Банктер экономикаға несие бермейді. Президент сынынан соң сең қозғала ма?

Жарияланды
Жолдауда экономиканы кредиттеу мәселесі айтылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында экономиканы несиелеу мәселесін айтты. Жалпы, бұл біраздан бері қозғалып, азды-көпті айтыс-тартысқа арқау болып келе жатқан тақырып. Екінші деңгейлі банктерде қаражат бар. Бірақ ол қаржыны бизнеске бере салғысы келмейді. Өйткені тәуекелінен қорқады. Одан да ол қаржыны жеке тұлғаларға бағыттаған тиімді. Айналып келгенде, кәсіпкерлердің микроқаржы ұйымдарына күні қарап қала береді.

Президент өз сөзінде несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отырғанын жеткізді.

«Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді.  Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді  несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық Банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар», деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың бұл сөзі – тоқетер сөз. Қаржы саласына жауапты ұйымдар енді осы астарлы сыннан кейін қорытынды шығармаса қиын болмақ. Өздеріне де, экономикаға да. Экономист Мақсат Сералы қазір екінші деңгейлі банкердің бизнесті тежеуші күшке айналғанын айтады.

«Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлініп жатқан қаражатты өздерінің компаниялары мен жобаларына айналдырып жатқаны жасырын емес. Ал қарапайым кәсіпкерлерге қаражат қолжетімсіз болып келеді, бұны Президент білетіні қуантты. Осыған дейін бірқатар жерлерде бұл мәселе көтерілді. Енді Ұлттық Банктен нақты қадамдар күтеміз», дейді ол.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев біз бұл мәселені жеті жылдан бері көтеріп келе жатырмыз дейді:

«Қазақстанда экономикалық жүйе шағын және орта бизнеске жоғары пайыздық мөлшерлемемен несие беретін екінші деңгейлі банктерге бағытталған. Біз бұл мәселені Парламентте соңғы жеті жыл бойы көтеріп келе жатырмыз. Банктерде артық өтімділіктің жинақталуына байланысты Ұлттық Банк жоғары базалық мөлшерлеме арқылы Ұлттық Банктің ноталарын шығару арқылы қайтадан базалық мөлшерлеме бойынша банктерден өтімділікті қайтарып алу шараларын қабылдады. Бұл банктерге тиімді болып шықты. Олар ешкіммен байланыспай-ақ ноталарды сатып алып, өздерінің 12 пайызын алады. Ұлттық Банктің бақылаушылық позициядан кетіп, банктердің экономиканы қаржыландыру бойынша өз рөлдерін дұрыс орындауына жауапты болар сәті жетті. Ұлттық Банк басқа мүмкіндіктерді қарастыруы керек. Ақша бөлініп жатыр, бірақ клиентке жетпейді. Нәтижесінде біз өнімнің аздығына, нарықта тауар тапшылығына, инфляция мен баға өсіміне куә болып отырмыз».

«Атамекен» ҰКП-ның Қостанай облыстық палатасының директоры Данияр Күзенбаев Жолдауда Президенттің кәсіпкерлер проблемасына назар аударғанын атап өтіп, өз пікірін білдірді.

«Мемлекет басшысы жеке өз мысалында «Естуші мемлекет» ұстанымының жүзеге асатынын көрсетті. Бизнестің көптеген ұсыныстары осы Жолдауда көрініс тапты. Президент айтқан өзекті біраз мәселені бұған дейін облыстық кәсіпкерлер палатасында да талқылаған едік. Президенттің бизнесті қаржылай қолдау мәселесіне көңіл аударғаны қуантты. Сондай-ақ орнықты экономикалық өсіммен тікелей байланысты салық саясатын да айналып өткен жоқ. Жолдаудың басты мақсаты – мемлекеттің кәсіпкерлермен ынтымақтастығы негізінде кәсіпкерлікті дамытуға серпін беру. Бұл дегеніңіз шағын және орта бизнесті дамытудағы басты фактор», дейді Күзенбаев.

Ranking сарапшыларының айтуынша, елдегі шағын және орта бизнестің тым әлсіз болуына басты себеп – қаржыландырудың төмен деңгейі және банк займының қолжетімсіздігі. Ал бизнестің сұранысы орасан. 2018-2019 жылдары екінші деңгейлі банктерге бизнес тарапынан 30 мыңнан астам өтінім түсен. 2020 жылы – 112,3 мың, 2021 жылы – 697,4 мың. Ал осы өтінімдерді мақұлдау деңгейі тым төмен. 2018-2019 жылдары 30 мың өтінімнің 50 пайыздан астамы ғана мақұлданса, 2020 жылы мақұлдау көрсеткіші – 36,6 пайыз, 2021 жылы – 31,7 пайыз болған.

Шағын және орта бизнес әлемде бүкіл жұмыс орнының 70 пайызын қамтамасыз етеді. Ал жаһандық жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта бизнес үлесі – 50 пайыз. Дамыған елдерде ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 50 пайыздан еркін асады. Көршілес Өзбекстанның өзі бұл тұрғыда бізден көш ілгері. Қазақстанның бизнестің осы секторын дамытайық дегенінің өзіне біраз уақыт болды. Бірақ сан алуан тежеуші факторлар алдан кесе-көлденең шығуын қояр емес. Үлкен жүйенің бір механизмі жұмыс істемесе процеске зор залал келеді. Ал бізде қанша механизмнің шала-жансар жұмыс істеп тұрғаны беймәлім. Әйтеуір, аз емес екені айқын. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдайға сәйкес елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,1 пайызға өскен (2021 жылмен салыстырғанда). 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 34,7 пайызға жеткен.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елде 1,4 млн шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл салада жұмыс істеушілер саны 10,6 пайызға өсіп, 3,5 млн адамды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз