Баспана жалдау бағасы рекорд орнатып жатыр

Жарияланды
Елімізге ағылған ресейліктер сұранысты аспандатып жіберді

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, қыркүйек айында тұрғын үйді жалға беру бағасы жылдық мәнде 47,2%-ға өскен. Өткен айда тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау ақысының орташа бағасы 4 612 теңгені құраса, бір ай бұрын ол 4 029 теңге мөлшерінде болған.

Республика аумағында баға Алматы қаласында өте жоғары – 5 611 тг/м2. Сондай-ақ Астана және Ақтау қалаларында шаршы метр бағасы тиісінше 4 485 тг және 3 253 теңгеден болып тұр.

Жалға берілетін ең арзан үйлер Қызылорда (1 797 тг/м), Тараз (1 809 тт/м2) және Жезқазған (1 845 тг/м2) қалаларында тіркелген.

Тұрғын үйді жалға алу бағасы бір ай ішінде Қостанай қаласында да айтарлықтай қымбаттады. Бұл қалада баға деген бірден 42,6%-ға қымбаттап кеткен. Петропавл қаласында баспана жалдау бағасы да қалысар емес. Бұнда баға үштен бір есе қымбаттаған. Бұл үштікте Қарағанды қаласы да бар, онда қыркүйек айында тұрғын үйді жалға алу бағасы тамыз айымен салыстырғанда 21%-ға өскен.

Тұрғын үйді жалға алу бағасы Түркістан (0,6%), Талдықорған (3,5%), Шымкент (3,9%) және Қызылорда (4,3%) қалаларында да біршама өсті.

Айта кетейік, қыркүйек айында жылдық инфляция 17,7%-ды құрады, тұтыну бағалары индексінің құрылымында ақылы қызметтер 12,3%-ға қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз