Жолдың жайы жан ауыртады. Қанша километр автожол жөнделеді?

2022 жылға республикалық бюджеттен 603 млрд теңге бөлінген

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев автожол саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді. Оның мәліметінше, биыл жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам жолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бұл республикалық желінің 7 мың шақырымы және жергілікті желінің 4,6 мың шақырымы. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және реконструкция жұмыстары іске асырылуда, ал қалған 3 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеумен қамтылған», деді Қайырбек Өскенбаев.

Жергілікті автожолдар желісінің 4,6 мың шақырымы жөндеудің барлық түрлерімен қамтылған. Автожол саласын дамытуға 2022 жылға республикалық бюджеттен 603 млрд теңге бөлінді. Басымдық қолданыстағы жобаларды аяқтауға беріліп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз, алдымен, басталған, яғни қолданыстағы барлық жобаларды аяқтауымыз керек. Автожол саласында 2024 жылға дейін іске асыруды көздейтін жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын 17 жоба бар», деді ведомство басшысы.

Жыл соңына дейін қозғалыс 1 мың шақырым жолда ашылады деп жоспарланған. Қалған 3 мың шақырымында жұмыстар 2023 жылы аяқталады. Айта кетейік, бүгінде республикалық желі жолдарының 90 пайызы, ал жергілікті желі жолдарының 80 пайызы нормативтік жағдайда. Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы жол жөндеу жұмыстарын ілгерілету туралы айтты. Ведомство басшысы Президенттің Батыс Қазақстан облысының жолдарына қатысты айтқан сынын еске сала кетті.

Биыл мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараларды дереу қабылдауды тапсырған болатын. Белгіленген мерзімге дейін жобаларды уақытылы тапсырмағандар жазаланды.

«Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына қатысты айтқан сынынан кейін «Орал-Жәнібек» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық тас жолдарындағы жұмыстың қарқыны артты. Бүгінгі таңда 248 шақырымның 135-і жөнделді. Осылайша, осы жылдың соңына дейін қозғалыс жолдардың 54 пайызында ашылатын болады», деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ министр «Атырау-Астрахань» тас жолын реконструкциялау барысы туралы да баяндады. Оның айтуынша, жұмыстар 277 шақырымның 130-ына жуығында орындалған. Бұдан бөлек, Ақмола өңірінде 100 шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол жөнделді.

2022 жылы жол құрылысы маусымы аясында Ақмола өңірінде республикалық маңызы бар 100 шақырымнан астам жол жөнделді. Жалпы, 2022 жылы жөндеу жұмыстарымен қамтылған жол учаскелерінің саны 2,5 есе артты. Мәселен, бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 361 шақырымды құрайтын 28 учаске жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Жөндеу жұмыстарымен қамтылған учаскелердің бір бөлігі келесі жылы қолданысқа берілетінін атап өткен жөн. Қазір республикалық маңызы бар «Екатеринбург – Алматы» күре жолындағы төрт учаске, сондай-ақ «Астана – Петропавл» күре жолының (Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін) учаскесі, «Жақсы – Есіл – Бұзылық» күре жолының учаскесі жөнделді. Сонымен қатар «Жезқазған – Петропавл» күре жолының Державинск қаласынан Уәлиханов ауылына дейінгі (Арқалық қаласы бағытында) жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын проблемалық учаскесі орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр.

Өңір тұрғындарының өтінішіне сәйкес күре жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін (Талапкер, Төңкеріс, Астраханка, Зеренді, Сандықтау елді-мекендеріне қарасты) 20 шақырым жол жарықтандырылып, 14 жаңа бағдаршам орнатылмақ (6 бағдаршам орнатылып, пайдалануға берілді). Сондай-ақ мердігер ұйымдар ұзындығы 32 шақырым болатын қар ұстайтын қоршаулар мен 15 шақырымға жуық үй жануарларының жолға шығып кетуін болдырмауға арналған арнайы қоршаулар орнатады («Астана – Павлодар» және «Щучинск – Көкшетау» а/ж).

Жоғарыда аталған іс-шаралар Ақмола облысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық автожолдардың көрсеткішін 88 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2347 шақырымды құрайды.

Осы жылдың 9 айында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықтарды анықтады. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді, оның 8 мыңы республикалық желіге, 15 мыңы жергілікті желіге тиесілі. Оның ішінде 5,6 мың материал сынамалары немесе 24 пайызы белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 12 пайыз (1016), жергілікті желі бойынша 30 пайыз (4598) сәйкессіздіктер анықталған. Нәтижесінде мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 млрд теңгенің жұмысы қайта жасалды.

Сапа орталығы жосықсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдады. Нәтижесінде бүгінгі күні 18 жағдайда техникалық қадағалау мамандарының аттестаттары тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге салынған айыппұл сомасы 29,3 млн теңгені құрады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда