Үкімет пен ірі сауда желілері қалай келісімге келмек?

Министрлік азық-түлік бағасын тұрақтандырмақ

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.Талқылаудың негізгі тақырыбы күрт өзгеріс пен тапшылықсыз негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған жаңа тәсілдерді іске асыру болды.

СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың хабарлауынша, «айналым қаражатын» бөлудің жаңа тетіктерін іске асыру аясында қазірдің өзінде әр аймақ үшін қаржыландыруды қайта бөлу схемалары әкімдіктердің назарына ұсынылды. Тоғыз облыс әлі қаржыландыруды қажетті көрсеткішке жеткізбеген, жиынтықта бұл 14,9 млрд теңге. 2022 жылдың 1 қазанына дейін барлық қажетті рәсімдерді аяқтау міндеті қойылды.

20 қыркүйектен бастап әкімдіктер «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірлесе отырып, үй жанындағы дүкендер, ірі супермаркеттер иелері және ӘМАТ басқа да сатушылары арасында сауда саясаты туралы қолданыстағы заңнама бойынша өңірлерде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі элемент – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесінің белгіленген нормасын сақтау.

«Аз ғана адамға қызмет көрсететін үйдің жанындағы дүкендер әлеуметтік азық-түлікке бағалық бағдар ретінде қызмет етпеуі тиіс. 2 апта ішінде барлық өңірлерде сауда желілерімен, супермаркеттермен жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сауда үстемесін 10 пайыздан аспайтын мөлшерде сақтау туралы меморандумдарға қол қою бойынша жұмыс жүргізу қажет», деді Серік Жұманғарин.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір маңызды міндеті – тауар балансын қалыптастыруды автоматтандыру бойынша жұмысты жолға қою.

Ержан Қазанбаевтың айтуынша, ұлттық тауар өткізу жүйесінің бірыңғай автоматтандырылған платформасы осы жылдың қазан айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істей бастайды. Келесі жылдан бастап көкөніс сақтау қоймаларының модулі бойынша өнеркәсіптік пайдалануға қосу жоспарлануда.

Кеңесте Астана әкімдігі тарапынан елордада сауда желілерін дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Ұсыныстар қолдау тапты, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың пысықтауына жіберілді.

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, азық-түлік бағасының тым қымбаттап кетуіне мемлекет тарапынан дұрыс заңдық реттеудің жоқтығы себеп.

«Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 9 бабында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын үстеме 15 пайыздан аспау керек делінген, іс жүзінде бұл талап сақталып отырған жоқ. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ұрлау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемін тиісінше сақтамау, бөлу және жоспарлау фактілері, сондай-ақ әкімдіктер жұмысындағы кемшіліктер сипатты бұзушылықтарға айналды. Бірде-бір уәкілетті орган осы саладағы заңнаманы ретке келтіру мәселесіне бастамашы болған жоқ. Сондықтан транспорттық шығындарды субсидиялай отырып тұрақтандыру қорларына бірыңғай жеткізулер жасау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін ірі отандық тауар өндірушілерге ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар беру қажет. Мемлекеттік материалдық резервке ұқсас әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төмендетілмейтін қорын айқындау керек», дейді.

Ол сондай-ақ нарыққа түскен сәттен бастап түпкілікті тұтынушыға сатылғанған дейін әлеуметтік маңызы бар тауарларды өткізу процесін, оның ішінде тұрақтандыру қорларындағы сауда алаңдары мен өнімдер көлемінің қолжетімділігін бақылау тетіктерін цифрландыру қажет деп санайды.

Осыған дейін Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы деректеріне талдау жүргізу үшін арнайы call-орталық құрған еді. Ведомствоның мәліметінше, ол үй жанындағы дүкендерде, базарларда, супермаркеттерде және басқа да ұйымдастырылған сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне деген жоғары бағаға тап болған азаматтардың өтініштерін есепке алу және деректерді талдаудың сенімділігін арттыру үшін құрылған.

«Хабарламаларды қабылдау уақыты – дүйсенбіден жұмаған дейін 9:00-19:00 аралығы. Жұмыс және демалыс күндері азаматтар министрлік Facebook және Instagram аккаунттарында комментарийде өтініш қалдыра алады», делінген ведомство хабарламасында.

Министрліктің хабарлауынша, барлық келіп түскен шағымдар бойынша міндетті түрде жедел тексеріс ұйымдастырылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне белгіленген сауда үстемесінің 15 пайыз мөлшерінен асып кету фактілері анықталған жағдайда, материалдар одан әрі әкімшілік шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады.

Жұмыс істеген 9 күн ішінде жаңа арналар арқылы өңір тұрғындарынан 31 арыз-шағым келіп түсіп, олардың 18-і бойынша дүкен иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Жалпы, 2022 жылдың басынан бері әкімдіктерге сауда үстемеақысының асып кетуіне қатысты 340-қа жуық шағым түскен. Олардың басым көпшілігі үйдің жанындағы дүкендердегі шектен жоғары бағалар бойынша.

Еске салайық, тамыздың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция деңгейі 16,1 пайызды құрады. Әсіресе, азық-түлік өнімдері қатты қымбаттаған – 20,1 пайызға дейін.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда