Қазақстанда негізгі инвестицияның үштен бір бөлігі тау-кен саласына құйылады

Жарияланды
Бұл сегменттегі инвестицияның 85 пайызы мұнай-газ саласына тиесілі

Биыл қаңтар–тамыз айларында тау-кен өнеркәсібі мен карьер қазу саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай түрде 16,1% артық, деп жазады Finprom.kz

2022 жылғы қаңтар–тамызда тау-кен өнеркәсібі мен карьер қазуға салынған инвестиция үлесі өнеркәсіпке салынған жалпы инвестиция көлемінің үштен екі бөлігін және ҚР экономикасына салынған инвестицияның үштен бір бөлігін құрады. Бұл ретте өнеркәсіп саласына күрделі салымдар бір жылда ақшалай түрде 6,6% (ФКИ — 101,1%), ал жалпы ҚР бойынша 11,6% (ФКИ — 105,7%) өскенін көрсетті.

Айта кетейік, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесуінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігінің ауыр тақырыбына тоқталған еді.

«Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға ұдайы инвестиция салуы керек», — деді президент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында жұмысшылардың қаза табуының қайғылы жағдайын еске салып. Сондай-ақ күрделі күрделі салымдарды қажет ететін экологиялық мәселелер де қозғалды.

Өңірлер бойынша алсақ, тау-кен өнеркәсібі мен карьер қазуға салынған бүкіл инвестицияның 85%-ы Қазақстанның мұнай және газ өндіруші аймақтарына: Атырау (1,6 трлн теңге), Ақтөбе (335,9 млрд теңге), Маңғыстау (198,6 млрд теңге) және Батыс Қазақстан (175,3 млрд теңге) облыстарына тиесілі. Сонымен қатар Қостанай (58,5 млрд теңге), Қызылорда (55,8 млрд теңге), Қарағанды (50,2 млрд теңге) және Павлодар (48,8 млрд теңге) облыстарына да айтарлықтай салынғаны байқалды.

Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу құрылымында инвестиция көлемінің 78%-ы шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге тиесілі: 2,1 трлн теңге, бір жыл бұрынғыдан ақшалай түрде 20,7% көп (ФКИ — 118,5%).

Одан кейінгі орында металл кенін өндіру: 366 млрд теңге, бір жыл бұрынғыдан 4,2% аз (ФКИ — 90,3%). Көмір өндіру саласына салынған инвестиция көлемі былтырмен салыстырғанда 1,5 есеге артып (ФКИ — 146,5%), 66,9 млрд теңгеге жетті. Басқа пайдалы қазбаларды өндіруге 61,4 млрд теңге, өнеркәсіпте қызмет көрсетуге 105,5 млрд теңге салынды.

Тау-кен өнеркәсібі мен карьер қазу саласындағы негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 90%-ға жуығы бизнестің меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етілді: 2,4 трлн теңге, 2021 жылдың қаңтар–тамызымен салыстырғанда ақшалай түрде 9,2% көп.

Банктік емес қарыздар 271,3 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп, оның 9,2 млрд теңгесі резидент еместердің қарыз қаражаты. Банк несиелері небәрі 11,3 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар–тамызбен салыстырғанда 4,4% артық.

Сондай-ақ оқыңыз