбатқа соғып бара жатыр. Бұл ұсақ компаниялардың нарықтан кетіп, ірілердің ғана табан тіреп қалуына себеп болады.  Барлығына доллар мен рубльдің қымбаттауы қысым жасауда. Қазақстандағы құрылыс саласы импортқа тәуелді – жеке компаниялар құрылыста қолданатын материалдардың 60 пайыздан астамы шетелдерден сатып алынады», дейді Микрюков.

Оның сөзінше, құрылыс материалдарының тапшылығы проблемасы жоқ. Дегенмен логистикалық тізбектердің бұзылуы және геосаяси ахуалға байланысты шетелден құрылыс материалдарын алып келу бойынша біршама қиындық бар. Теңге бағамының тұрақсыздығы, жұмыс күшінің тапшылығы және қызмет көрсету құнының қымбаттауы да саланы тұралатып бара жатыр. EnergyProm мәліметі бойынша, елде мемлекеттік инвестиция есебінен салынып жатқан 286 нысанның құрылысы тоқтап қалған. 84 жағдайда жобаның қымбаттауы салдарынан құрылыстың жалғаспай қалғаны анықталған. Мемлекеттің қатысуымен жүріп жатқан құрылыстардың өзі осылай дағдарып жатса, жеке компаниялар иелігіндегі нысандардың жәй-күйі айтпаса да түсінікті болар дейді сарапшылар. Олардың пайымдауынша, сектордағы ахуал ел экономикасына да теріс әсер етеді.

GlobalData агенттігінің болжауынша, 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстандағы құрылыс салсының орташа жылдық өсу қарқыны 5,8 пайызды құрайды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров болса биыл бірінші тоқсанда құрылыс саласының көрсеткіштері, соның ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 пайызға артты дейді.

Осыған қарамастан сарапшылар алдағы екі жылда отандық құрылыс нарығында тоқырау болатынын болжайды. Өйткені геосаяси жағдай күннен күнге қиындап бара жатыр, бұл жеткізу тізбегіне әсер етуде. Ал инфляция дегеніңіз бізде ғана емес, әлемде үлкен қарқынмен жоғарылап жатыр. Қымбатшылықпен күрестің жақын арада жеміс бере қоюы екіталай.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов нарық үдерісіне орай былай пікір білдіреді.

«Соңғы 5-6 жылда бұл сала үкіметтің «сүйіктісіне» айналды. Акционерлер мен девелоперлер министрлер кабинетімен қатты достасты және әлі күнге әртүрлі көздер арқылы мемлекеттік қаржыны алып келе жатыр. Салада арзан мемлекеттік ақшаның күрт көбейіп кетуі сапа дағдарысына және коррупцияға алып келді. Мемлекет бірнеше ірі құрылым құрды – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», «Отбасы банк». Бұлар азаматтарға да, құрылыс салушыларға да көмектеседі. Бірақ құрылыс негізінен ірі қалаларда қарқынды жүріп жатыр. Орта деңгейлі қалалар назардан тыс қалуда», дейді ол мәселенің басқа қырына үңіліп.  

Құрылыс компанияларының дерегінше, жыл басынан бері арматура – 17, металлопрокат – 25-30, кірпіш – 30, мыс кабелі – 17, қиыршық тас – 14, керамикалық плитка – 17, құрғақ қоспа – 13, гидроизоляциялық материалдар – 13, полипропилен құбырлары 20 пайызға қымбаттаған.

«Құрылысшылар бір ғана дағдарысты бастан өткеріп жатқан жоқ. Ал мемлекет дағдарыс жағдайында халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және табысын тұрақтандыру үшін қаржыландыруды ұлғайту арқылы оны еңсеруге әрқашан көмектесіп келеді. Өйткені құрылыс 700 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр және мультипликативті әсерді ескере отырып, бұл көрсеткіш шамамен 3 миллион адамға жетеді. Біз ұсынып отырған шараларды Үкімет қолдап, жұмыс орындарын ғана емес, құрылыс қарқынын да сақтап қала аламыз деп сенеміз», дейді құрылыс комитетінің басшысы Александр Белович.

Қымбатшылықтан бөлек тағы бір қиындық – маман тапшылығы. Құрылыс одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, қазір салада 242 мың адам жетіспейді.

«Жұмыс қолының жетіспеушілігінен құрылыс саласы жыл сайын 500 млрд теңге жоғалтып жатыр. Өйткені компания үшін жұмыс істелмей қалған кез келген күн – шығын. Еңбек ресурсының жетіспеушілігі салдарынан ел экономикасы жыл сайын 1,5 трлн теңгеден қағылады», дейді ол.

Құрылыс секторы – ел экономикасындағы маңызды сектор және жұмыс орындарымен қамту тұрғысынан басты генераторлардың бірі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада 641,4 мың адам жұмыс істеген. Адам саны бойынша бұл саланың алдына тек сауда, ауыл шаруашылығы және білім саласы ғана түскен. Бірақ кез келген саланың құрылыспен қатысы бар екені де белгілі. Олар негізінен – құрылыс материалдарын өндірушілерден бастап (өңдеуші өнеркәсіп және металлургия) геология, архитектура және басқа да салалар (қызмет көрсетуші).

Биыл Қазақстан құрылыс одағы «Еңбек» саяси партиясын құратындарын жариялаған еді. Айтуларынша, бұл саяси партия елдегі құрылыс саласының проблемаларымен бел шеше айналыспақ.

Одақ мәліметі бойынша, қазір елімізде баспанаға мұқтаж адам саны 2 миллионға жеткен.  

Сондай-ақ оқыңыз