Коммуналдық қызметтер тарифі халық үшін қолайлы бола түсе ме?

Жарияланды
«Тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидаты жұмыс істейді

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комите коммуналдық қызметтердің халыққа арналған тарифін көтеруге 180 күнге мораторий енгізген еді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифі түзетілді. Бұл халықтың 3,2 млрд теңгеден астам қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген.

«Комитет 8 реттелетін саладағы 1200 астам табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттейді. Бүгінгі күні 100 артық кәсіпорын электр энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетеді. Оның ішінде 37 кәсіпорынға табиғи монополияларды реттеу комитеті жүзеге асыра алатын бағаларды мемлекет реттеу қолданылады», деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев.  

Спикердің айтуынша, соңғы тұтынушы үшін электр энергиясының бағасы энергия өндіруші ұйымның сату бағасына сүйене отырып қалыптастырылады, оның үлесі орта есеппен 61 пайызды құрайды. Электр энергиясын беруге арналған тариф және энергия өндіруші ұйымның жабдықтау үстемесі, олардың үлесі түпкілікті бағада тиісінше 35 пайыз және 4 пайыз.

Жылу энергиясының тариф деңгейі жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және жеткізуге қажетті шығындар деңгейіне байланысты. Жылу энергетикасы саласындағы қызметтер бойынша тарифтер деңгейінде пайдаланылатын отын түрі: көмір, газ, мазут, дизель отыны әсер ететінін атап өткен жөн. Бұл шығындардың өзіндік құн құрылымындағы үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Бұл ретте көмір бәсекелестік ортада болады және мемлекеттік реттеуге жатпайды. 

«Осылайша, көмір бағасының өсуі жылумен жабдықтау қызметтеріне тарифтердің сөзсіз өзгеруіне әкеледі. Жалпы, тарифтердің өсуіне әсер ететін негізгі факторлар: энергия ресурстарының, шикізаттың, материалдардың құнын арттыру, жөндеу жұмыстарын қамтамасыз ету, басқа салаларға мультипликативті әсері. Комитет инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауға ерекше назар аударады. Жыл сайын субъектілердің инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардағы іс-шараларды орындауына мониторинг жүргізіледі. 2021 жылы жалпы сомасы 108 млрд теңгеден асатын инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның аумақтық бөлімшелеріне былтыр 1200 табиғи монополия субъектісінен инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік смета іс-шарасының орындалуы жайлы 2 мыңға жуық есеп келіп түсті. Тексеріс нәтижесінде табиғи монополиялар субъектілері міндеттемелерін орындамағаны анықталды, осыған байланысты еліміздің барлық өңірлерінде жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге 195 табиғи монополиялар субъектісі бойынша уақытша өтемдік тарифтер бекітілді», деді спикер.

Сонымен қатар, жылыту кезеңінде сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, тұтынушыларға жыл сайын артық төленген қаражат қайтарылады. Өткен кезеңнің жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға шамамен 500 млн теңге мөлшерінде қаражат қайтарылды.

Тұтынушыларды газға қосу процесін оңайлату және жеделдету мақсатында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті газға техникалық шарттар алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту бөлігінде бірқатар құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізді. Жеке тұлғалар үшін: 8-дің орнына 4, заңды тұлғалар үшін: 8-дің орнына 5.

«Тарифтік саясатты реформалау үшін табиғи монополиялар инфрақұрылымына инвестициялар тартуды көздейтін және коммуналдық қызметтерді үздіксіз көрсетуді қамтамасыз ететін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидаты бойынша табиғи монополиялар саласын реттеудің жаңа тұжырымдамасы ұсынылады», деп түйіндеді спикер.

Бұл мәселе жайында Энергетика министрі Болат Ақшолақов та пікір білдірген еді. Оның сөзінше, инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет. Соның арқасында жылына қосымша 35 млрд теңге тарту мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл ретте, электр энергиясына тарифтерді тежеу жөніндегі қазіргі саясатта инфляцияның өсуі толық көлемде ескерілмеді, бұл саланың инвестициялық тартымдылығына да әсер етті.

«Осы тәсілді қайта қарау ұсынылады. Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі. Сондай-ақ электр энергиясын сатудан түскен қаражат және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтер есебінен жылу энергиясын өндіруге жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі де қайта қаралуы тиіс.

Яғни, қарсы тоғыспалы субсидиялау алынып тасталуы тиіс. Тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсу ықпалынан қорғау үшін бүгінгі тәжірибені ескере отырып, атаулы субсидиялау шарттары жасалатын болады. Жылу энергетикасының әлеуметтік аспектісін ескере отырып, инвестицияларды тартуды ынталандыратын және инвестицияларды қайтару кепілдігін қамтамасыз ететін гибридті модельді енгізу қажет болады, ол жылу энергетикасын бюджеттік қаржыландырудың қолданыстағы тетіктерінен және меншік иелерінің инвестициялау жөніндегі тиісті міндеттемелерінен тұратын болады», деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде, энергетикалық кәсіпорындар үшін өз активтерін дамыту үшін тарифтерден алынатын қаражаттан басқа, өз қаражатының бір бөлігін салу бойынша қарсы міндеттемелер енгізілетін болады.

Сонымен қатар ұсынылып отырған шараларды толыққанды іске асыру үшін «тарифті инвестицияларға айырбастау» саясаты шеңберінде алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына уәкілетті органның бақылау жүргізу функцияларын қайтару, сондай-ақ салынған инвестициялар шеңберінде қол жеткізілуі тиіс көрсеткіштерді белгілеу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз