Қай банктің мобилді қосымшасы мықты?

Жарияланды
Банктер экожүйеге қатты көңіл бөліп жатыр

Қазір екінші деңгейлі банктер өз экожүйелерін барынша байытып, жедел әрі сапалы жұмыс істейтін сервиске айналдырудың жолын қарастырып жатыр. Тиісінше, бұл бағыттағы істері нәтижесіз де емес. Қазір азаматтар қағаз ақша пайдалануды әжептәуір азайтты. Төлем жасау, билет алу, ақша жіберу сияқты операциялардың барлығын дерлік мобилді қосымша арқылы жүзеге асырады.

Елімізде өткен Mobile Banking Rank Казахстан 2022 форумы аясында көпшіліктің көңілінен шыққан 10 танымал мобилді қосымша анықталды. Бағалау 800 критерий бойынша жүргізілген. Зерттеу қорытындысы бойынша «Банк ЦентрКредиттің» банкинг жүйесі ең үздік мобилді қосымша деп танылған.

БЦК

Мобилді банк жалпы алғанда клиенттер тәжірибесінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Функционалдық блокта төлемдер мен аударымдар категориясы көш бастайды. Лимитті басқару, қауіпсіздік баптауы, контактісіз төлемге қосылу, SMS және PUSH-хабарламаларды басқару сияқты кең ауқымды мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ қайталанатын операцияларды біршама жеңіл етеді.

Jusan Bank және Halyk Bank

Бұл екі банктің де электронды қызметі аса жоғары деңгейде. Бірақ БЦК-мен салыстырғанда бұл екеуінде төлемдерді кесте бойынша икемдеу және құру мүмкіндігі жоқ. Өнімді көрсету параметрлері жеткілікті түрде әзірленбеген: шектеулер, қауіпсіздік, хабарландыруларды басқару секілді. Бірақ бұл қаржы ұйымдарының әрбірінде өзіндік ерекшелік бар. Мысалы, Jusan Bank қосымшасында үзінді көшірмелер мен шот деректемелерін жүктеп алу өте ыңғайлы. Сонымен қатар профилді баптау, тақырып пен құттықтауларды таңдау сияқты мобилді банкті реттеудің кең мүмкіндіктері бар. Halyk Bank қосымшасында бөлімше мен кеңсені іздеу жүйесі әлдеқайда оңайлатылған. Нақты қай локацияд қандай қызметтер қолжетімді екені ауқымды ақпарат арқылы ұсынылады.

Kaspi

Kaspi Bank-те логин аймағы дамыған. Қосымша провайдерлер тізімімен ыңғайлы өзара әрекеттесуді ұсынады, бірақ электронды әмиянға ақша аударылмайды, телефон немесе деректемелер арқылы басқа банкке ақша аударуға болмайды.

Forte

Forte Bank мобилді банкингі арқылы телефон нөмірі бойынша аударым жасау мүмкіндігі жақсы дамыған. Сонымен бірге дебеттік және несие карталарына тапсырыс сөресі ыңғайлы орналастырылған. Бірақ жол-көлік оқиғасы бойынша айыппұл төлеу мүмкіндігі қарасырылмапты.

Өзге банктер

Басқа банктердің – «Банк Хоум Кредит», Bank RBK, «Еуразиялық банк», Altyn Bank, Freedom Finance Bank-тің мобилді қосымшаны дамыту әлеуеттері өте жоғары. Әр банктің өзіндік артықшылықтары бар. Мысалы, «Банк Хоум Кредитте» қолдау көрсететін чат жақсы дамыған. Bank RBK қосымшасында транзакция туралы ақпарат егжей-тегжейлі көрсетіледі. «Еуразиялық банк» жекелеген өнімге өтуге мүмкіндік беретін бірыңғай деректер қорына қолжетімділік ұсынады. Altyn Bank қосымшасымен төлқұжат деректерін және телефон нөмірін ауыстыра аласыз. Freedom Finance Bank-те картаны қосымшаға ыңғайлап жұмыс істеу жақсы қамтамасыз етілген.  

«Соңғы жылдары Қазақстанның төлем нарығы керемет динамика көрсетіп жатыр. Қолма-қолсыз жасалатын төлем көлемі өсіп келеді, нарықта инновациялық технологиялар, жаңа сервистер мен өнімдер, жаңа ойыншылар алға шыға бастады. Бұл ретте біз нарық қатысушыларының, оның ішінде тұтынушылардың мүддесін ескере отырып дұрыс саясат ұстануымыз керек», дейді Ұлттық Банк төлем жүйелері саясаты басқармасының басшысы Арлен Молдабеков.

Сондай-ақ оқыңыз