Төлем балансының ағымдағы шоты $7,9 млрд профицитпен қалыптасты

Өткен жылдың осы кезеңінде 5,6 млрд АҚШ доллар көлемінде дефицит болған

Төлем балансының ағымдағы шоты 7,9 млрд АҚШ доллар көлемінде профицитпен қалыптасты. Өткен жылдың осы кезеңінде 5,6 млрд АҚШ доллар көлемінде дефицит болған, деп хабарлайды Ұлттық банк.

ҚР ҰБ төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, ағымдағы шоттың теріс сальдодан оң аймаққа өтуі сауда балансы жағдайының жақсаруымен байланысты. Оның сальдосы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,9 млрд АҚШ долларына айтарлықтай жақсарып, 29,3 млрд АҚШ долларын (2,2 есе) құрады. Профициттің өсуі импортқа қарағанда тауар экспортындағы өсу қарқынның анағұрлым жоғары болуына байланысты.

Тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47,9%-ға өсіп, 63,9 млрд АҚШ долларына жеткен. Тауар экспорты сыртқы сұраныстың тұрақты деңгейінен және шикізаттың, әсіресе, мұнай бағасының өсуінен қолдау тапты. Атап айтқанда, мұнай мен газ конденсатының экспорты 63,4%-ға өсіп, 36,4 млрд АҚШ долларын құрады. Өз кезегінде, тауар импорты, 16,4%-ға өсіп, 34,6 млрд АҚШ долларына шықты. Өсім аралық тауар (21,6%-ға немесе 3,1 млрд АҚШ доллар) мен азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарлары (23,2%-ға немесе 1,5 млрд АҚШ доллар) импортының арту себебінен болды.

Жеке тұлғалардың трансшекаралық электрондық коммерцияға және ЕАЭО елдерінен автокөліктердің «сұр» импортына байланысты транзакциялары 2022 жылдың 3-тоқсан қорытындысы бойынша 318,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде интернет арқылы сатып алынған тауарлар импорты 262,1 млн АҚШ долларына теңесті. Ал, 56,7 млн ​​доллар – автомобиль импортына тиесілі. 2022 жылдың 9 айында осы транзакциялар бойынша түзетулердің жалпы сомасы 1,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі де есепті кезеңде 22,5%-ға (немесе 3,7 млрд АҚШ доллары) өсіп, 20,2 млрд АҚШ долларына теңесті. Тауар экспортының өсуі шетелдік инвесторларға түсетін кіріс төлемдерінің ұлғаюымен қатар жүреді. Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 9,0 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдо қалыптасып, сыртқы активтердің таза ұлғаюын және сыртқы міндеттемелердің азаюын көресетті (2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 6,3 млрд АҚШ доллары таза кіріс болды). Қаржы шотының оң сальдосы негізінен мемлекеттік сектордың операцияларымен қамтамасыз етіледі.

Төлем балансы деген не?

Төлем балансы (balance of payments) – резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы белгілі бір уақыт кезеңіндегі экономикалық операциялар жиынтық түрде көрсетілетін статистикалық есеп.   Төлем балансында нақты ресурстардың ағындары (тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты және импорты) және тиісті нақты ресурстарды сатып алу төлемі немесе оларға тәуелді емес қаржы ағындары болып табылатын қаржы ресурстарының ағындары көрсетіледі. 

Стандартты төлем балансы үш бөлімнен тұрады:

  1. Ағымдағы операциялар шоты, резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, бастапқы кірістердің және қайталама кірістердің ағындарын көрсетеді. Ағымдағы операциялар шотының сальдосы экономиканың ішкі жинақ мен инвестициясының теңгерімін көрсетеді;
  2. Капиталмен операциялар шоты, өндірілмеген қаржылық емес активтермен және капиталдық трансферттермен сыртқы экономикалық операцияларды қамтиды;
  3. Қаржылық шот, резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы қаржы активтерімен және міндеттемелерімен операцияларды және нақты ресурстардың экспорты мен импортын қаржыландыру көздерін көрсетеді.

Төлем балансының талдамалық ұсынымында материалдық құндылықтардың қозғалысын және халықаралық резервтердің өзгерістерін қоспағанда, капиталдың барлық қозғалысын көрсететін төлем балансының  баптары жеке топталады. Бұл жағдайда жалпы баланстың теріс мағынасы (төлем балансының сальдосы) халықаралық валюталық резервтердің жинақталуын білдіреді, ал оң мағынасы олардың қысқаруын білдіреді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда