Ақпараттық субсидиялау платформасы кімдер үшін пайдалы?

Жарияланды
Министрлік Президент тапсырмаларын іске асыруда

Агроөнеркәсіп кешені (АӨК) саласын бірқатар маңызды өзгерістер күтіп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай деп айтты. Оның сөзінше, Президент Жолдауда берген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жедел түрде нақты шаралар әзірленді.

Атап айтқанда, келесі жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа ережелер бойынша субсидия алатын болады.  Олар қазір арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқыланып жатыр. Негізгі өзгерістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялау бағыттары мен түрлеріне қатысты болмақ.

«Мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарын (ҚМЖ) субсидиялау бойынша 2 нұсқа қарастырылып отыр. Біріншісі – Антикордың ұсынысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын субсидиялаудан бас тарту және оның орнына жабдықты субсидиялау нормативтерін арттыру. Екінші жолы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша алып тастап, ҚМЖ-ны субсидиялаудан шығу», деді министр.

Өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, қос бірдей субсидиялауды болдырмас үшін бірегей тұқым өндірісін субсидиялаудан бас тарту ұсынылады.

«Өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, мұнда бағыттар мен нормативтер қалады. Қосарланған субсидиялауды болдырмау мақсатында бірегей тұқымдарды субсидиялаудан бас тарту ұсынылады. Мал шаруашылығы бойынша жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар субсидиялау түрлерін алып тастау, ал қалған түрлерін жүйелеу және бірыңғай түрге – селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялауға біріктіру және сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту ұсынылады», деді министр.

Сүт құбыры бар машиналық саууы бар субъектілер үшін сүт бойынша 1 кг сүтке 40 теңге деңгейінде бірыңғай нормативтерді белгілеу ұсынылады.

«Асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу бағытында біз отандық және импорттық жануарлар үшін сүтті мал бойынша 300 мың теңге, етті мал бойынша 1 бас үшін 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай нормативтер белгілейтін боламыз. Осылайша, асыл тұқымды мал өсірушілерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасалады» деді Ербол Қарашөкеев.

Етті құс шаруашылығын дамыту үшін жергілікті бюджет есебінен инвестициялық субсидиялау нормативтерін 25 пайыздан 50 пайызға дейін көтеру ұсынылады. Жем-шөпті субсидиялау бойынша тек пішен мен кебекті тек ТЖ басталған кезде немесе Қазгидромет растаған ауа-райының қолайсыз жағдайларында ғана субсидиялау ұсынысы енгізіледі.

Тағы бір жаңалықтың бірі – мемлекеттік қолдау алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу. Бұл бөлінген субсидиялардың тиімділігін арттыру үшін қажет. 

АӨК-ті дамытудың үш жылдық жоспары аясында 90 млрд теңге қарастырылған. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес бұл сома жеткіліксіз. Тек 2023 жылдың өзінде 11 мыңнан астам ауыл тұрғынының қажеттілігін жабу үшін 52,4 млрд теңге керек болады. 2024-2025 жылдары тағы 140 млрд теңге керек екен. Осыған орай министрлік қаржыландырудың толық көлемін бөлуге бюджеттік өтінім дайындаған. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға толық қолдау тапты.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын айта кеткен жөн. Жер ресурстарын басқару комитеті 2,7 млн га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 1077 жоспардан тыс тексеруді тіркеді, соның нәтижесінде 1,9 млн га алаңда 817 нұсқама енгізілді, 185,8 мың га алаң жер бойынша 138 материал сот органдарының қарауында жатыр. Бүгінгі таңда мемлекет пайдасына 3,8 млн га пайдаланылмайтын жер қайтарылды және 2023 жылдың соңына дейін тағы 10 млн га бойынша нақты шешімдер қабылданбақ.

Ербол Қарашөкеев сондай-ақ журналистерге көкөніс өнімдерінің бағасы туралы айтып берді. Қазіргі уақытта республика бойынша көкөністерді жаппай жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Кейбір өнім түрлері бойынша бағаның төмендегені байқалады, негізгі өндіруші өңірлерде пияз алқапта 30-50 теңгеге дейін, картоп 95-100 теңгеге дейін, сәбіз 85-100 теңгеге дейін және қырыққабат 50 теңгеге дейін арзандапты.

Ведомство басшысы биылдан бастап жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі іске қосылғанын жеткізді.

«Биыл 1 шілдеден бастап цифрландыру есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі іске қосылды. Жүйе фермерлер үшін тегін болады және барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Ол қазіргі «Қолдау» жүйесін толығымен алмастырады», деді АШМ басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз