Қазақстанға тікелей тартылған шетелдік инвестицияның өсуіне не әсер етті?

Жарияланды
2021 жылы елімізге 23,8 млрд доллар тікелей инвестиция құйылған

Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның өсуіне бірнеше себеп бар. Оған Ресей мен Украина арасындағы соғыстан бастап, Қазақстандда бірқатар бюрократиялық кедергілердің жойылуы да ықпал еткен.


Finprom.kz сайтының жазуынша, кейінгі бес жылда Қазақстан жыл сайын 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартқан. Тек 2020 жылы COVID-19 пандемиясы салдарынан инвестиция ағыны жалпы әлем бойынша 35%, ал Қазақстанда 29,8% қысқарып, 17,2 млрд АҚШ долларына дейін азайды.

Дегенмен, 2021 жылдың өзінде Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны 23,8 млрд АҚШ долларына жетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда бірден 38,9% артық. Алайда 2019 жылғы көрсеткіш тен(24,4 млрд АҚШ доллары) 0,6 млрд доллар кем. Дегенмен, бұл ҚР Сыртқы істер министрлігі жасаған болжамнан да жоғары. Ведомство 2021 жылдың соңына дейін 19 млрд АҚШ долларын тартуды жоспарлаған еді.

2022 жылдың тамызында АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, өз баяндамасында нарықтық экономиканы құрудағы елеулі прогресті атап өтті.

Қазақстанға ТШИ ағынының мұндай ұлғаюы экономиканың қалпына келуімен және «корона дағдарысына дейінгі» белсенділікке қайта оралуымен түсіндіріледі.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстан 54 елдің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Жапония азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтірді. Ал былтыр кәсіпкерлерге салықты үш жылға кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін инвестициялық салық несиесін енгізді.

Мемлекеттік департаменттің сарапшылары ТШИ өсімін, басқалармен қатар, электронды үкімет порталы арқылы кез келген бизнесті онлайн тіркеу және жаңа инвестициялық келісім жасау сияқты бизнесті ашу мен жүргізу процедураларын жеңілдету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі ықпал етті деп санайды.

Көптеген процедуралар қазір онлайн режимінде қолжетімді. Бұрын шетелдік инвесторлар келісімшарттар мен лицензиялық мәселелерге жиі шағымданатын.

2022 жылы ТШИ көлемі қандай болатыны әлі белгісіз. Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 14,5 млрд АҚШ долларын құрады. Айта кетейік, биылғы көрсеткіштер бірінші тоқсанда да, екінші тоқсанда да былтырғыдан асып түсті.

Бұл ретте елдегі саяси жағдай мәселені қиындатып отыр. Қаңтардағы толқулар, Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресеймен кең ауқымды экономикалық байланыстар және одан кейінгі Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға әсер етіп, инвесторларды алаңдатып отыр.

«Кейбір инвесторлар Қазақстанға инвестиция салуға құлықсыз болуы мүмкін, ал басқалары Қазақстанды Ресейде бизнес жүргізуге тартымды балама деп санауы мүмкін», — делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында.

Өз кезегінде ҚР үкіметі Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындауға дайын екенін білдірді және Батыс инвесторларын Ресейден Қазақстанға көшуге шақырды. Атап айтқанда, 2022 жылдың қыркүйек айының соңында премьер-министр Әлихан Смайылов кейбір шетелдік компаниялардың Қазақстанға көшуге дайын екенін мәлімдеді.

«Қазіргі саяси жағдай ұлттық экономикаға кері әсер етіп қана қоймайды. Бүгінгі таңда 50-ге жуық шетелдік компания көрші елдегі өндірісін жауып, өндірісі мен кеңселерін Қазақстанға көшіруге ниет білдірді», — деді Смайылов.

Инвесторлардың алаңдаушылығынан қорыққан президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында да тұрақты және тартымды инвестициялық ахуалды қамтамасыз ететініне уәде берді. Ол үшін экономикадағы монополиялар мен олигополияның шектен тыс рөлін тоқтатуға уәде берді. Ал наурыз айында ол жекешелендіруді кеңейту және сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы инвестиция тартуға болатын реформаларды жариялады.

Жалпы, салалық құрылымда бұрынғысынша тау-кен өнеркәсібі басым, 2021 жылы барлық ТШИ-нің 40,8%-ын құрады (мұнай және газ өндіру — 28%). Екінші орынды өңдеу өнеркәсібі иеленді: портфельдің 22%-ы. Айтпақшы, жаңа инвестициялық саясатқа сәйкес өңдеу сегменті бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйверіне айналады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі ТШИ көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 18,4%, өңдеу өнеркәсібінде 68,1%, сауда және автокөлік жөндеуде 47,2%, қаржы және сақтандыру қызметінде 57,2%, көлік-логистика секторында 12,8%, құрылыста 42,6%.

Білім, денсаулық және әлеуметтік қызметтерге, өнерге, ойын-сауық пен демалысқа салынған инвестиция 2020 жылғы 23,2 млн АҚШ доларынан 2021 жылы 8,9 млн АҚШ долларына дейін азайды.

Сондай-ақ оқыңыз