Қазақстанда су ресурсы азая бастады. Мемлекет түйткілді қалай шешеді?

Сумен қамту күрделі міндетке айналып бара жатыр

Әркез су туралы проблема шыққан сайын «түптің түбінде әлемде соғыс мұнай үшін емес, су үшін болады» деген суық болжам ойға орала береді. Әрине, соғысты қаламаймыз, бірақ су үшін қиян-кескі тартыс келе жатқанын біздің де ішіміз сезердей. Елдегі жағдай соған итермелейді. Қазақстанда су ресурстарының азая бастағанын мемлекеттің өзі де мойындап отыр.

Экология министрі Серікқали Брекешев су тапшылығының өсуіне байланысты жыл сайын халықтың су тұтынушылығын қамтамасыз ету және экономика салаларының қажетін қанағаттандыру күрделі міндетке айналып келе жатыр дейді. Өзен ағынының көпжылдық динамикасы жергілікті және трансшекаралық ағындарды азайту арқылы су ресурстарының азаюын меңзеп тұр. Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 текше километр болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше километр. 2030 жылға қарай өзен ағынының одан әрі 99,4 текше километрге дейін қысқаруы болжанып отыр.

Министрдің айтуынша, су ресурсының тапшылығына мына факторлар әсер етеді:

  • Су ресурстарының қысқаруы;
  • Халықтың, экономиканың және экологияның мұқтаждықтарының көбеюі;
  • Климаттың өзгеруі;
  • Су ресурстарының республика аумағы бойынша біркелкі бөлінбеуі және соған байланысты су ресурстарына жүктеменің көптеп түсуі.

«Елдің шығыс аймағы су ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген. Ең аз қамтамасыз етілген аймақ – Орталық Қазақстан (Нұра-Сарысу бассейні). Оңтүстік және батыс аймақтар көрші елдерге тәуелді. Су тапшылығы оңтүстік және батыс өңірлерге көбірек әсер етеді деп болжануда», деді министр.

Су проблемасының қолтығына жел бүркитін және басқа түйткілдер:

  • Инфрақұрылымның ескіруі және соған байланысты үлкен шығын;
  • Сапалы судың тапшылығы;
  • Әлсіз тариф белгілеу тетігі;
  • Іргелес мемлекеттермен су бөлісу мәселелері;
  • Су ресурстарын басқару кезінде қабылданатын шешімдердің ғылыми негізі әлсіз;
  • Білікті кадрлар жетіспеушілігі.

Қазіргі кезде трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмысты ведомствоаралық үйлестіру үшін Қазақстанның Су кеңесі құрылған.

«Трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін барлық халықаралық алаңдар іске қосылатын болады. Іргелес елдермен жұмыс екіжақты және көпжақты ынтымақтастық шеңберінде жүргізілуде», дейді министр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай суару кезінде судың шығынын 4 текше километрге қысқарту, ал өнеркәсіпте тұщы су алу көлемін 1,3 текше километрге азайту жоспарланып отыр екен.

«Республикада ұзындығы 21,5 мың шақырымға жуық 3,5 мың магистральдық канал бар, оның 11,9 мың шақырымының жағдайы мәз емес. Оларды қайта құру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылға дейін 5,6 мың км канал қайта жаңартылды. 2025 жылға дейін қалған 6,4 мың км каналды қайта жаңарту көзделген. Нәтижесінде судың жоғалуы 1,7 текше километрге азаяды. Бөгеттердің тозуы мәселесін шешу бойынша да жұмыстар қолға алынды. 2017 жылдың басында елде 41 апаттық су қоймасы болды. Соңғы 5 жылда 16-сы жөндеуден өтті. Биыл тағы 6 ғимарат қалпына келтіріледі, ал 2025 жылға қарай қалған 19 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл шамамен 800 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.

Қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 1,7 текше шақырым су сыйдыратын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. 2021 жылы Түркістан облысындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілді. Қалғандары жобалау-сметалық құжаттама кезеңінде көрінеді.

Сондай-ақ су саласын цифрландыру да белсенді жүріп жатыр дейді. 2025 жылға дейін 212 арнада су есебін цифрландыру жоспарлануда. 2021 жылы 23 арна цифрландырылды, биыл – 89 арна. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, аталған шараларды орындау нәтижесінде судың артық шығыны 1,2 текше шақырымға төмендейді деп күтікешіктірілмей енгізілмек.

Министрлік жаңа Су кодексін және су саласын дамытудың үш жылдық (2023-2027 жылдарға арналған) кешенді жоспарын әзірлейді. Біріншісінің жобасы Парламентке келесі жылдың сәуірінен кешіктірілмей енгізілмек. Екіншісі бойынша екі бағыт бар: суды басқару жүйесін жетілдіру және тұрақты даму үшін суға деген сұранысты басқару. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттіліктерінің теңгерімін қамтамасыз ету проблемаларын шешу.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда